Топырағында таусылмас тағылым бар

Қазақылықтың қаймағындай, тектілердің аймағындай болған Талас ауданының құнды тарихы бар. Оның құндылығын елімізге танымал ғалымдар мен зерттеушілер зерделеп, оң бағасын беріп келеді.

«Елдің атын ер шығарады» дегендей, бір өзінен 59 Еңбек Ері, 2 Кеңес Одағының Батыры шыққан Таласта таусылмас тағылым жетерлік. Талас жері ертедегі адамдар мекендеген Тәңірқазған, Бөріқазған тұрақтары мен Тамды, Охкум, Берукент, Тоғызкент сияқты тарихи көне қала орындарымен, Ақкесене, Көккесене, Тектұрмас тәрізді қорған бекіністерімен ғана емес қолөнер бұйымдары, мыс, болат, шойын қорытудан да әйгілі. Дәстүрлі кәсіпшілігі, егін және мал шаруашылығы күшті дамыған өлке. Оған археологиялық, тарихи зерттеулер арқылы табылған жәдігерлер айқын дәлел.

Талас елі мәдениет пен әдебиеттің майталмандары, небір дүлдүлдер шыққан жер. Ел арасында «өлкеге өлең түнеп кетті» деген сөздің айтылуы тегін емес. Қазақ әдебиетінің бұлақ бастауынан ойып орын алатын «күлдір-күлдір кісінетіп, күреңді мінер ме екенбіз» деп ел Тәуелсіздігін арман еткен Ақтамберді жырау, қайым айтыстың хас шебері Ұлбике Жангелдіқызы, Жаңылдық ақын, Бөлтірік шешен, Төреқожа, Қалыбек, Жаңылдық, Бердібек, Исабек сынды ақын, Серпер сынды серілер өткен құнарлы топырақ. Көшек, Қойгелді, Саңырық, Төлеп Биқожаұлы, Бөрібай Сырманайұлы, Қойгелді Сартұлы, Бұғыбай батырлар Таластан шығып, қазақтың намысы үшін күрескен тұлғалар. Ерназарұлы Жамбыл да дүйім елді басқарған тарихтан белгілі кісі. Мойынқұм жеріндегі Жамбыл, Байғара таулары осы кісінің атымен аталуы да бекер емес.

2022 жылы шағын және орта кәсіпкерлік мәртебесімен ауданда 3390 субъектісі тіркелген. Олардың 190-ы шағын орта кәсіпорын, 2157 дара кәсіпкер және 1043 шаруа қожалықтар.

2023 жылға шағын және орта кәсіпкерлік мәртебесімен ауданда 3400 субъектісін тіркеу жоспарланды. Осы тіркелген субъектілердің 2986-сы немесе 88,1 пайызы жұмыс істейді. Кейінгі жылдары тіркелген кәсіпкерлік субъектілері 36,7 пайызға өсті немесе 802-ге артық. 2023 жылға шағын және орта кәсіпкерлік мәртебесімен ауданда жұмыс істейтін субъектісін 80 пайыздан төмендетпеу мақсаты тұр.

Ауыл шаруашылығы саласында да өркендеу байқалады. Өткен жылы ауданда мүйізді ірі қара саны 30 мың 382, қой-ешкі 346 мың 141, жылқы 14 мың 167, түйе 2 мың 210 басты құраған. Әсіресе мүйізді ірі қара мен қой-ешкіден өсім бар. Ағымдағы жылы «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы 156,6 миллион теңгеге 1831 бас мал сатып алынды. «Сыбаға» бағдарламасы бойынша да 38 миллион теңгеге 525 бас мал сатып алынғаны да шаруалардың ісіне серпін берері анық.

Өткен жылы аудандағы жалпы егістік жер 20086 гектарды құрады. Оның ішінде 14195 гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. Ауданда жылыжай ісі де жанданып келеді. Жылыжай өндірісі Қаратау қаласында және Үшарал, Ойық, Кеңес ауылдық округтерінде жүзеге асып отыр.

Аудан спортшылары биылғы жылы түрлі халықаралық, республикалық және облыстық байрақты бәсекелерде 234 медальға ие болды. Оның ішінде 61 алтын, 74 күміс, 99 қола жүлде бар.

1935 жылдары Қаратау фосфор кенін зерттеудің басталуы ауданды өндірістік аграрлы аймаққа айналдырды. Кен өндірісінде Қаратау қаласының алдағы уақытта да шығар белесі биік.

Ауданның білім, денсаулық салаларында да жақсы жетістік, абыройлы істер мол. Елге мақтаныш болған еңбек озаттары көңілімізге қуаныш сыйлайды. Елдің атын өнерде, спортта, ғылыми жұмыстарда шығарып жүрген өресі биік өрендерге алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

Талас топырағын қазақтың біртуар перзенті Дінмұхамед Қонаев атажұртым деп құрметтеп, жақсы көрген. Мырзатай Жолдасбеков, Рафаэль Ниязбек, Жарылқасын Аманов, Елен Әлімжан, Әбдірахман Асылбеков, Нарша Қашағанұлы, Серік Томанов, Көсемәлі Сәттібайұлы бастаған ақын-жазушыларымен, ғалымдарымен Талас елі мақтанып, құрмет тұтады.

Тарихы тұғырлы, елі еңбекшіл, жері шұрайлы Талас ауданына әкім болып қызметке кіріскеніме ұзақ уақыт бола қойған жоқ. Осындай тұғырлы мекенге қызмет етіп жүргенім үлкен жауапкершілік жүктейді. Аудан биыл 95 жылдық мерейтойын да абыройлы істермен қарсы алғалы отыр.

Нұрбол ЖҮНІСБЕКОВ,
Талас ауданының әкімі