Серік Сейітман: «Мені ақындыққа әкелген – жігіттік намыс»

Биыл ел тәуелсіздігіне 25 жыл толса, торқалы тоймен тұспа-тұс келген мерейтойлар аз емес. Соның бірі – еліміздің әуе толқынының қара шаңырағы «Қазақ» радиосының кіршіксіз қызметіне 95 жыл толып отыр. Аталмыш радиодан өз еншісін алған, биыл 50 жылдық мерейтойын тойлап отырған «Шалқар» ұлттық радиосының да Қазақ еліне төккен тері ұшан-теңіз. Ал, бүгінде «Шалқардың» бас редакторы болып белгілі ақын Серік Сейітман қызмет етуде. Күллі қазаққа ортақ мерекелер қарсаңында «Қазақтың қаны», «Қарашаңырақ», «Домбыра» сынды рухты жыр кітаптарының авторы, талай хит әндердің сөзін жазған танымал ақынмен сұхбаттасқан болатынбыз.

-Серік аға, әңгімемізді өзіңіз басқарып отырған берекелі ұжым «Шалқар» ұлттық радиосынан бастасақ. Бір байқағаным, көпшілік әлі күнге «Қазақ» радиосы мен «Шалқарды» шатастырып жатады. Бас редакторы болғандықтан осының ара-жігін ажыратып, халыққа дұрысын айтсаңыз.

-Биыл «Қазақ» радиосына 95 жыл болса, «Шалқар» радиосына 50 жыл толып отыр. Тыңдармандарымыздың қателесетін тұсы – «Шалқар» «Қазақ» радиосының құрамына кіреді деп ойлайтынында. Бұл 2014 жылдың ақпанына дейін солай болып келді де. Еліміздің бас радиосының төрт-бес редакциясы болса, соның бірі ретінде «Шалқар» ұлттық арнасы жұмыс істеді. Аталған қызметке келгенімде «Қазақстан» телерадио корпорациясының құрамынан Радиохабар тарату дирекция құрылды. Жалпы корпорацияға бағынатын дирекцияға «Қазақ», «Шалқар», «Астана» және «Классик» радиолары бағынды. Содан бері «Шалқар» өз алдына бөлек отау болып халыққа қызмет жасап келе жатқан жайы бар. Сөйтіп, екі жыл бұрын осы қызметке келдім. Шынын айтқанда, әлі күнге менің әріптестерімнің өздері бізді «Қазақ» радиосының құрамында деп таниды. Бірақ, әр нәрсені өз деңгейінде мойындау керек деп есептеймін. Өйткені, мен үшін емес «Шалқар» үшін мұндай шындық айтылуы керек. «Қолда өскен ботаның тайлақ аты қалмайды» деп бекер айтылмаған. Бұрын «Шалқар» ұлттық арнасы, «Шалқар» бағдарламасы деп аталып келсе, біз ұлттық радио атану, сол атты қалыптастыру жолында жұмыс істедік және мақсатымызға тиісті деңгейде қол жеткіздік деп ойлаймын. Ал жаңа Төраға Кемелбек Бақтығұлұлының Ұлттық радиоға деген көзқарасы тіпті дұрыс екен. Бұйыртса, «Шалқардың» тағы бір тынысы ашылып, бет-бейнесі бұдан да бетер айқындала түскелі тұр…

-Әріптестеріміз жиі қоятын сұрақ шығар. Десе де, менің де білгім келетіні тыңдармандардың «Шалқар» радиосына ықыласы қандай деңгейде деп айта аласыз?

-Тыңдармандардың ықыласы қай кезеңде де ерекше болған. Ерекше болып қала береді. Егер о бастағы құрылған мақсатынан айнымаса. Өзіміз радионың басында жүргендіктен тек кейбір ұлттық дүниетанымға қырын қарайтын басшылықтың өзгеруі мүмкін екендігін жақсы білемін. Алайда, ел таныған «Шалқардың» қалыптасқан бет-бейнесі қашан да сұранысқа ие. Сондықтан, екі-үш жылға келіп кететін басшылықтың ығына жығылып, әуелгі мақсат-мұраттан айырылып қалмайды деп сенемін. Себебі, «Шалқар» ұлттық радиосы Қазақстан Республикасы деп аталған мемлекетті құрушы қазақ ұлтының рухани құндылығын насихаттау үшін құрылған. Сонымен бірге, рухани қажеттілікті өтеу үшін қызмет жасайды және сол бағытынан танбаса әрдайым сұранысқа ие бола бермек.   

МЕН ДЕ АЙТЫСКЕР БОЛҒАНМЫН…

-Енді сұхбатымызды шығармашылығыңызға бұрсақ. Осы жазда Данияр Елеусінов Рио төрінде ел абыройын асқақтатып, чемпион атанғанда лезде өлең шығарып, «Фейсбукке» жариялап жібердіңіз. Сұрайын дегенім, суырып салма ақынсыз ба?

Мен ОҚО, Отырар ауданы, Шытты дейтін ауылдың Алтынбек Дәрібаев атындағы кішкентай ғана мектебінде тәлім алдым. Барлық жерде «а» класы, «ә» класы, «б», «в» класы деп бөлінсе, бізде ол атымен жоқ болатын. Әр жылда бір-ақ кластан оқыды. Сондай кішкентай мектептен түлеп ұштық. Қазақ тілі мен әдебиетінен дәріс беретін екі-үш мұғаліміміз ғана бар еді. Жетінші класта болуы керек, Мираш есімді апайымыз бір жағдайларға байланысты жұмысқа келе алмай қалып, орнына Жұмакүл Нәлібаева дейтін апайымыз сабақ берді. Жұмакүл апайымызды ақындығы бар, ауыл тойларының «гүлі» әрі сауатты мұғалім деп сыртынан білетінбіз. Ол кіріп келген заматта біз тым-тырыс отыра қалдық. Өйткені, жүріс-тұрысы да керемет апай біз үшін тұлға болатын. Содан ол бағдарламадан тыс сабақ өтті. Апайдың үйірмесіне қатысатын шәкірті, Мәдина есімді сыныптасымыз аудандық айтыстан үшінші орын алып келген кез еді. Сөйтіп, апайымыз «Ал, Мадина жүлдегер болып келді. Жігіттерден кім бар айтысатын?» деп намысымызды қайрады. Бәрімізде үн жоқ, класс іші – тым-тырыс. Мәдина да жігіт емессіңдер ме дегендей бізге қарай екі-үш шумақ «атты». Намысқа тырысып, қағазға мен де төгілтіп, Мәдинаға жауап қаттым. Суырып салмам ұнаса керек, Жұмакүл апай мені алғаш рет сол кезде таныды. Мен де өзімнің сондай қабілетімнің барын алғаш рет білдім. Оған дейін өлең шығару ойда болмаған. Демек, ел мені ақын деп таныса, ақындығым рас болса мені бұл жолға әкелген жігіттік намыс еді деп сеніммен айта аламын.

     Әлгі сабақтан кейін Жұмакүл апай мені үйірмесіне бірден жазып, ақындыққа баулыды. Ұстазымыздың арқасында мектебімізден талай ақын шықты, кішкентай ғана алтын ұямыз «Ақындар мектебі» атанып кетті. Сол жылы мектепішілік айтысқа шығып, домбыра тарта алмаймын, сөзім бір жақта, домбырам бір жақта екі-үш ақынды жеңіп аудандық айтысқа жолдама алдым. Аудан мектептерінен жиналған оқушылар арасынан да оза шауып, облысқа жолдама алдым.

Сонда домбырасыз айтыстыңыз ба?

Оған дейін үйрендім ғой (күліп). Облыстық айтыста да финалға дейін жетіп, Ордабасы ауданының намысын қорғап келген, бүгінде белгілі әнші Еркін Нұржановпен жолым түйісті. Оған дейінгі жылдарда ол ақтық сынға өтіп жүр екен. Сөйтіп, тәжірибелі Еркін бас жүлдені алып, мен бірінші орынды иелендім. Кейін студенттік жылдарда аймақтық айтыс болып, мен бас жүлдені алып, Еркін жүлдеге ілінбей қалған сияқты. Сол кезден бастап ол айтысты біржола тастап, әншілікке кетті. Айтыстың әлі бағыт-бағдарын айқындай алмаған кезі ме, әйтеуір, менің түсінігімде бабадан келе жатқан өнеріміз шоуға айналып бара жатты да, мен де одан қол үзіп, жазба ақындыққа ауыстым.

      Даниярға арналған өлеңімді айтар болсам, бүкіл әлем Бразилияның уақытымен таныстаған уақытта мен де елмен бірге спортшыларымыздың тілеулесі болып, тақым қысып отырдым. Өлеңді арнайы шығарайын деген ой болмады. Бокстан алтын алған сол түні санама сәуле құйылып, жүректен жыр туды. Бір қазақтың алтын алуын асыға күткеніміз рас. Данияр финалға шыққан түні ұйықтамай көкжәшіктің алдына жиналдық. Жүлдесін алғаннан кейін қуаныштан көзге ұйқы да келмеді. Сөйтіп, сауғалап келіп жатқан өлеңді қағазға түсіріп, жылдам «Фейсбукке» жариялап жібердім. Келесі күні интернетке кірсем, құжынаған пікірлер, талай адам ұнатып, талай адам бөлісіпті. Әр өлеңнің шығу тарихы болатыны сияқты бұл өлеңнің шығуына бейбіт күннің батыры себепші. Бокс бәсекесін көрмей ұйықтағандар да болды ғой. Яғни, елі шырт ұйқыда жатқанда Жер бетінің басқа нүктесінде Данияр батырлық танытып, ұлтының намысын қорғады. Бұған шын қуанған ақын жанынан өлең шықты деп есептедім.

%d1%81%d0%b5%d0%b9%d1%82%d0%bc%d0%b0%d0%bd-%d1%81

АДАМ БОЛЫП ҚАЛУ – БАСТЫ БОРЫШЫМ

-Бір ақын ағамыздың мерейтойына жиналған қаламгер достары ащы судан бір рет болсын тартып жіберсең деп қолқа салыпты. Сонда той иесі: «Мен ақынмын. Ақын мінсіз болуы керек. Өзі былықтың ішінде жүрсе, оның айтқан ақылының қадірі не?» деген екен. Сауалымның төркінін түсінген боларсыз…

-Адамзаттың асылы Мұхаммед (с.а.у) Пайғамбарымыз сөзіне ісі сай және соны үмбетіне үлгі еткен абзал жан ғой. Сөзбен айтпағанын ісімен түсіндірген ол сияқты мінсіз болу қайда?

     Бір кездері Алматыдағы Абай атындағы ҚазҰПУ жанынан «Абайтану» ғылыми-зерттеу орталығы ашылып, оған Жабалбай Шойынбет ағамыз директор болды. Жанына Мақсат Әліпхан секілді ғалымдарды жинады. Екеуі де – орталықты құрған ғалым, данышпан Мекемтас Мырзахметовтің шәкірттері. Соның ашылуынан бастап, «Абай қара сөздерінің адамгершілік ілімімен байланысы», «Қазақты Абайша сүю» секілді тақырыптарда хабарлар жасадым. Содан өзім де біраз кемелденгендей болдым. Жақында Мекемтас ағамыз эфирге келіп, кейін отырып өзіміз сыр тарқастық. Бұрынғы істерімізді ойға алып отырып, ағаларымызды сұрай бастадым. Сонда бір аңғарғаным Мекемтас ағамыз абайтану ілімін еліміздің түкпір-түкпіріне тарату керек деген мақсат ұстаныпты. Сондай оймен Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік университетіне үлкен ғалым Мақсат Әліпханды жіберіпті. Араға аз уақыт салып Шымкентке жолым түсті. Іссапарымның алғашқы тірлігін М:Әліпханға хабарласудан бастадым. Алдын ала хабарласып, лекциясына қатысуға рұқсат алдым. Барсам, лекция залында емес үлкен акт залында абайтану ілімін студенттерге үйретіп жатыр екен. Дәрісінің соңына қарай ағамыз студенттеріне араларында Астанадан келген менің отырғанымды айтып таныстырды. Мен де өз мүмкіндігімді жібермей:

-Сіздер – бақыттысыздар. Біздің кезімізде мұндай ғалым болған жоқ және мұндай ілім үйренбедік. Лажы болса ағайларыңыздың дәрісінен қалмаңыздар. Сонда рухани кемелденіп, түрлі жамандықтан, жат ағымнан аулақ боласыздар,-деп өз ақылымды айттым.

      Сол дәрісте «Абайдың толық адам танымы» жан-жақты түсіндірілген болатын. Мақсат ағамыз тек қана Абай емес, алыстан орағытып, Аристотель, Әл-Фарабидің философиялық ілімдерінен мысалдар келтіре түсіндірді. Сонда ол кісі былай дейді:

-Адам тәннен және рухани күштен тұратын нұрдан жаратылды. Адамнан төмен – хайуандар, жоғары тұратын – нұрдан жаратылған періштелер. Хайуан болып та, періште болып та өмір сүру оңай. Ал, адам болып қалу, ортаны ұстану – қиынның қиыны. Өйткені, бізде хайуанның да, періштенің де сипаты бар.

     Осы мысалға сәйкес, біздің пенде деген атымыз бар. Қателеспеймін деп ешкім кесіп айта алмас. Бірақ, ел ақын деп танығандықтан, кішігірім лауазым болғандықтан бізден елдің үлгі алатыны айқын. Сондықтан, өзім адассам да елді түзу жолдан тайдырмау үшін өзімді қадағалап жүруге тырысамын.

-Шығармашылығыңызға сын айтылған сәттерді қысқаша саралап өтсеңіз…

-«Сын шын болсын, шын сын болсын» деуші ме еді? Аса қатты сынаған ағаларды кездестірмеппін. Ылғи батасын алып жүремін, шүкір. Дегенмен, ширату үшін сын керек. Біраз жасқа кішілігі бар бір бауырымыз өлеңдерімді сынапты. Алдымен, оның шығармашылығыма қызығушылық танытқанына риза болған едім. Десе де сынына көңілім толмады. Менің «Көк серке» деген өлеңімнің соңы:

Қой бастаған қоңыраулы көк серке

Тарихымды еске салдың ескерте.

Қарап тұрып көкпардағы кейпіңе

Ойға оралды-ау Алаштағы Көп Серке!..-деп келеді. Ортасында:

Кер ешкінің сенен туған лағы бар,

Лақ та болса күжірейген жалы бар.

Бақылдаушы ең,

Бақырдың да бұл жолы,

Бауыздалып кете бардың, жануар,-деген жолдары бар. Әлгі бауырымыз осы жерін сынапты. Ол өзі серке болса, анау лақ қалай пайда болды деп сұрақ қояды. Айтқаны – өте дұрыс. Бірақ, мен нақтылап отыратын ресми немесе талдап отыратын ғылыми стильде жазып отырған жоқпын ғой. Әуелде теке болу үшін туған жануар кейін піштірілсе ғана серке болады. «Кер ешкінің сенен туған лағы бар…» деген жерінен-ақ түсінуге болады емес пе? Енді мен бұрын теке едің, өмірге лақ келтірдің, сөйтіп сені пәлен жылдан кейін піштірді деп айтып отырмайтын шығармын. Кейін байқасам, кезінде өзім сынап жіберген өздері де өлең жазатын жігіттер екен. Менен есе қайтарған түрі екен деп қабылдадым. Ал, нағыз қателігімді жөндеп, маған дұрыс жол көрсеткен, ниеттес болған Жұмакүл апайымдай ұстаз кездестірмедім деп сенімді түрде айта аламын.

ЖАМАН БАСШЫ БОЛҒАННАН ЖАҚСЫ АЗАМАТ БОЛҒАНЫМ МЫҢ АРТЫҚ

— Елге өтімді өлеңдеріңіз де аз емес. Жазғандарыңыз танымал әнге айналып жатқанын да жақсы білеміз. Әйтсе де, республикалық деңгейде шығармашылық кешін өткізбеген сияқтысыз?

-Шығармашылық кеш ретінде өткен кітаптың тұсаукесерлерін айта аламын. ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында «Қара шаңырақ» атты өлеңдер жинағым алғаш таныстырылғанда Көпен Әмірбек жүргізіп, марқұм Әшірбек Сығай ағамыз, Несіпбек Айтұлы, Амангелді Кеңшілік ағаларымыз лебіздерін білдіріп, баталарын берген болатын. Бір қуанғаным әңгіменің көбі маған емес кітапқа қарата айтылды. Менің түсінігімде шығармашылық кеш дегеніміз – елге белгілі ағаларымызды жинап алып мақтату емес, көкейіңдегіні халыққа жеткізу. Әзірге ол жағынан ақсап тұрған жайымыз бар.

     Осы жазда кезекті еңбек демалысымда жанұямды ертіп алып, ауылға тартып отырдым. Аудан басшысы Ерлан Айтаханов «Туған жерге тағзым» атты акцияны ұйымдастырып, бюджеттің қаражатына қарамай елге еңбегі сіңген азаматтардың қаржысына игі шаралар жасауды қолға алыпты. Құптарлық іс екен деп қалтаның жұқалығын ойлап сәл қапаландым. Содан ойыма сарт ете қалды. Көптеген әншілер аудандық мәдениет үйінде тұрғындарды жинап ақылы түрде концерт береді, ал мен тегін өткізейін деп Ерлан Қуанышұлына ұсыныс жасадым. Ол кісі де ойымды қолдап, Астандан, Алматыдан, Шымкент пен Түркістаннан өнерпаз достарым келіп, менің сөзіме жазылған әндерді орындап, елдің еңсесін бір көтеріп тастадық. Халықтан бір тиын да алмадық, есесін бұрын-соңды біз жаққа келмеген әншілер Отырарды көріп мәз болды, ел-жұрт оларды көріп мәз болды. Оның үстіне мұндай рухани кеш бұрын болмаған, жылап отырдық деген мағынадағы хаттар келіп жатты. Сол кешке куә болған кейбір азаматтар мұны республикалық деңгейде өткізсеңіз деп қолқа салды. Бірақ, бүкіл әлемді жаулаған дағдарысқа байланысты қолымызды «жоқ» байлап тұр. Әйтпесе, менің шығармашылығымның дәл қазіргі кезеңінде мынау тәуелсіздіктің төл мерекесіне орай кеш өткізуге дайын еді. Егер мені емес қазақтың өнерін, сөз өнерін, поэзиясын қолдаймын деушілер болса мен әрқашан дайынмын!

-Бүгінде ел ақын деп әрі «Шалқар» ұлттық радиосының бас редакторы деп танитын Серік Сейтманды болашақта саяси сахнадан, билік басынан көріп қалуымыз мүмкін бе?

Махамбет Өтемісұлына орыстың бір мұжығы тапсырма беруін беріп алып:

-Әй, сен бірақ қиып түсер қанжарсың ғой,-деп сескенеді. Сонда батыр бабамыз:

-Қанжар екенім рас шығар. Бірақ менің жүзім екеу емес қой,-деп тауып айтыпты. Сол секілді қайда жүрсем де, қандай қызметте болсам да адам атынан айнып кетуден сақтанамын. Мансап үшін жоспар сызып, баспалдақ санап жүретін адам мен емес. Мені осы қызметке лайықсың деп ағаларымыз әкелді. Ертеңгі күні бұдан да жоғары көтерілуім мүмкін немесе сен өз қызметіңді атқардың деп мені түсіріп тастауы да бек мүмкін. Сондықтан, мен екеуіне де дайынмын. Ұлттық мүдде тұрғысынан өз ойымды қандай қызметте болмасын бүкпесіз айтуға тырысамын. Мойныма жүктелген міндеттерді Әлихан Бөкейхан айтқандай келесі ұрпақтың мойнына жүк қылмай орындап кетуді абырой санаймын. Қысқасы, жаман басшы болғаннан жақсы азамат болып қалғанды артық көремін. Сұхбатымды Жұбаныш Жексенұлының орындауындағы «Жігіттер» әніне жазылған сөзіммен аяқтайын:

Айхой, Жігіттер!

Жеңілмесін, берілмесін жан мұңға.

Күн шықпаса сәні бар ма таңның да?

Туған елдің гүлін егіп

Қалайықшы ірі болып

Бәріміз де болашақтың алдында!

-Сыр ақтарып тастамасақ та, біраз әңгіменің басын қайырған сияқтымыз. Ақындық жолыңызға Алла Тағала бақ пен береке берсін!

Сұхбаттасқан Ермұрат НАЗАРҰЛЫ