Қаныш Сәтбаев туралы қызықты деректер:
Қаныш Сәтбаев алуан түрлі тастары бар тауларды, дархан даланы жақсы көрген. Ол кішкентайынан тау-тастардан, қыраттардан әр түрлі түске боялған тастарды жинаған.
Ғұлама ғалымның шын есімі – Ғабдулғани. Арабшадан аударғанда «шексіз байлық иесі, ешкімге мұқтажсыз Алланың құлы» деген мағынаны береді. «Ғани», «Ғаныш» еркелете келе «Қанышқа» айналған.
Қаныш Сәтбаев өнердің сан-саласында озық болған. Музыка тыңдағанды ұнатқан. Биді қадірлейтін. Археолог ғалым Ә. Марғұланның айтуынша, Қаныш Сәтбаев полька, мазурка, вальс билерін билеуге қызыққан.
Қаныш Имантайұлы алғашқы қазақ мектептеріне арналып ана тілінде жазылған «Алгебра» оқулығының авторы. Алғашқы ғылыми еңбегіне жататын оқулық қолжазбасының көлемі – 1642 беттен тұрған.
1947 жылғы наурызда Қаныш Сәтбаев КСРО Жоғарғы Советінің делегациясы құрамында Анлгияға барған. Сапар барысында қазақ ғалымын алғаш көрген Ұлыбританияның әйгілі саясаткері Уинстон Черчилль зор денелі Қаныш ағаға тесірейе қарап: «Қазақтардың бәрі сіздей алып па?» – деп сұраса керек. Сонда Қанеке: «О не дегеніңіз, Черчилль мырза, олай емес, мен қазақтардың ішіндегі ең кішкентайымын. Халқым менен де биік», – деп жауап беріпті.
Қаныш Сәтбаев жастайынан этнографияға қызыққан. Бала кезінен әртүрлі жер-су атауы туралы аңыз әңгімелерді тыңдап өседі. Ер жеткен соң геология ғылымы саласына қатысты зерттеу жұмыстарымен айналысады. Дегенмен өзінің топонимикаға деген қызығушылығын да жоғалтқан емес. Кейіннен мұның оған орасан зор пайдасы тиеді.
Алтынбек ҚҰМЫРЗАҚҰЛЫ материалынан
Әзірлеген: Бүркітбаева ГҮЛГАУҺАР
Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығы