ЕЙ УАҚЫТ, СЕН АТЫҢДЫ ҚАМШЫЛАМА
Тірінің жазылған бар маңдайына,
Сынақтың шыдар адам таудайына,
Тәңірінің таңдауы өмір болса,
Өлмейді у түскен де таңдайына.
Бір тұзақ тап болады аңшыға да,
Жем болсам, жем болайын қаршығаға.
Жемтігін жасыратын әр жыраға
Қарға байлап кетпесін қанжығаға.
Ойына келгенді істер о Тәңірім,
Дем бердің диірменнің тасына да.
Бұлтты аспаннан бөлініп жерге түскен
Қайта ғұмыр сыйладың тамшыға да.
Бұл пәни дейді өмірдің басы ғана,
Сонда да бақиға адам асыға ма?
Ей уақыт, сен атыңды қамшылама,
Мен өлсем татымаймын тамшыға да.
Мұқтарбек Тұрысбекұлы 04.02.23 ж.