Баламасы жоқ орталық ашылды
Облыс орталығында жұртшылықты мазалаған мәселелерді жедел түрде шешетін әрі оның орындалуын бақылауға алып, мониторинг жасайтын ахуалдық орталық өз жұмысын бастады. Жамбылдықтардың денсаулығына қатысты деректер базасын біріктіретін бұл орталық кез келген жағдайды алдын ала біліп, соған сай әрекет ететін және өңірді бір орталықтан басқаруға бағытталған бірегей жоба. Қазына қаражатына салмақ түсірмеген жоба облыстық денсаулық сақтау басқармасының базасында, сондай-ақ №2 қалалық емханаға орналастырылған.
Аймақтың бас дәрігері Жанар Оспанова аталған орталықтың көмегімен электронды түрде облыстың барлық емдеу мекемелеріндегі бос төсектер, дәрігерлердің қабылдаулары мен портал бойынша ота жасату үшін кезекте тұрғандардың тізімін білу мүмкін екенін атап өтті.
– Біз өңірде көрсетілетін медициналық қызметтердің, медициналық ұйымдардың және облыстың денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің сапасын бақылау, сондай-ақ мониторингілеу үшін ахуалдық орталық аштық. Орталықтың тұрғындар үшін де, қызмет көрсету орындары үшін де пайдасы өте зор болмақ. Өйткені мұндағы қызмет кез келген жағдайды шешу үшін жедел әрекет етеді. Бұл орталықтың электрондық жүйелері арқылы жүкті әйелдердің, сонымен қатар онкологиялық және туберкулез ауруларымен ауыратын науқастардың есепте тұрғаны немесе шығарылғаны әп-сәтте анықталады. Бұдан бөлек, дәрігерлердің шақырту бойынша тұрғын үйге баруы, активтердің орындалуы, науқастар мен емхана арасындағы кері байланыс, белгіленген көрсеткіштердің орындалу деңгейі, тіпті еңбекке жарамсыздық парақтары да назарға алынады. Қазіргі уақытта облыстық денсаулық сақтау басқармасы жанындағы ахуалдық орталықта үш қызметкер бар, – деді Жанар Мықтыбекқызы.
Ведомство басшысы мұндай орталықтар медициналық қызметтердің сапасын бақылап қана қоймай, ашықтықты қамтамасыз етуде және сыбайлас жемқорлықтың алдын алуда оң ықпал ететінін де жеткізді. Айта кетейік, дәл осындай орталық бірер жыл бұрын Меркі ауданында ашылған болатын.
Есен ӨТЕУЛІ, Aqjol Aqparat