ТОРЫ АЙҒЫРДЫҢ ТОСЫН МІНЕЗІ
-5-
Зәресі зәр түбіне кеткен інісі Торы айғырды мініп кеткен Орекеңді іздеп шығады. «Бұрқаған боранға қарамай ауылға шығып кетіп, орта жолда азынаған айғыр тулап жығып жазым етсе, өкініші кетпейді-ау» деген күдік жанын жеп барады. Жүгере басып, барады-ау деген үйлерге бас сұғып, ауыл ішінен сұрастыра бастайды. Бір кезде «ух» деп жүрегі орнына түсіп отыра кетеді. Көргендер бар. Дін аман.
Айтушылардың сөзіне сенсе, аяғын алшаң-алшаң тастаған торы айғырдың үстінде Орекең айбаты асып, аруақтанып алған көрінеді. Ешкімді көзіне ілмеген. Пысқырып та қарамаған.
Астындағы айғырдың желігі ме, іштегі «қызудың» әлгі ме, кім білсін, үстіндегі пальтосының екі өңірі далиып, құлақшынның екі құлағы жарбиып кеудесі көріктей көтеріліп, торы ат желігенде кең пальтоның қос етегі қанаты сынған қарақұстай далақтай беріпті.
Орекеңнің торы айғырдың үстіндегі қақшиған отырысын кинодағы Чапаевқа ұқсатқандар кездесіпті. «Заманы туса ел бастайтын азамат қой! Пах-пах-пах! Тіл көзден аман болсын, әйтеуір. Ер ғой, Орекең, ер ғой! Еркін ғой, Орекең, еркін ғой! Жарғақ құлағы жастыққа тимей, ауылдың қамын жеп жүрген ел ағасына бәрі жарасады. Шаршағанын басып жүр-ау» десіпті.
«Әттең, әттең басындағы құлақшынды папахқа, қолындағы папканы қылышқа, астындағы торы айғырды — ақбоз атқа алмастырғанда; қыр мұрынның асты мен жоғарғы еріннің үстіне ұшы сүйір қияқ мұрт біткенде Иваның садаға кетсін, Орекеңнен» дегендер де табылыпты.
Ел болғасын Орекеңнің еркіндігіне біреу сүйініп, біреу күйінгені анық. Шындық үшін төңкеріс жасауға дайын Орекеңнің Василийевичтен несі кем?
Ивекең казактарға атаман болып, большевиктер құрамында ақтармен соғысса, Орекең тәуелсіз елдің жарқын өмірі үшін тоғышарлармен күресіп жүр. Әркімнің өз шындығы бар. Күрестің жолы да әрқилы…
Інісі сабылып іздеп жүргенде Орекең оқтай атылып тұрған торы айғырмен үш-төрт үйге кіріп шықса керек. Көп шаруасы жоқ, «амандық-есендік» білу үшін ғана… аз-кем аялдап дегендей…
Тепсе темір үзетін жігіттер мінуге қаймығатын торы айғыр да адамына кездеспей жүрген жануар екен. Қай үйдің алдына ойнақтап барса да, Орекеңнің ырқына бағынып, шалт қимылынан үрікпей, керіліп мініп, кербезденіп түскенінен шошымаған.
Орекең әр үйден сөйлеп шығып, шимайланған шылбырды кіжініп шешіп жатқанда да осқырынып көткеншектемеген. Тек, Орекең жақтан боран ұйытқығанда ғана «бөтен иістен» кіді алып бірнеше рет пысқырыпты.
Сөйтіп басын алып-қашқаны болмаса, тәлтіректеген адамға дөң-айбат көрсетуге жарамаған. Ауылдағы кейбір інілері тәрізді «басы салбырап», жалынан ұстап сүйретіліп мінгенде де тұра шаппаған…
Інісі әрең деп іздеп тапқанда Орекең ауыл шетіндегі бір үйден буы бұрқырап шығып, бусанып тұрған айғырға буырқанып мініп, «ел қайдасың?» деп бұрқыратып шапқалы тұр екен.
Орекеңнің жалқау кері атынан домалап түскен інісі торы айғырдың шаужайына жармасып «Ағеке-ау, атты ауыстырып мініп кетіпсіз. Кері атыңыз мінекей. Қорыққаным-ай. Аман екенсіз ғой, аға» деп жөн сұрап жатса, Орекең, «Ә, бәсе, атым жүрдек болып кеткені несі деп ойлап қоям арасында. Өкшемен бір мытып жіберсем ұша жөнеледі. Осы өз атым ба деп күдіктенем кейде. Бірақ түстеп қарауды ұмытып кете берем. Ойым онға, санам санға бөлініп жүр ғой. Ауылда жарық жоқ. Халқымның бар үміті менде. Оправ деген атым бар. Астанадан да хабар күтіп отырмын елеңдеп.
Бұл аттың кереметі діттеген жеріме көзімді ашып-жұмғанша апарады. Байлаған жерімде міз бақпай тұрады. Не мал болып ішіңді дүңкілдетіп соқпайды. Жүрісі жайлы, денесі майлы. Аттың төресі екен.
Ара-тұра кісінеп қояды. О заманда, бұ заман ат та кісінейді екен ғой, бұл да ақырзаманның бір белгісі шығар деген ой басыма келгені рас. Бірақ терең бойлауға шамам келмеді. Сөйтсем, біреудің атын мініп кетіппін ғой. Кешір айналайын. Ағаларың арқаланып кетсе осы ғой істейтіні. Баяғыда соғыстан келген бір атам «Аспанда Покрышкин, жерде мен. Жауды жапырып келеміз» деп әңгімесін бастайтын еді. Сол айтпақшы «Астанада Назарбаев, Ауылда өзім ғой елдің қамын жеп жүрген» деп торы айғырдан түсе беріпті.
Көргендер айтады: Қорқа соқтап шылбырды қолына алған інісіне, торы айғыр пысқырынып, тартыншақтап, үзеңгіге аяғын салдырмапты…
Жалғасы бар
Нағагыбай Қабылбек