ЖҰБАТУ…

Біздің Тауелібай елінде (Өзбекстанның Тамды ауданында) Сәрсенбайдың Жүнісі деген ақын, шежіреші кісінің жалғыз ұлы, үйленбей тұрып қайтыс болып, қайғыға батып жатып қалыпты.

Көңіл жабату үшін қаншама сөздер айтылады, сөздің небір баскөтертері айтылса да, қайғысы басыла қоймапты. Елдің соңына қарай не ұлы жоқ, не қызы жоқ руы Шөмекей-Бозғұл-Шобдар Жайлыбай деген кісі келіпті.

Қайғының қасіреті Жүніс ақсақалды еңсеріп, елге қарауға да шамасы келмей жатқанда. Жайлыбай ақсақал: » Уа Жүніс, Құдай қайғы салды, сен көтересің, өзі берді, өзі алды. Шүкіршілік ет. Алла маған кемтар болсада бір перзент бергенде қуанар едім, қуанудың не екенін білер едім.

Оның өмірін қысқа қылып қайтарып алса, қайғырар едім, қайғының не екенін білер едім.
Сен балалы болдың қуандың, қуанудың не екенін білдің.

Балаң қайтты қайғырдың, қайғының не екенін білдің. Мен ештеңе сезбей де, білмейде өтіп барам.

Ал сен Алланың берген нығметіне шүкір қыл. Сенің жұбанышың бар ғой, сағынсаң басына барып, сағынышыңды басасың, қайғыңды жеңілдетесің, мына мен де, сағынатын да, сағынғанда басына баратын да жоқ қой» деген екен.

Сол кезде, Жүніс ақсақал; «О, Алла, мені кешіре гөр» деп, басын көтеріп, елге қараған екен.

Оңдасын Оразов.