Әскерден қашып жүр талай қазақ баласы Биыл қанша сарбаз борышын өтеуге шақырылады?
«Қасіретті қаңтар» оқиғасы қоғамда қордаланып қалған біраз проблеманың бетін ашып бергені шындық. Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында қорғанысымызды қамтамасыз етеді деген әскеріміздің әлеуетіне Президент тарапынан да біраз сын-ескертпелер айтылды. Мемлекет басшысы қорғаныс саласының қызметін қайта жүйе- леп, кешегідей бүлік кезінде азаматтарымызды, конституция- лық құрылымды, егемендігімізді сақтап қалуға барынша жұмыла жұмыс істеуге тиіс екендігін күштік құрылым басшыларының қаперіне салды. Әсіресе жастарды әскерге тарту мәселесіне ерекше назар аударып, армия қатарында қызмет ету абыройлы борыш екенін алға тартты. Сондай-ақ күні кеше Президент Қасым- Жомарт Тоқаев «Әскери қызметтің белгіленген мерзімін өткерген мерзімді әскери қызметтегі әскери қызметшілерді запасқа шығару және Қазақстан Республикасының азаматтарын 2023 жылдың наурыз-маусымында және қыркүйек-желтоқсанында мерзімді әскери қызметке кезекті шақыру туралы» Жарлыққа қол қойды. Бүгінгідей әлемдік геосаяси ахуал ушыққан тұста бұл құжаттың маңызы өте зор. Алайда бүгінгі бозбалалар «қоңыраулы найза қолға алып, жалаулы найза жанға алып» жау қашырмай-ақ Отан алдындағы борышы саналатын әскерге барудан қашқақтайды. Соңғы жылдары әскери борышын ерікті өтеушілер қатары тіпті азайған. Мұның себебі неде? Осыны білмек мақсатта мамандардың пікіріне құлақ түрген едік.
Әскер қатарында сержант- инструктор болған, бүгінде «Желтоқсан-86» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Исмаил Хаджимуратов кей жастардың әскери борышын өтеуден жалтаруын елге деген сүйіспеншіліктің жоқтығымен байланыстырады.
– Бұрын Кеңес үкіметі кезінде жас буынның бойында отаншылдық рухы тасып, әскери борышын өтеуді зор абырой санайтын. Әскерден қашу жігіттікке сын болатын кездер еді. Содан болар, олар өздері сұранып, армияға аттанатын. Ал қазір соның ұшқыны да қалмағандай. Әрбір адам бала кезінен ел шетіне жау тигенде Отанды қорғаймын деп өскені жөн. Сонда бұл мәселені сәл де болса шеше алар едік. Әрине, қазір әскердегі түрлі әлімжеттік, тіпті сарбаздардың қыршынынан қиылуы ата-аналардың үрейін тудырып отырғаны жасырын емес. Сол үшін әскери бөлімдерде бақылауды күшейтіп, заң үстемдік құруы қажет.
Мен өзім әскерге бармас бұрын медицина саласында білім алдым. Кейін осы мамандығым армия қатарында да іске жарады. Бір жағынан, жастардың әскерге бара алмауына осы денсаулығының жарамсыз болуы да көп кедергі тудырады. Маман ретінде айта кеткім келеді, әскерге шақырылғандардың тең жартысының денсаулығы әлсіз. Бұрын майтабан, белдің қисаюы сынды ауру белгілері байқалса, қазір көбінің көру қабілеті төмендеп кеткен. Компьютер мен телефон сынды технологиялардың тигізіп жатқан зардабы орасан. Сонымен қатар бел-омыртқа жарығы, остеохондроз, семіздік сынды дерттер де дендеп тұр. Асқазан-ішек ауруларымен де алысып жүргендер аз емес. Мұның себебі дұрыс тамақтанбауда жатыр. Тепсе темір үзетін жігіттердің 20-25 пайызының әскерге жарамсыз болуы – өте қиын жағдай, – дейді Исмаил Хаджимуратов. Ауған соғысының ардагері Болат Сайлан болса, жастарды әскерге тартудың бірден-бір жолы құрылыс батальондарын қайта жандандыру деп санайды.
– Біздің заманымызда жігіттер әскерге бармаса, қыздар менсінбей, тұрмысқа шықпайтын. Әскерден қашу деген әңгіме болған емес. Ал біз бала күнімізден солдат болып ойнап өскен ұрпақпыз. Отан қорғау ұлы мақсаттарымыздың бірі болды. Кеңес Одағының кезінде әскерге шақыру идеологиясы да мықты еді. Заман өзгергенімен де, еліміздің Қарулы күштері, Ұлттық ұланы бар. Әскери міндетті өтеу мерзімі де 1 жылға қысқарды. Қазір мектептерде кадет сыныптары ақсап тұр, әскери-патриоттық тәрбие беру жоқтың қасы. Әрине, кезінде Кеңес үкіметі әскери сарбаздардың күшін әлеуметтік мәселелерге тиімді пайдалана білді. Тұрғын үй салуға, тағы басқа құрылыстардың бой көтеруіне сарбаздардың септігі молынан тиді. Енді оны тәуелсіз елімізде қайтадан қолға алу үшін арнайы бағдарлама жасап, әскери құрылыс батальондарына арналған комитет немесе басқармалар ашу қажет. Кеңес үкіметі кезінде тиімді болған жұмыстарды неге тәуелсіздік алған тұсымызда қайтадан пайдаланбасқа?! Әрі-беріден соң, бұл әскери салаға да, мемлекетке де үлкен пайда келтірер еді. Қалай дейсіз ғой? Бүгінде тұрғын үй салумен құрылыс компаниялары айналысып жатыр. Алайда көптеген құрылыс компаниялары өздерінің жұмысын уақытында орындай алмай, халықтың сенімінен шығып қалды. Әрі олардың салған үйлерінің бағасы тым қымбат, сапасы да нашар. Осы ретте егер біз тендер өткізу арқылы жеке компанияларға берген ақшаны әскери құрылыс батальондарына аударатын болсақ, онда қатаң тәртіптің арқасында тұрғын үйлерді сапалы әрі дер кезінде бітіруге мүмкіндік алар едік. Сондықтан бұрынғы бар механизмнің бойына қайтадан қан жүгіртіп, қазіргі заманға лайықтап жасай білуіміз қажет. Осы арқылы әскердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға әрі халықты арзан баспанамен қамтамасыз етуге болады.
Жасыратыны жоқ, бүгінде әскери салада әлімжеттік тыйылмай келеді. Жастар не істерін білмей, біріне-бірі күш көрсетуде. Тіпті өлім де көбейіп жатыр. Осы ретте әскердегі жастарға жұмыс тауып берсек, бұл әлдеқайда тиімді болмай ма?! Әрі сарбаздар да әскерге барып келгеннен кейін құрылыс саласының дайын маманы болып шығады. Кезінде әскери құрылыс батальондарында жұмыс істеген сарбаздар үйіне қайтқанда кәдімгідей қомақты ақшамен шығатын. Тіпті әскери билетіне қосымша осы мамандықты қосып жазып берсе, оның келешекте жұмысқа орналасуына да көп көмегін тигізеді. Сондықтан біз әскери құрылыс батальондарын құрып, оларға қаржы төлеу мәселесін жолға қойсақ, онда жастар да әскерден қашуға емес, қайта баруға асығар еді, – дейді Болат Санабайұлы.
Әлбетте, жастардың барлығы әскерге барудан қашып жүр деуден аулақпыз. Олардың арасында Қарулы Күштердің сапында өз азаматтық борышын абыройлы өтеп келгендер де аз емес. Солардың бірі – Бәйдібек Қуатбай. Ол өз борышын Жетісу облысы, Іле ауданы, Жетіген ауылында орналасқан әскери бөлімшеде өтеген. Оның айтуынша, әскер оның мінезін, өмірге деген көзқарасын түбегейлі өзгерткен.
– Мектеп қабырғасынан тентектігім басым болды. Әскери борышымды өтеуге 20 жасымда аттандым. Ол жерде тура бір жыл болдым. Әскерге барғанға дейін бұзықтау болғанмын. Кез келген іске байыппен қарамайтын, жауапкершілікті терең сезінбедім, жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүрген кезім еді. Әскерге барғанға дейінгі және келгеннен кейінгі Бәйдібектің арасы жер мен көктей. Өйткені әскер мені көп нәрсеге үйретті. Мысалы, өмірге үлкендерше қарай бастадым. Ең бірінші, ата-анамның, бауырларымның, туыстарымның, достарымның қадірін терең түсіндім. Себебі кейде ата-анамыздың қадірін түсінбей кететін сәт болады. Содан соң уақыттың, ақшаның қадірін білдім. Осылай өмірден біраз нәрсені түйдім. Бір сөзбен айтқанда, әскер мені жақсы жағынан өзгертті. Әскерден келіп, бұзықтығым да басылды. Сондықтан әскерге барғаныма қатты қуанамын. Көп жағдайда ата-аналар балаларын әскерге жібергісі келмейді. Бірі әскери тәртіптен қорқады, енді бірі әлімжеттікті алға тартады. Алғашында шақырту қағазы келгенде, өзім не істерімді білмей қалдым. Алайда сол сәтте әкем: «Азаматтық борышыңды өтеп келесің, артыңнан ерген інілеріңе де үлгі боласың», – деп ақылын айтып, батасын берген соң ойланбастан аттанып кеттім. Сол сөз маған үлкен қолдау берді. Әскерде ұқыптылыққа, уақытты тиімді пайдалануға, сабырлы, шыдамды болуға дағдыландым. Сонымен қатар шапшаң қимылдауды, бастаған істі кейінге қалдырмай, соңына дейін жеткізуді де үйрендім. Әскердің кемшілігін көрмедім. Қазір бір жыл деген ештеңе емес. Кезінде әкелеріміз бір емес, екі-үш жыл әскери борышын өтеп келген, тіпті ол кезде тәртіп те қатаң болған. Көпшілік әскерге барған адам физикалық, психологиялық зақым алады деп үрейленеді. Дегенмен бұл әр адамның өзіне байланысты. Оның кедергілерге төтеп беруі үйде алған тәрбиесіне және мінезіне байланысты болады. Менде мұндай жағдайлардың бірі де кездескен жоқ, – дейді ол.
Үш айда үш баласын әскерге жіберген әке Талғат Аманов та өзгелерге үлгі.
– Расында, үш ұлымды кезек-кезек әскерге жіберемін деген ой бұрын-соңды түсіме де кірмепті. Балалардың шешімі, шыны керек, өзімізге де күтпеген жаңалық болды. Соған қарамастан олардың мұнысына қарсы келе алмадым. Себебі өзім балаларымды буыны қатая бастаған кезден спортқа баулып, патриоттық тәрбиеге де сол сәттен мән берген адаммын. Біз Кеңес үкіметі тұсында 2 жылдық әскерді көрдік. Есейдік, шынықтық, қатайдық, жаңа достар таптық. Меніңше, патриоттық тәрбиенің қайнаған ортасы әскерде. «Ер жігіттің мойнында қыл арқан шірімес» деген. Сондықтан жас баланың отбасынан жырақта жүріп, Отан алдындағы борышын өтеймін деген тілегіне тосқауыл бола алмайсың.
Әскерге бірінші ортаншы ұлым Айдын аттанды. Ол бір ай Алматыдағы әскери бөлімде болса, кейін Ақтауға теңіз әскерінің қатарына қосылды. Артынша 1999 жылы туған үлкен ұлым Айбек те портты қалаға жол тартты. Кейін ағаларына қарап бой түзеп жүрген 18 жасар ұлымыз Айдос та әскерге баратынын айтып, Қостанайдағы Ұлттық ұлан жауынгерлерінің қатарында сап түзеді. Демалыс күндері ұлдарым хабарласқанда хал-жағдай сұрасып тұрамыз. Үшеуі де әскери өмірге бейімделгенін айтуда, – дейді сарбаздардың әкесі.
Жалпы биыл елімізде көктемгі және күзгі маусымда 37 056 адамды әскерге шақыру жоспарланған. Оның 2 500-ден астамы Жамбыл облысына тиесілі. Заңға сәйкес, әскер қатарына 18-27 жас аралығындағы азаматтар шақыртылады. Ал одан тек әскерге шақырту алған кезде үйленген және кем дегенде бір баласы бар, өз туыстарының жалғыз асыраушысы ретінде танылған азаматтар босатылады. Сонымен қатар білім беру ұйымдарында ортақ орта, күндізгі оқу нысанында техникалық, кәсіби және жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі кәсіби білім алып жатқан азаматтар да әскерге уақытша жіберілмейді. Бірақ ол үшін соны дәлелдейтін арнайы анықтаманы тиісті әскери басқармаға өткізуі тиіс. Ал мерзімді әскери қызметке шақырудан бас тартқан азаматтарға ҚР Қыл- мыстық Кодексінің №387-бабына сәйкес, әскери қызметтен жалтару ісі бойынша қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Бұл туралы Кодексте: «Әскери қызметтен босатуға заңды негіздер болмаған кезде одан жалтарғандарға бір мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салынады немесе бір жылға дейін бас бостандығын шектеп, түзеу жұмыстарына жіберіледі, көрсетілген мерзімге бас бостандығынан айырылады. Сондай-ақ әскерге бармау үшін өз денсаулығына зиян келтіріп, жалған құжат жасау немесе әскерге бармаудың амалын жасағандарға үш мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салынады немесе үш жылға дейінгі мерзімге бас бос- тандығы шектеледі», – деп нақты көрсетілген.
Осы тұста ерекше атап өтерлігі, биылдан бастап әскери борышын өтеген жастарға бірнеше жеңілдіктер жасалмақ. Мәселен, мерзімді әскери қызметін өтеп келгендер жоғары оқу орнына тегін түсе алады. Яғни оларға ҰБТ-ны есепке алмай, әңгімелесу нәтижесі бойынша екі жыл ішінде ақылы негізде жоғары оқу орнына түсуге, ЖОО әскери кафедрасында тегін оқуға, мерзімді әскери қызметті өтеу кезіндегі жетістіктеріне қарай жоғары оқу орнының грантын иеленуге және әскери оқу орындарында емтихансыз және ҰБТ-сыз білім алуға мүмкіндік беріледі. Сонымен қатар әскери қызметті өткеріп жүрген азаматтар биылдан бастап кредит демалысына да қол жеткізеді. Мұның барлығы жастарды Қарулы Күштердің қатарына тартудың амалы екені сөзсіз. Алайда бұл бастамалар қаншалықты жемісін беретінін алдағы уақыт көрсетпек.
Құрбанәлі Шахабай