Мал дәрігері – сұранысқа ие мамандық

Ауылдағы ветеринарлардың телефонына тыныштық жоқ. Бірі сиырыың іші кеуіп шақырса, енді бірінің жылқысы шершеу болып қалғанын айтып мазалайды. Сенбі-жексенбі, күн-түнге қарамайды. Көктем шықса болды, тізеден қи кешіп, елдің қорасынан шықпайтын да сол баяғы қарапайым мал дәрігерлері. Уақытылы екпесін егеді, қанын алады.
Жылы үйде ет жеп, қымыз ішіп жатқанды кім жек көрсін. Ауылдан айран-сүті, ет-майы келіп жатса, қалалықтардың «қағанағы қарық, сағанағы сарқ». Дастарқанымыздан үзілмейтін сол ауылшаруашылық өнімдерінің сапасын айтамыз, тікелей ветеринарларға байланысты екенін кей-кейде естен шығарып аламыз-ау.
Ауданымызға қарасты Қайрат ауылының азаматы Ерлан Құрал 26 жаста. Оның мал дәрігері болып еңбек етіп келе жатқанына бес жылдай уақыт болған. Ауыл тұрғындары да Ерланды жақсы таниды. Білікті маман екенін де біледі. Ерлан №2 Мыңбұлақ орта мектебінің түлегі. Ол Алматы қаласындағы Қазақ Ұлттық аграрлық университетін «Ветеринариялық медицина» мамандығы бойынша тәмамдаған. Жоғары оқу орнын бітірген жас жігіт ауыл халқының игілігі үшін жұмыс істеп, халыққа қызмет көрсету үшін ауылына қайта оралады. Осылайша ол Ақсайдағы ветеринариялық стансаға фельдшер болып жұмысқа орналасады. Кейінгі жылдары мал дәрігері, ведпункттің меңгерушісі болып қызметтер атқарады.
Бүгінде ол Ақсай ауылдық округіне қарасты ветеринариялық пункттің меңгерушісі болып еңбек етеді. Қарамағында үш қызметкер бар. Атап айтар болсақ, Нұрхат Керімқұл – мал дәрігері болса, Арыстан Өтебай мен Балжан Бүркіт ветеринариялық фельдшер болып жұмыс істейді. Қызметкерлердің барлығы білікті әрі жұмысына аса жауапкершілікпен қарайды. Мал дәрігерлерінің жұмысы таңғы сағат 9:00-ден кешкі сағат 18:10-ға дейінгі аралық. Түскі үзіліс уақыты – 13:00-ден 14:30-ға дейін.
– Қыстыгүні мал аурулары көп болмайды. Біз малға екпе егу жұмыстарын көктем және жаз айларында бастаймыз. Қазіргі уақытта ауылдық елді мекендер тұрғындарының малы төлдеп жатыр. Мұндай кезде күндіз болсын, түнде болсын тұрғындардың шақыртуымен үйлеріне барып, малдың ауруларын анықтап, қажетті дәрілерін жазып беріп отырамыз. Бізге берілген арнайы форма да бар. Ақсай ауылдық округіне қарасты Қайрат және Диқан ауылдарына қараймыз. Бұл күнге дейін ауыл тұрғындары тарапынан ешқандай шағым айтылған жоқ. Мұның өзі біз сияқты мал дәрігері үшін үлкен қуанышпен тең. Ауыл халқының алғысын алғаннан артық бақыт жоқ шығар, сірә, – дейді Ерлан Нұрбекұлы.
Жас маманның айтуынша, мал дәрігері болу оның бала кезгі арманы екен. Жастайынан төрт түлікке қарап, ауру белгілерін анықтап, оны қалай жазуға болатынын оқып, қызығып өскен ол бүгінде арманына қол жеткізген десек, артық айтқандығымыз емес.
Ол диқандық тәжірибелі мал дәрігері болған Қамбар Күдериевтен көп сабақ алғанын айтып, алғысын жеткізуді де ұмытпады. Ендігі мақсаты – жұмысқа тиянақты қарап, ауыл халқының алғысын алып, пайдасын тигізу. Одан бөлек шаңырақ көтеріп, ата-анасының қолын ұзартуды да алдына мақсат етіп қойған екен.
Иә, Ерлан сияқты өз жұмысына ұқыптылықпен қарайтын жастар қоғамға әр кез пайдасын тигізетіні белгілі. Ал осындай белсенді жастардың арқасында аймақтың дамитыны айтпаса да түсінікті. Қазіргі кезде мал дәрігеріне сұраныс өте жоғары. Бұл мамандықты таңдайтын жастардың да қатары күрт азайған. Барлығы қалада жұмыс істеп, сот, прокурор, мұғалім немесе басшылық қызметте отыруды армандайды. Алайда ауылдың жағдайын да ойлағанымыз дұрыс болар, құрметті жас оқырман. Сұранысқа ие мамандықты таңдай білгеніміз абзал.

Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
журналист,
Жуалы ауданы