Ресейдің атақты заңгері Фёдор Плеваконың анасы Алма (Өлмесек) Алдарқызы туралы
Ресейдің белгілі заңгері Фёдор Плевако Орта жүз қазақтарының Қарабалық қыпшақтары жерінде Алаш жұрты Мұнанай не Мағынай деген атаумен белгілі қазіргі Ресейдің Челябі облысының Троицк қаласында дүниеге келген.
Қала қазақ шекарасынан 6 шақырым қашықтықта ғана тұр. Бірақ, тақырып қала туралы емес, тіпті, Фёдор Плевако жөнінде де емес, өзгенің тұтқынына түсіп, жастайынан қиыншылық көрген қазақ қызы Алма (Өлмесек) Алдарқызы туралы болмақ.
Алма Алдарқызы Торғай облысы Қостанай үйезінің Шұбар болысының 7-ші ауылында дүниеге келген деп есептеледі, әкесі Алдар бай һәм батыр болған кісі деседі.
Еміс-еміс есінде қалған өз өмірі туралы Алма қартайған шағында былай деп айтады екен: «Біз киіз үйде тұрған едік, Троицкіге жақын маңда өмір сүрдік. Әке-шешем бақуатты адамдар болатын, киіз үйіміздің іші сән-салтанатты еді. Үйімізде қылыш, мылтық болатын. Ал, өзім үлде мен бүлдеге бөленген едім».
Міне, тарихтың тәлкегімен сахарада еркін өмір сүрген қазақ қызы жаугершілік заманда жау қолына түседі. Бір ақпаратта оның (Алманың) әке-шешесі (ауылы) жаудан қашқан кезде киіз үйден (бәлкім арбадан) түсіп қалғаны туралы айтылады.
Меніңше, оның ауылының шекара бойында орналасқанын ескеріп, қандай да бір себептермен кішкентай кезінен Троицк қаласында күңдікте жүргенін көреміз.
Меніңше оның себебі 1737 жылы орыстың қатын патшасы Анна Иоановна қазақ балаларын құлдыққа сатуға рұқсат беріп, орыс казактарының іргедегі қазақ ауылдарына шабуыл жасауларынан деп ойлаймын.
Тіпті, бұл дәстүр одан әрі жалғасып, 1808 жылы Александр Бірінші патша аталған жарлықты заңдастырады. Ал, Ресейде крепостнойлық (басыбайлық) құлдықтың 1861 жылы ғана жойылғаны белгілі.
Екінші, оның есімі Алма болды деп ойлаймын. Ал, Өлмесек есімінің шығуына байланысты екі нұсқа бар. Бірінші, талай қиын-қыстау заманды, қиыншылықты көріп, есімі Өлмесек (Өлмес) аталуы мүмкін. Екінші нұсқа, оның отбасында (Алдар әулетінде) ұл бала болмай, ырымдап, Өлмесек қойылуы мүмкін.
Қалай десек те кейін оның (күшпен) шоқындырылып, Екатерина Степановна болғаны, сол есім-сойымен тарихта Фёдор Плеваконың анасы екендігі хатталып қалады.
1842 жылы Фёдор Плеваконы туған болса, оның жас шамасын бағалай беруге болады.
Яғни, деректерге жүгінсек, Алманың шамамен 1816 жылы туып, 1883 жылы қайтыс болғанын көреміз. Алма Алдарқызы бес бала туып, оның үшеуі шетінейді. Ормандай орыс арасында небір қорлықты, кемсітушілікті (Фёдор Плевако да жастайынан небір зәбірлерді көреді) көрген ол ызадан, амалсыздан жас сәбиін суға лақтырып жібермекші болады.
Сонда, шақалақ Фёдор жылағанда дауысы атырапқа естіліпті деседі. Қорғансыздың күнін көрген Алма Алдарқызы (Екатерина Степановна) ері Василий Иванович Плевакпен заңды некеде болмайды.
Бір жағынан Плевактың өзі де қорлық-зорлық көрген Польша азаматы болса керек, оның Троицкіге қалай және қашан келгені белгісіз.
Дегенмен, мұңдастар бір-біріп тапқан сияқты. Алайда, крепостнойлық (басыбайлық) құлдық қоғамға сәйкес Алма мен Василийдің балалары заңсыз (некесіз) туған деп саналып, Дормидонттың (Алма мен Василийдің үлкен баласы) кіндік әкесі Никифордың есімі Дормидонт пен Фёдордың әкесінің есімі болып, ал, Никифордың тегі Николаев екі ұлдың тегі болып тіркелді.
Дегенмен, кейін олардың Плевак, дұрысы Плевако болып жазылғанын көреміз.
1851 жылы Алма Алдарқызының күйеуі Василий Ивановичтің доғарысқа кетуінен кейін олар (Плевако) отбасы Мәскеуге көшіп келеді. Алманың және оның балаларының бала жастан көрген қорлықтары мұнда да қайталанады.
Алма мен Василийдің ұлдарының түрінен нағашы жұртына тартқаны білініп тұратын. Дегенмен, мұнда да өзі де балалары да небір қорлық пен зәбірді, кемсітушілікті көргеніне қарамастан, ол күйеуі Василий Ивановичке сүйеу бола білді.
Алма Алдарқызының Троицк мещанкасы, ал 1863 жылдан Мәскеу мещанкасы және Мәскеу көпестігіне тіркелгенін, сондай-ақ, 3-ші көпес гильдиясы бойынша есепте тұрғанын көреміз.
Алма Алдарқызы туралы қысқаша дерек бергендегі мақсат, оның қиын да күрделі өмірін көрсету, отарлық жүйенің кезіндегі қазақтың бір қызының тағдыры туралы жеткізу ғана!
Фотода: Ф. Н. Плеваконың анасы Алма Алдарқызы (Екатерина Степановна)
Сурет: Ресей мемлекеттік жария тарихи кітапханасының мұрағатынан алынған
Әмірхан Әмірхамзин.
- Шайпау қатын
- ҰЛДАН ЖӘНЕ ҚЫЗДАН ӨРБІГЕН ҰРПАҚ ҚАЛАЙ АТАЛАДЫ?