Облыс әкімі Шу ауданындағы жұмыстарды сынға алды

Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен Шу ауданы активінің отырысында өңірде 2022 жылы атқарылған жұмыстар мен 2022-2025 жылдарға арналған Шу ауданының даму жоспарының орындалу барысы қаралды.


Жиында аудан әкімінің орынбасары Серік Сәрсенбек баяндап жасап, жоспарлы жұмыстардың атқарылуы жөнінде есеп берді.

Оның айтуынша, ауданда өткен жылы өнеркәсіпте 21290,9 млн. теңгенің, ауыл шаруашылығында 110977,1 млн. теңгенің өнімі өндірілген.

— 2022-2025 ж. аралығында Шу ауданында құны 185,7 млрд. теңге болатын 165 инвестициялық жоба жүзеге асады деп жоспарлануда. Нәтижесінде 1221 жаңа жұмыс орны құрылмақ. Ауыл шаруашылығы бағытында 7,3 млрд. теңгенің 104 жобасы көзделген. Нәтижесінде 397 жұмыс орны ашылады. 2022 жылға жоспарланған 22 жоба толықтай іске асырылып, 63 жұмыс орны құрылды. 2023 жылға 36 жоба құны 6,1 млрд. теңге жоспарланып отыр,-деді Серік Сәрсенбек.

Облыс әкімі өзге де аудан әкімінің орынбасарлары мен бөлім басшыларынан сан саладағы жұмыстар туралы сұрады. Ауылдық округ әкімдерінен де жауаптар алған аймақ басшысы кейбір әкімдердің даму жоспарынан әлі күнге хабары жоқтығын сынға алды.

Салық түсімдері бойынша көрсеткіштің көңілден шықпайтынын баса айтты.

— Жұмысқа деген көзқарас әлі өзгермеген. Статискалық мәліметтерді айтып, жалпылама жауап беріп үйреніп қалғансыздар. Нақты нәтижені ешкім айтпайды.

Тек мәселе көтермей, оның шешу жолдарын көрсетіп, жұмыс істеңіздер. Сол мәселені шешу бәріміздің міндетіміз.

Кейбір ауыл әкімдері жобаны жақсы білмейді. Басқармамен байланыс жолға қойылмаған. Ол жоспарды білмесеңіздер қалай жұмыс істейсіздер?

Ауданда әлі күнге бірде-бір сүт өңдейтін кәсіпорын жоқ. Бұл бағытта жұмыс істеп жатқан жауаптылар байқалмайды. Жұмыс істеп тұрған шағын кәсіпкерліктердің 900-ге жуығы өз жұмысын тоқтатқан,-деген Нұржан Нұржігітов аудандағы жұмыстың әлсіздігін атап өтті.

Облыс әкімі мектеп жасындағы қанша бала мәдени үйірмелер мен спорттық секциялармен қамтылып отырғандығын сұрап, тиісті басшылардан қанағаттанарлық жауап ала алмады.

— Ең маңыздысы — инвестициялық жобаларды жүзеге асырып, жаңа жұмыс орындарын құру, оған жастарды тарту маңызды. Ауыл әкімдері әр үйді аралап, жағдайларынан хабардар болып, олардың тұрақты табысының болуына назар аудару керек. Бұған дейін айтылған бұл жұмыстар әлі күнге жүйеленбегенін көріп отырмыз,-деді аймақ басшысы.

Нұржан Нұржігітов аудан әкімі орынбасарларының, бірқатар бөлім басшылары мен ауыл әкімдерінің әлсіз жұмыстарын сынға алып, тәртіптік шара қолдану бойынша ұсыныстар әзірлеуді тапсырды. Ауданның жаңа әкімі Бақытжан Жәнібековке барлық бағыттағы жұмыстарды күшейтуді жүктеді.

Жамбыл облысының әкімдігі