ЖҮРЕГІМЕ ҮҢІЛДІМ…
Джалаладдин Румидің: «Мен Құдайды христиандардан іздедім, бірақ Ол крестен табылмады. Одан соң индуистердің храмында және буддистердің ежелгі шіркеуінде болдым, бірақ олардын Оның өзі түгіл, ізін де таба алмадым. Қағбаға келдім, бірақ Құдай ол жақта да жоқ болып шықты. Сол кезде мен өзімнің жүрегіме үңілдім. Еш жерден таппаған Жаратушымды көрдім…» сөздерді «ЖҮРЕГІМЕ ҮҢІЛДІМ…» өлеңінің тууына себепші болды
Көру үшін бір рет,
Өзіңді іздеп, Құдірет,
Талай жерді таптадым,
Бірақ Сені таппадым.
Тыншиды ма бұл кеуде,
Ендім зәулім шіркеуге.
Бойы көкпен тірескен
Таба алмадым өзіңді
Күмбездегі кірестен.
Осы ма деп тұрағың,
Сүзіп шықтым көзіммен
Иудаистер храмын.
Ол да сенің, Құдайым,
Емес екен тұрағың.
Енейін деп күйіне,
Кірдім будда үйіне.
Ғибадатхана монағы
Тас мүсінді көрсетіп
Осы деді құдайың.
О, Жаратқан, Құдірет!
Іздесем де күнімен
Жүзің тұрмақ, ізіңді
Көре алмадым бірінен.
Таусылған соң шыдамым,
Жағып үміт шырағын,
Бардым іздеп Қағбаға.
Молда шықты алдымнан
Келіңіз деп тәубаға.
Мен олардан түңілдім,
Жүрегіме үңілдім.
О, Құдірет — Жасаған!
Сонда ғана түсіндім,
Сенің ұлы мекенің
Ж Ү Р Е Г І М Д Е Е К Е Н І Н.
Джалаладдин Румидің шығармасы.
Өлеңге айналдырған Мұқтарбек Тұрысбекұлы 12.02.23 ж.