Қызғалдақ өсіріп, «миллионер» атанған Әнуар

Елімізде гүл өсіретін шаруашылықтар аз екені және гүл нарығын шетелдік өнім жаулап алғаны жайлы аз айты­лып жүрген жоқ. Десе де, бүгінде гүл, соның ішінде қызғалдақ бизнесінің көркін қыздырып жүрген жандар бар. Соның бірі – жас кәсіпкер Әнуар Қазиев. Алматы облысы Райымбек ауылының тұрғыны осыдан бес жыл бұрын жылыжай салып, қызғалдақтың түр-түрін еккен. Бүгінде табысы жақсы болғанмен, тәуекелі көп жолды таңдағанына еш өкінбейді.

18 жасымда алғашқы миллионымды таптым

Жеке кәсібін он сегіз жасында аш­қан Әнуар алғашында түр­лі жоспары болғанын айтады. Алай­да түрлі идеяның ішінен көңіліне қон­ғаны қызғалдақ бизнесі болыпты.
«Сулейман Демирел университеті Биз­нес мектебінің студенті едім. Бі­рінші курсты бітірген кезде жеке кә­сіппен айналысқым келді. Сөйтіп, жан-жақтан бизнеске байланысты дү­ниелерді зерттеп, іздене бастадым. Бірақ ешбірі көңілімнен шықпай қой­ды. Әкемнің досы жылыжайда қыз­ғал­дақ егетін. Біздің жап-жасыл бағы­мыз­ды көрген сайын «Мына жерге жы­лыжай салыңдаршы, қызғалдақ өсіру­ді үйре­темін» дейтін. 2018 жы­лы сөзіне құлақ асып, жы­лы­жай салдық. Өмірде біз күт­пеген жағ­дай­лар болады емес пе? Егу үшін Гол­лан­­дия­дан қыз­ғал­дақ тұқы­мын алдырт­қан кезде «Гүл өсіруді үйре­те­мін» деген ағам өмір­ден озды. Бұған де­йін бақ­ша­да қы­за­нақ, бұрыш, қияр ға­на егіп жүрген мен қолым­дағы он мың қызғалдақ ба­да­насын не іс­терімді біл­ме­дім.

Бұл істі үй­ре­­тетін бас­қа еш­­­­кім жоқ еді. Со­дан кейін «Тұ­қы­мын алдыр­тып қой­дым, енді қа­лайда өсір­уім ке­рек» деген оймен ма­мандардан кеңес алып, интернеттен қа­рап, кітап оқып, біраз із­дендім», – деп еске ала­ды кейіпкеріміз.
Қызғалдақ өсіріп, «миллионер» атанған ӘнуарАлғашқы үш айда қалай бо­лар екен деген уайыммен жүр­ген ол гүл өсіп шыққанда қат­ты қуанады. Қыз­ғалдақты күн бат­қанда жинау керек екен. Содан са­бақтан келген соң жы­лы­жайға кіріп, таң­ғы сағат 4-5-ке дейін гүл жинайды. Екі-үш сағат қана ұйықтап, қайтадан са­баққа барады. Енді оны «Қыз­ғал­дақты жинап біткен­нен кейін кімге са­тамын?» деген сұрақ мазалай бас­тай­ды. Алайда көп өтпей таныстары гүл­ге тапсырыс беріп, ха­бар­ласады. Артынан жан-жақтан тапсырыс түсіп, қыз­ғалдақтың бәрі сатылып кетеді. Осы­лайша, Әнуар алғашқы мил­лио­нына қол жеткізеді. Содан кейін қыз­ғалдаққа деген қы­зы­ғушылығы одан әрі артып, жы­лы­жай­дағы жұмысын жал­ғастырады.


Қызғалдақ өсіріп, «миллионер» атанған ӘнуарҚызғалдақ тұқымының мыңдаған түрі бар. Кәсіпкер бұл жағынан әсіресе Гол­ландияда таңдау көп екенін айта­ды. Ал өзі қызыл гүлден алынған бар­­­лық се­лекция түрін егіп, одан түрлі түс шы­­ғарады екен. Мәселен, қазір 4,2 со­­тық жерге жиырма екі түсті қыз­ғал­дақ еккен. «Алуан түсті болғаны жақ­сы. Адамдар ішінен ұнаған түсін таң­­дайды» дейді ол. Айтуынша, елі­міз­де селекциямен, тұқым ша­руа­шы­лы­ғымен ешкім айналыспайды. Бұл бір жағынан диқандарға тиімсіз, өйт­кені қымбатқа түседі. Бизнес тұр­ғысынан қарағанда, жақсы табыс табу үшін өзін­дік құнын түсірумен ай­на­лысу қа­жет. Сондықтан әзірге шетел­ден ал­дырған ыңғайлы болып тұр.
Дегенмен Қазақстан топыра­ғын­да өскен гүлдерге сұраныс жоғары. Гүл саудасы әсіресе 8 наурыз қар­саңында қыза түседі екен. Сон­дық­тан гүл өсірушілер өнімін осы уақытқа дайындайды.
«Ақпан айының ортасынан бастап гүл жинаймыз. Жұмысты таңғы сағат 6-дан бастап, түнгі сағат 2-3-ке дейін жал­ғастырамыз. Гүл отырғызатын жә­не жинайтын кезде жұмысшы жал­даймын. Қазан айында егіліп, ақ­пан­ның ортасында гүл өсіп дайын бо­ла­ды. Биыл 64 мың түп гүл ектім. Жы­­­лы­жайға кіргізгеніме бір апта ғана бол­ды. Гүл наурыз айында толығымен дайын болады. Бірақ қазірдің өзінде гүлдерімнің тоқсан пайызы өтіп кетті. Нақ­тырақ айтсам, 55 мың гүлге алдын ала тапсырыс беріп, қаржысын төлеп қой­ды. Жеке адамдар, мекемелер, гүл са­татын дүкен иелері осылай ерте тап­­сырыс беріп қояды. Бұл оларға тиім­ді. Өйткені бізден көтерме бағамен 300-350 теңгеден алса, оны 8 нау­рыз мерекесінде 1 000 теңгеден сатуы мүмкін. Бірі көшеде, енді бірі дү­кенде сатады. Ал біз гүл санын кө­бейтумен ғана айналысамыз», – дейді Әнуар.

Адамдарға қуаныш сыйлаймын

Кәсіпкер алғашында жы­лы­жайды үйдің жанынан салса, енді оны кеңейтіп, тағы біреуін қос­қан. Жылыжайға гүлден бөлек, кар­топ, қияр, қызанақ егеді. Қазір Ал­ма­ты­дағы қазақ ұлттық аграрлық уни­вер­ситетінің ма­гистратурасында ауыл шаруа­шы­лығын басқару ісі маман­дығы бойын­ша білім алып жүрген Әнуар әлі де түрлі тәжірибе жасап, жы­лыжайда кө­көніс, гүл егу техно­логиясын зерт­теп жүр.
Қызғалдақ өсіріп, «миллионер» атанған Әнуар«Қызғалдақты еккенде қаперімізге алатын дүниелер бар. Мысалы, тұ­қымын отырғы­зар­да қабы­ғы­­ның астындағы «балаларын» алып тастау керек. Гүлді жылыжайға кіргізгенде ол негізгі гүлмен жағаласып өсіп, көп күш алып кетеді. Сондықтан осы дүниені ескерген дұрыс. Содан кейін тамыр шығатын жерді зақымдап алмау керек. Өзім қызғалдақты отырғызбас бұрын дезинфекция жасап, дәріленген ваннаға 15-20 минутқа салып аламын. Неге дейсіз ғой? Өйткені қызғалдақтың түрлі ауруы болады. Соның алдын алу үшін жасаймын. Осыдан кейін то­пырақ салынған жәшікке отыр­ғы­замыз. Жәшіктерге құм себіліп, суа­рылғаннан кейін мұздатқышқа сала­мыз. Онда тоғыз градус температурада сақтаймыз», – дейді ол.
Бүгінде жас кәсіпкерден кеңес сұрайтындар аз емес. Ал ол бір­ден тез баюды ойлап, заманауи жылы­жай салып, көп ақша жұмсаудың қажеті жоқ деп есептейді. Айтуынша, осы кәсіпті жақсылап үйреніп алу үшін аз қаражат салып, қарапайым жы­лыжайдан бастаған жөн. Ең бас­тысы, көбірек әрі сапалы өнім алуға ұмтылу керек. Сөйтіп, жылдан-жылға кәсібіңді кеңейтіп, өнім көлемін арттыруға болады.
Жас кәсіпкер алдағы 2-3 жыл­дық жоспарын жасап қой­ған. Енді кәсібін кеңейтуді қолға алып жатыр.
«Бұл – тиімді бизнес. Олай бол­маса, бұл іспен айналыспас едім. Мы­салы, бұл жерге басқа көкөніс егіп
4 мил­лион тапсам, қызғалдақ егіп,
6 мил­лион таба аламын. Биыл 17 мил­лион таза табысты жоспарлап отыр­мын. Оның ішінде инвесторға қай­тара­тын қаржы бар. Бір сөзбен айтқанда, бұл іспен айналыса жүріп адамдарға қуаныш сыйлайсың әрі табыс та табасың. Ең бастысы, ерінбей еңбек етсең, оның қайтарымы болады», – дейді кәсіпкер.

Эльмира ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ