Мәшһүр Жүсіп:
«Кене ханды мойнынан шауып жібергенде, Кенесары ханның басы да жерге түсті, шапқан батырдың өзі де сылқ етіп құлай кетті» — дейді. Қараса, табанда жаны шығып кетіпті. «Үйіне көтеріп алып барған екен. Үйінің ішіндегі қатын-баласы жалп ете түсті» — дейді. Сонан соң қырғыздар Кенеханды өлтіргеніне уайым болыпты. «Сол өлтірушілердің тұқым-тұқымы күні бұл күнге шейін оңбай, быт-шыт тозып кетті» — дейді.
Жантай өлтірген кеңестің ішінде жоқ екен. Өлтіргендерін де оңды ұнатпаған екен. Бас терісін сойдырып, орыс жұртына — патшаға жіберген. Сол үшін Шабдан, Жантай Қарабековтердің патшаға құрметті кісі болып, шаһырт тапты.
Кенесары ханның Ахмет дейтін баласы император ағзамның таққа отырысы — мәжілісіне барғанда, Шабдан да барған екен. Сонда Шабдан көтеріліп бір сөз сөйлегенде, Ахмет төре айтыпты:
− Бұл мәжілісте қолынан да, тілінен де келетін әлемнен озған алаяқтардың сөйлегені жарасады. Тілі жоқ сақау, қолы жоқ шолақ, аяғы жоқ мешел сықылды қырғыз, қазақтың баласы едік қой! Екеуміздің міңгесіп, кісі болып жүргеніміз бір өлген өліктің денесі ғой! -дегенде, Шабдан дәнеме қайырып айта алмапты.»
Суретте: қырғыздың манабы Шабдан
1908 жыл