Таразда Орталық Азиядағы ең ірі аквапарк салынуда
Тараз қаласында халықаралық деңгейдегі туризмді дамыту аясында Зербұлақ көлінде еліміздегі ең ірі мәдени-сауықтыру отбасылық демалыс аймақтарының бірі салынуда.
«KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ аймақтық директоры Арнольд Герингтің айтуынша, бұл аймақ Зербұлақ көлінен бөлек, Орта Азиядағы ең ірі аквапаркты, аллеяны, бес жұлдызды қонақ үйді, SPA-орталықты және де қызмет көрсету саласын қосқанда, ойын-сауық орталығы типі бойынша бірыңғай кешен ретінде жұмыс істейтін нысан болмақ.
Кешен құрылысына көптеген техникалар тартылып, 40 жаңа жұмыс орны ашылды. Аквапаркті пайдалану кезінде 20-дан астам жаңа жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Жобаның бірінші кезеңінің құны 1,2 миллиард теңгені құрайды. Аттракциондардың 14, толқын тербелісі бар бассейннің генерациялау жүйесін, аттракциондарындағы су айналымы жүйесі жабдықтарының 6 түрін, сондай-ақ сырғанауға арналған толқын тербелісі бар бассейндерді, балаларға арналған және дренажды бассейндердің жұмысын қамтамасыз етуге арналған құрылғыларды орнату жоспарланған. Суды тазарту жүйесіне де ерекше назар аударылады. Сатып алынатын аттракциондар халықаралық стандарттарға ие және қажетті талаптарға сәйкес келеді.
Бұл кешенді іске асыру қаланың және жалпы облыстың экономикалық және туристік әлеуетін жақсартады, сондай-ақ шаһардың тартымды имиджін қалыптастыруға септігін тигізеді деп күтілуде.
Құрмаш ҚАПТАҒАЙ, Жамбыл Тараз