ӘДІЛДІКТІ КҮТКЕН АУЫЛДАР

Ұлықтау рәсімінде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев:
“…Бүгінде Қазақстан халқының 40 пайызға жуығы ауылда тұрады. «Ауыл – ел бесігі» деп халқымыз бекер айтқан жоқ. Сондықтан, ауылдағы жағдайды жақсарта алмасақ – бәрімізге сын”, — деп, жаңа президенттік мерзімінің алғашқы Жарлығын ауылды дамыту мәселесіне арнағаны белгілі. Үкіметке нақты жоспар әзірлеуді тапсырды.
Осы бағытта жүйелі жұмысты саяси партиялардың ішінен бірінші болып “AMANAT” бастап кетті. Ақтөбеде өткен жиында партия төрағасы Е.Қошанов Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған “Ауыл аманаты” жобасының былтыр Жамбыл облысында пилоттық деңгейде табысты жүзеге асқанын, ал биылға — 52 миллиард теңге, жалпы алдағы жылдарға — 1 триллион теңге қарастырылғанын атап көрсетті. Бұл ауыл шаруашылығы саласында 350 мыңнан астам сапалы жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, “АМАNАТ” партиясы өңірлік филиалдар жанынан жобалық кеңселер құрып, әдістемемен қамтамасыз ету, азаматтар мен әкімдерді оқыту, өтініштерді қабылдау және арнайы цифрлық платформа арқылы несеие беру, қаржы бөлуді ұйымдастыру барысын қадағалайтын болады.

Шынын айтқанда, көптен әділдікті күткен ауыл тұрғындары үшін, шаруаларға деген жаңа көзқарас қалыптасатынын жан-жақты түсіндіріп, иландыру арқылы олардың сенімін қайтару оңай іс емес. Сондықтан, партия өкілдері мен оның жақтастары, жергілікті атқарушы органдар осы маңызды жобаны халыққа сөзбен емес, нақты іс арқылы насихаттауға тиіс. Сонда ауылға да, ауылдың үнін естіп, “Ауыл аманаты” бастамасын қолдаушыларға да қиянат болмайды.

Дархан МЫҢБАЙ
#amanat