ӘЖЕЛЕР ЕРТЕГІЛЕР ЕЛІНЕ САЯХАТ ЖАСАУДА
Қазақта «Ұлтыңды тәрбиелеймін десең, ұл-қызыңды тәрбиеле» дегенде бабаларымыздың жақсы аманаты бар. Міне осы толғақты мәселелерге назар аудару мақсатында қазақ қоғамындағы Айнұр Жүгінісованың бастамасымен республикалық «Дәстүрге жол» жобасы басталғалы бір жылдан асты.
Бұл жобада Қазақстан аналары өздерінің әр түрлі еңбектерімен ұмытылған дәстүрімізді жаңарту мақсатында үлкен еңбектерін көрсетіп келеді. Ұл-қыздарды тәрбиелеуде «Қызға қырық үйден тыйым» дегенде жақсы сөзді білеміз. Қыз баланың іс-қимыл, жүріс-тұрыс дағдысы, ары мен намысы, қылығы мен сымбаты жайлы бүгінгі бүлдіршін қыздарға ертең ибалы келін, абзал ана атанғанда бір отбасының ғана емес, бір рудың қалыптасуына әсер ететін негізгі тұлға болып қалыптасуларын жастайынан түсіндіру маңызды. Сол үшінде ата-ананың бала тәрбиесіне бей-жай қарамағандары абзал.
Ұл балалардың қыздарды өз қарындасындай көріп, сыйлап, аялауды насихаттаған жөн. Жас ұландарды Отанын шексіз сүйетін азамат болып қалыптасуына кимешек киген аналардың қосар үлесі зор. Оданда басқа ұлттық құндылықтарымызды насихаттауда облыс, аудан әкімшіліктері қолдауымен Байзақ ауданының аналары үлкен жұмыстар атқарып отыр. Осы жұмысты бастағанымызға бір жыл толды. Ауданымыздың аналары, әжелері балабақшадан бастап, мектептерде осы айтылған тақырыптарда семинарлар өткізіп, бүлдіршіндерге ертегі айтуды жолға қойып келеді. Бұл ретте әсіресе Мырзатай, Сарыкемер, Түймекент, Үлгілі, тағы басқа да мектептер аналарының төрайымдары шаршамай еңбек етуде. Олардың ішінде өте көп істер атқарған Ұлбике, Айман, Гүлнар, Шырын, Тоты әжелерімізді атап айтқан жөн.
«Әжемнің ертегісі» жобасы облыстың барлық елді мекендерінде сәтті жүзеге асырылуда. Ал аудандық Аналар алқасының мүшелері Шәмшия Жұмабаева, Шырын Жанұзақова, Шырын Қапарова және Айкенже Жүгінісқызы аудандағы Бәйтерек, Базарбай, Сарыкемер ауылдарындағы балабақша бүлдіршіндеріне ертегі айтып, аңыз-әңгімелер оқып берді.
Балақайлар ертегілер еліне саяхат жасаған әжелердің келгеніне қатты қуанды. Өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, ұнатқан кейіпкерлері туралы білуге құмартты. Олардың бала көңілінде бұл әжейлердің бейнесі мәңгі сақталады деп сенеміз. Себебі, ертегі айту арқылы асыл жандар бала жүрегіне жол тапқаны анық.
Байзақ ауылындағы ертегі айту үрдісінің жалғасуына осы ауылдағы аналар алқасының төрайымы Зағипа Жұмахметова ұйытқы болды. Ал аудан орталығындағы Сарыкемер, Гагарин, №1 мектеп- гимназияларында мектеп аналар алқасының ұйымдастыруымен жоғарғы сынып қыз балаларымен «Шеше көрген тон пішер…» атты шеберлік сабақтары жоғары деңгейде өтті. Ал Сарыкемер орта мектебінде «Дәстүрге жол» жобасы бойынша «Батаменен ел көгерер…» атты ақ кимешекті аналармен оқушылар кездесуінің де жастарға берер тәлім-тәрбиелік пайдасы көп болды.
«Көп қосшыға бір басшы» демекші, осындай бала тәрбиесіне байланысты балабақшалар мен мектептердегі пайдасы мол іс-шараларды ұйымдастырып жүрген аудандық Аналар алқасының төрайымы Шырын Мамашайқызының еңбегі көп. Алда да оның еңбегі жанып, бүгінгі өсіп келе жатқан жас жеткіншектерімізге өздерінің ақыл-кеңестерін айтып, көрген-білгендерін, қазақы салт-дәстүрлерді үйрете отырып, ертегілер еліне жасайтын саяхаттары жалғасын таба беретін болады.
Орынкүл КЕНЖЕБЕКОВА,
еңбек ардагері, аудандық Аналар алқасының мүшесі.
Сарыкемер ауылы.