Жұмыссыздар саны азайып келеді
Облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің бастамасымен аймақтың даму жоспары жасалып, оған 2025 жылға дейін атқарылуы тиіс жобалар енгізілген болатын. Даму жоспарында қала, аудандар мен ауылдық округтерде атқарылатын жеке инвестициялық, бюджеттік және жұмыспен қамту аясында іске асырылатын жобалар қамтылған. Жамбыл ауданы да өткен жылдан бастап осы жобалар аясында табысты жұмыс атқарып келеді.
– Жобада көзделген басты мақсат – әрбір елді мекен бөлінісінде бюджеттік және бюджеттен тыс инвестициялық және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыра отырып, ауыл халқының табысын арттыру, тұрмыс жағдайын жақсарту. Осы жоба аясында ауданда былтырдан бері қолға алынып, нәтиже берген жобалар баршылық. Біз өңір экономикасын дамытамыз десек – алдымен ауылдық аумақтарды дамытуымыз керек. Ол үшін жаңа жұмыс орындарын құратын агроөнеркәсіп кешені, шағын және орта кәсіпкерлік саласындағы жобаларды іске асырған абзал. Ауданға қарасты 17 ауылдық округте ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп салаларында 2025 жылға дейін құны 30,8 миллиард теңгені құрайтын 115 жобаны іске асыру көзделген. Осы жобаларды іске асыра отырып, 793 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Оның 180-і тұрақты, 87-сі уақытша. Ал ауыл шаруашылығында – 267, өнеркәсіп саласында 526 жұмыс орнын ашуды жоспарлап отырмыз, – дейді Жамбыл ауданының әкімі Ерлан Қыдыралыұлы.
Жамбыл ауданында жеке инвесторлардың есебінен агроөнеркәсіп кешенін дамыту сегіз бағытта жүзеге асырылып, 58 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Оның 6-уы былтыр іске асқан. Жалпы өткен жылы ауданда 46 жылыжай салынған. Бұдан бөлек, үш жеміс және көкөніс сақтау қоймасы, екі сүт өңдеу кәсіпорны, бір-бірден құрама жем цехы мен сүт тауарлы фермасы, мал бордақылау алаңы мен құс етін консервілеу цехы және құс саңырығын өңдеу кәсіпорны құрылған. Атқарылған осы жұмыстардың нәтижесінде еңбек өнімділігі ауданда 2,7 пайызға, ал экономикалық өсім 1,6 миллион теңгеден 4,3 миллион теңгеге дейін, ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 10 пайызға дейін жоғарылаған.
Өнеркәсіп саласына тоқталар болсақ, мұнда алты бағытта 57 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Оның 24-і өткен жылы іске қосылған. Бүгінгі таңда өңдеу өнеркәсібімен 19 кәсіпорын айналысса, оның 8-і былтыр іске қосылған өндіріс ошақтары. Бұдан бөлек, екі тамақ өнеркәсібі мен бір жарық энергетика кешені салынған. Бір балық шаруашылығы, үш туристік, 12 өзге де қызмет көрсету бағытында шағын жобалар іске асырылған болатын. Осы іске асырылған жобалар есебінен 124 жұмыс орны құрылған.
– Бюджет қаражаты есебінен 2025 жылға дейін құны 34 миллиард теңгені құрайтын, жалпы 151 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Бұл жобалар жүзеге асқанда 767 жұмыс орны ашылатын болады. Ал білім саласында 12,7 миллиард теңгені құрайтын 20 жоба іске асырылып, 11 білім нысанының құрылысы жүргізіледі. Бұдан бөлек, Б.Кейкиев, Әйтиев, Төле би, Чкалов, Б.Момышұлы, Ә.Тарази атындағы және Құмтиын, Еңбек, Жасөркен орта мектептері күрделі жөндеуден өткізілетін болады. Президентіміздің «Жайлы мектеп» жобасына Шайқорық ауылындағы үш ауысымда жұмыс істеп жатқан білім ошағы ұсынылып отыр, – дейді Ерлан Қыдыралыұлы.
Ал денсаулық саласында жалпы құны 2,3 миллиард теңгені құрайтын 24 жоба іске асырылған. Алда 16 нысанда құрылыс жұмысы, 5 нысанда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмек.
Спорт саласында 14 дене шынықтыру- сауықтыру кешенінің құрылыс жұмысын жүргізу және екі нысанды күрделі жөндеуден өткізу көзделген. Сөйтіп бұл салада алдағы жылдары 104 тұрақты жұмыс орны ашылатын болады. Осының нәтижесінде спорт нысандарының жаңаруы 61 пайызға жетпек. Бұл бірінші кезекте өскелең ұрпақтың бос уақытын тиімді пайдалануына мүмкіндік берері анық. Ал мәдениет саласы бойынша төрт мәдениет нысанын соғып, Қызылқайнар, Ақбұлым, Аса ауылдарында ел игілігіне беру көзделсе, Аса ауылындағы орталық мәдениет үйі күрделі жөндеуден өткізілетін болды.
Бүгінгі таңда ауданда тұрғын үй кезегінде 1832, жеке тұрғын үй құрылысына берілетін жер телімінің кезегінде 14672 адам тұр. Ауданның даму жоспары шегінде 2025 жылға дейін 4200 шаршы метрді құрайтын бір көпқабатты тұрғын үйді пайдалануға беру арқылы 80 отбасы баспанамен қамту жоспарланған. 2021- 2022 жылдары 7 елді мекеннің жаңа тұрғын үй алқабына электр желісін, таза ауыз су жүйесі мен газ тарту жұмыстары аяқталып, 1864 жер телімі беріліпті. Алдағы үш жылда 42 елді мекенді толықтай таза ауыз сумен қамту жоспарланған. Ол үшін 12 елді мекендегі таза ауыз су құбырын жүргізу үшін 7,5 миллион теңге қаралған. Газ тарту бойынша 9 жоба қолға алынған. Осының аясында 13 елді мекенде жүргізілген құрылыс жұмыстарынан кейін оның 9-ына көгілдір отын берілді.
Жұмыспен қамту бағытында 2025 жылға дейін ауданның даму жоспарына сәйкес 6897 жұмыс орны ашылмақ. Оның 2648-і тұрақты, 4249-ы уақытша жұмыс орындары болмақ.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын құру» тапсырмасы өткен жылы 24 пайызға артық орындалып, ауданда 1465 уақытша, 611 тұрақты жұмыс орны құрылды. Аймақтың даму жоспарының жобасында еңбек нарығына жаңадан келетін жастар мен жұмыссыздардың ағыны да ескерілген. Жеке инвестициялық және бюджеттік жобалар аясында өңіріміздегі жұмыссыздық деңгейін 4,3 пайызға, ал жастар арасындағы жұмыссыздықты 2,7 пайызға дейін төмендеттік, – дейді Ерлан Қыдыралыұлы.
Марат ҚҰЛИБАЕВ Жамбыл ауданы