ҚАЗАҚ ЖАС ТУЫЛҒАН СӘБИДІҢ ЖОЛДАСЫН ТАСТАМАҒАН

✅Қазақ бала жолдасын тастамай, екі асық қосып, киіз үйдің табалдырығының астына көмеді. Бұл асық ойнайтын бала жалғассын деген тілектен туған ырым.
✅Бала тоқтамаған жағдайда бала жолдасын киізге орап, молдаларға оқытып, күлдіреуішке (шаңырақ ортасына) бала жеті жасқа келгенше іліп қояды. Бала жетіге толған соң, «садақасын» беріп, бала жолдасы салынған киізді ұлы жолдың бойына апарып көміп ырым жасайды.
✅Баланы қырқынан шығарып, ит көйлегін ауыстырғанда оны бойына бала бітпей жүрген әйелдер арнайы сұрап алатын ырым бар. Оларға баланың анасы ит көйлекті бүтіндей бере салмай, жыртып береді.
✅Баланың тісі түскенде, оны кесек ет, май немесе бауырсаққа қосып, тісі иттің тісіндей өткір, мықты болсын деп итке асатады. Сонымен қатар, көктей болып өссін деп түскен тісті жеміс ағашының түбіне көмеді, таудай болсын деп тауға қарата лақтырады.
✅Бала тісі періште бұйымы ретінде есіктен кіретін түрлі пәле-жала, қаскөй күштерден қағып тұрады делініп, есік жақтауы арасына да қыстырылады.
Әзірлеген: Бүркітбаева ГҮЛГАУҺАР
Орталықтың ғылыми қызметкері.
Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығы