ҚАСҚЫР СОҚҚАН ҚЫЗ

Заманның тыныш, қойшылар алты ай қыстан аман шығып, көктемде малын төлдетіп, жайлауға қарай көшіп жатқан шағы. 1989 жылдың маусым айының мамыражай күндерінің бірінде Өміртайдың отбасы Саурық жайлауына көшті.
Жалғыз ұлы Ғалымжан қызметінен босай алмай колхоз басында қалып, көште қыздары Ақмарал, Жансая, Ақнұр немерелері Ерлан мен Ержан бар. Ол кезде қазіргідей көп көлік жоқ.
Колхоздың жалғыз көлігі «КАМАЗбен» Нұрғазы бала-шағаны көшіріп әкеп тастады. Шағын ғана күркені құрып беріп, отағасы кемпірімен малды қайыруға кеткен.
Балалар әдеттерінше көшіп кеткен қойшылардың қоныстанған жерлерінен қалған-құтқан бөтелкенің қақпағы, кәнсервінің ыдысы, сыңған кеселерді жинап, калошты машина қылып ойнап жүр.
Күн шыжып тұр. Бір мезетте алаңсыз өзен жағасында тұрған үйір жылқы кісіней, жан-жаққа үркіп, қаша жөнелді. Жылқылардың арасынан еңгезердей сұр қасқыр шыға келгенде балалар «ойбай, қасқыр» деп үйге қарай тұра жүгірді.
Үрген итке, «айт-шу» деген айқайға қарамаған қасқыр, есік алдында жүрген ақсақ, аурушаң қойларға бас салды. Балалар зәре-құты қалмай, үйдегі үлкені Ақмаралдың артына кеп тығылды. Ақмарал балалар мен жаңа туған бұзауды күркеге қамап, өзі ескі сандықта жатқан ораулы мылтықты алып шықты.
Қаруды оқтай алмай, балаларға ұрысып жүр «көкем, оқтағанда қасында отырасыңдар, үйреніп алмайсыңдар ма?!» деп. Үлкені 7 жастан енді асқан балалар оны қайдан білсін?! Әупірімдеп жүріп оқтап, зілдей қаруды көтеріп шығып, қасқырды атты.
Бұл кезде атың өшкір қасқыр бірнеше қойды жаралап үлгерген. Атқан үш оғы да қасқырға тимеді. Гүрс еткен оқ дауысы жер жүзіне естілгендей болса да, қасекең үркер емес. Бір қойдың алқымынан алып, біреуін санынан тістеп, құйрығын жұлып, қырып барады.
Бірнеше күн дым жемеген ол мол асқа кезікті. Тойымсыздықтан арс-арс етіп, бәрін жегісі кеп барады. Жылқыға да шапты. Айқай-шуға қарамайды. Үйде үлкендердің жоғын білді ме, қыздардың айқайына пысқырмады.
Қасқырдың аш, жемтігін көріп, көзі тоймай бара жатқанын көрген Ақмарал қаймықпай қасқырға жақындап, мылтықтың дүбімен басынан бір ұрды.
Қатты ұрса керек, шәңк еткен дауысы шықты да сұлқ түсті. Үлкен балтаны алып келіп, қасқырдың басынан ұра берді, ұра берді. Жансаяға шөп айырды әкелтіп, ішіне тықты. Қорыққаннан көзі көрмей қалған қыз ұрып-ұрып қасқырдың басын мыжып жіберді.
Қостың тесігінен сығалап тұрған балалар қасқырдың өлгенін көріп, далаға шықты. Үрпиісіп, бір-біріне қарайды. 4-5 жастағы екі ұл жылауға қорқып тұр, тек мұрындарын ақырын білдірмей тартып қояды. Қасқыр өлгесін бе айнала тып-тыныш. Жылқы мен
қой да өлген қасқырға қарап қалған. Көк шыбынның ызыңы ғана қыздардың есін жиғызды.
Мал колхоздыкі. Саны жазулы. Ол кезде бір малыңды қасқыр жесе ауыл басшысы алдында есебін беру міндет. Аптап ыстықта өлген мал демде құрттап, сасып кетеді. Колхоз басшысының есебіне керек деп Ақмарал қолына пышақ алып, өлген қойлардың терісін сыпырып, артқы сандарын кесіп алды.
19 жастағы қыздың ойына бұл қайдан келді?! Айнаға қарап, шашын тарап отыратын жаста, жас қыз бүтін отбасын аман алып қаламын деп қам жасап жүр. Үйдегі кісілердің істегенін көріп, үйреніп, әр сөзін құлаққа құйып, ойға түйіп отыратындығы ғой.
Кеш батып, ауылға оралған сиырлар қанды көріп, өкіріп, жайлау азан-қазан болды. Малды айдап келген Өміртай мен Кәтен өліп жатқан қасқырды көріп, таспен атқылай бастады. «Ол өлген, өлген» деп балалар шуылдағанда «астапыралласын» айтып, бас киімін шешіп әкелері жерге отыра кетті.
Ащы өксік қысса да, тістеніп жүріп қасқырды өртеп жіберді. «Жөпелдемеде балаларымды қырып кете жаздады-ау» деп өлімтікке түкіріп қояды. Кәтен шешей жылап, жеті нан шелпек пісірді.
Колхоз басына жеткен бұл оқиға, ондағы басшыларды жай отырғызбады. Дәрігерлер келіп, екі күннен соң Ақмаралды ауруханаға алып кетті. Қасқырдың бас сүйегін де зертханаға жіберді. Яки, сау қасқыр жас қызға алдырмайды. Бұл ауру, құтырған қасқыр болуы мүмкін…
Ақмарал Жезді ауданындағы орталық ауруханада бір ай жатты. Құтырған қасқырдың дерті жұқты ма деген күдік басым дәрігерлерде. Алматыға жөнелтілген қасқырдың басын сараптама сау екендігін көрсетіп, қыз ауруханадан шықты.
Бұл кезде қасқырдың қанына аузы тиген ауылдағы иттерді де аттыртып тастау керек деген бұйрық жеткен. Мылтығына жармасқан екі ұлды атасы қолымен итеріп жіберіп, бар бәле осымен кетсін деп атып тастады.
Үй іргесіне келген киікке тиіспейтін аталарының бұл ісіне таңқалған Ерлан мен Ержан өздері «Киконка-Кшконка» деп атап кеткен екі күшікпен қимай, жылап қоштасты.
Қасқыр соққан соң ауыл адамдары тұрмақ, кейбір туыстары да Ақмаралға үрке қарасқаны өтірік емес. «Құтырған» деп көбі алыстан жүрді.
Үйдегі балалар мен колхоз малын аман алып қалу үшін аш қасқырмен арпалысқан оған ешкім алғыс айтпады. Туғаннан ер мінезді болып өскен, алып-қашпа сөзді көңіліне алмайтын ол жұрттың «пыш-пышына» мән бермеді де.
Осындай шу болып жатқан кезде Ақмаралдың әскердегі жігіті оралды. Қуаныш автобустан түсе сала, болашақ жарының үйіне қарай жүрді. Сүйіктісінің жалғыз өзі қасқырды алып соққанына риза болып келеді.
Көп ұзамай Қуаныш пен Ақмарал отау құрды. Бүгінде екеуінің шаңырақ құрғандарына 30 жыл. Ақмарал дүниеге бес сәби әкелсе де, бала тұрақтамай, біреуінің ғана қызығын көру бұйырған екен. Қызы Сандуғаш жолдасы Медетпен әке-шешесін бағып, үлде мен бүлдеге орап отыр. Сол кезде мал мен жанды өлімнен алып қалған мылтық қарашаңырақта тұр. Дүбі майысқан.
Қазақ қызының қайсарлығын, адамның жаны сір, кез-келген тығырықтан шығар жол болатындығын, мемлекет алдында жауапты екендігін білген жас қыздың жауапкершілігін көрсететін бұл әңгіме көптен ойымда жүрді.
Оқиға 1989 жылы маусым айында Ұлытау ауданы Қарақұм ауылы маңындағы Саурық жайлауында болған. Ақмарал Саринова жақын күндері 50 жасқа толады.
Отыз жылдан кейін сол кезді есіне алып бір күлсе, қаршадай қыздың қасқыр соққан ерлігі жайлы жұрт білсе екен деген ниет қана бізде.

Гүлден ЖАНДИЛЬДИНОВА.
Қайрат Нұрлықасымұлы парақшасынан.