МЫҢ ТЕҢГЕ

Бір зиялы адамның автобусқа қарай асыға басып бара жатқанын жас жігіт көріп тұрған, кенет әлгі кісінің қалтасынан мың теңгелігі түсіп қалды. Жігіт дереу ақшаны ала салып, қозғала бастаған көлікке ол да мінді. Кондуктор да билет үлестіріп, жолақасын алып жатыр екен. Жаңағы ақшасын түсіріп алған адамның қасына келіп тұр. Жігіт ұрлана қарап, оның басқа да ақшасы болар деп ойлаған, бұл ойлағандай болмады, үлкен кісі қалталарын түрткіншектеп түк те таппай қойды, «қалтамда мың теңгем бар болатын, қап, бір жерге түсіріп алғанмын-ау шамасы…»деп қипақтап, қысыла сөйлеп жатыр.
Кондуктор әйел:
«Ақшаңыздың бар-жоғын білмей неге мінесіз, қазір мен тоқтатайын, түсіп қалыңыз» деп жатыр. «Қарындасым-ай, өте асығыс едім, балабақшадан немеремді алуым керек, соған… қап… жә, енді түсірсеңдер түсіріңдер, жаяулап…» деп жатқанда оның жерге түскен теңгесін иемденген жігіт кондукторға тақап:
«Ағайдың орнына мен төлей қояиын, екі адамға билет бере салыңыз» деп лып ете қалды.
Үлкен кісі де бұндайды күтпеген:
«Жоға, неғыласыз?..» десе де бейтаныс жігіттің бұл әрекетіне іші жылып, рахметін айтты.
«Балам, саған Алла риза болсын. Қайда жүрсең де жолың болсын. «Күлсең кәріге күл» дейтін бе еді, біз де үлкейе бастадық қой, ақшамды жоғалттым, не алмай шықсам керек… мен саған ақшаңды міндетті түрде қайтарамын, маған тек телефоныңды беріп кетші, тауып аламын…»деп бәйек, жігіт басын шайқады, болмағасын тез-тез нөмірін айта салды да өзі автобустан түсіп қалды.
«Ол адамға өтірік нөмірді айта салуым керек еді, неге шынымды айттым, жә, ол бәрібір есіне сақтап үлгермеген шығар, мен өте жылдам, және бір рет қана айттым емес пе?!» деп жөніне кете барды.
Арада бірер күн өткенде зиялы адам жігітке телефон шалды:
«Балам, мен саған қарыздар болмайын, ақшаңды ала ғой» дейді, жігіт күтпеген жағдай, басын алып қашпақ еді,
«мен сені көріп тұрмын, бұлай қарсы ұшырасарсың ба, сен қазір жолдың арғы бетінде тұрсың ғой, ал мен немереміз екеуміз саған қарсы жақтамыз, келе ғой, ал ақшаңды, ағаңды күттірме» деп жатыр.
Жігіттің амалы қалмады, әрі жан жүрегін кешелі бері ұят қысып, істеген ісіне өкініп жүрген, мына кездесу оны одан сайын қиын жағдайға салды. Зиялы адам автобустың ақшасын мұның алақанына сала бергенде бұл ұсынған қолын кері тартып алды да, қалтасынан мың теңге шығарып:
«Аға, мені кешіріңізші, мен қате істедім, кеше сіздің артыңыздан келе жатып, қалтаңыздан түскен ақшаны жерден көтеріп алған едім, автобуста сол ақшадан екеумізге билет алдым, мен жақсылық жасап жарытпадым, мен…ұят жасадым, сізден кешірім сұраймын, сол ақшаны тауып алған бойда қайтаруым керек еді, бірақ неге екенін білмеймін, оны салып алғым келді, ал автобусқа амалым жоқтықтан міндім, себебі біз мінген автобус ең соңғысы болатын… солай мен сіздің алдыңызда…» деп жер шұқып, өңі бір бозарып, бір қызарып пұшайман күйге түсті.
Ағай үнсіз тыңдап алды. Сосын немересін жетектеген күйі кете барды. Жігіт артынан тұра жүгірді, кешірім сұрап, көзінен жас та парлап жалынып келеді. Үлкен адам тоқтап, оған қарап:
«Жақсы балам, мен сені кешірдім, сен жаман бала емес екенсің, ұятың бар, оны жоғалтпағансың, өтірік айтуды үйренбе, осы қалпыңнан танба, ал ақшаның қалғанын өзіңде қалдыр… ол кеше жерге түскен сәттен менікі болмаған, ол саған бұйырған, сенің ақшаң, ала бер.»
Жігіт кешіргеніне қуанғанмен ақшаны алмағанына қиналып:» Аға, бұл сіздің ақшаңыз ғой, мен сізге бережақпын қайта…» дейді. Бірақ ағасы асыға басып бара жатып айтты:
«Айттым ғой саған, мен сені кешірдім, және сен маған бережақ емессің. Егер сен сол теңгені тауып алған бойда қайтарғаныңда, онда ол менің ақшам бола берер еді, ал ол сенің қалтаңа түсіп кетті, сол себепті сенікі болып шықты…кешегі мен жоғалтқан мыңдықпен сенің қолыңдағы мыңдық екеуі екі түрлі ақша, олардың серия нөмірлері де өзге… және қалай болғанда да мен сенен бұл ақшаны ала алмаймын… сау боп тұр» деді де қайырылмастан кетті.
Жігіт алақанын алға созған күйі тұрып қалған. «Иә, ол зиялы адам мендей ұрының қолынан қалай алсын… мен ұрлық жасадым ғой…» деп ойланғанша болмады, жел соғып алақанындағы ақшаны ұшырып әкетті. Жігіт тұра қуды. Мың теңге домалаған күйі көшенің қиылысында отырған қайыршының алдына барып шырқ үйірілді… сөйтті де жалаңаш тізесіне жабысып, сытырлап тұра қалмасы бар ма?!. Қайыршының қолы мұндай тез болар ма, оңай олжаны лып еткізіп ала салды да, қойнына тығып жіберді. Жетіп келген жігіт әлдене дегісі келгендей аузын аша беріп, жаңағы зиялы кісі мен немересін тағы жолықтырып үнсіз тұрып қалды. Олар да сол маңнан өтіп барады екен.
«Аға,-деді жігіт,- ақшаңыз менде емес, мына кісіде, осы жаңа ғана жел ұшырып…» деп айтқысы келген, бірақ айта алмады, үлгермеді, үлгерсе де айта алмас еді-ау, немересін жетектеген адам да оны көрсе де көрмегендей тез өте шықты… Жігіттің бойы біртүрлі жеңілдеп қалғандай қайыршыға қарап:
«Сізге оңай олжа бұйырды, қайырлы болсын» деді де күлімсіреп өз жөніне ұзай берді… Ал қайыршы қойнына тыққан мың теңгесін жаймен суырып, күннің көзіне тосып, барлай қарап жатыр, «бұл өзі шын ақша ма, әлде қулар мені алдап…»дейтіндей көзінде ой бар… Дұрыс ақша екеніне әбден көзі жеткенде жігіт кеткен жаққа қарап:
«Рахмет» деді…
Мұнайдар Балмолда