«Мынауыңды басқаға айта көрме»
Көкқайнар ауылында Ашхат деген айтқыш кісі тұрады. Әділ Жақыпов деген кісі де Көкқайнар ауылында тұрып, Жданов деп аталған ұжымшарды басқарады. Бастық кезінде Ашекеңе біраз қаталдық танытса керек. Кейін екеуінің әзілдері жарасып кетіпті.
Арада біраз жылдар өткенде Ашекең, Әділ (Әдекең ол кезде бастық емес), Құрманқұл Кішібаев деген ақын үшеуі аудан орталығында бірге келе жатады. Сонда алдарынан Әшімқұл Тілеужанов деген кісі шығып:
– Әй, Ашхат, ауданда жайша жүрсіз бе? – деп сұрапты. Сонда Ашхат:
– Мынау Әділ бастық кезінде қолыңнан жұмыс келмейді деп қаңғыртып жіберіп еді. Мұның орнына бастық боп келген Мирон Қаратаев қолыңнан іс келеді деп маған төрт жұмысты қатар берді. Әуелі есепшілікке алып, артынан гараж меңгерушісі етті. Оған қоса коммендант жұмыстарын да атқарып жүрмін. Осыны жұрттар көре алмай жүре ме деп, әсіресе, мынау Құрманқұлдың тыныш жүрмейтіні бар. Соған ауызбастырық жасап жүрмін, – депті. Сонда Әділ:
– Ойбай, Әшеке, мынауыңды бізден басқаға айта көрме. Айыбымды жуу менен болсын, – депті. Артынша бір малын сойып, әлгілердің бәрін тамаққа шақырып, даудан құтылған екен. Сол малдың басын мүжіп отырып Ашхат айтқыш:
– Әдеке, мұныңыз өте дұрыс болды. Әділ бастық болып атыңыз шықпаса да, жомарттықпен атыңыз шығатын болды, – деп жұртты ду күлдіріпті.
Сәт МӘЛІБЕКОВ,
зейнеткер.
Шу ауданы