Үшжақты комиссияның отырысы өтті
Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеровтің төрағалығымен әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі үшжақты комиссияның отырысы өтті.
Басқосуда еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Жарылқасын Айтақов баяндама жасап, қалыптасып отырған ахуалға тоқталды.
Оның айтуынша, құқықтық және әкімшілік шаралар бойынша өткен жылы облыс ұйымдары мен кәсіпорындарында жоспардан тыс 147 тексеру мен 18 профилактикалық бақылау жүргізіліп, 223 бұзушылықтар анықталды.
Анықталған заң бұзушылықтарға қатысты жұмыс берушілерге орындалуы міндетті 84 нұсқама беріліп, заңды және лауазымды тұлғаларға қатысты 14 ескерту және 26 әкімшілік құқық бұзушылық туралы қаулылар шығарылды. 7,1 млн. теңгеден астам әкімшілік айыппұл салынып, олар толық өндірілді.
Нәтижесінде 219 еңбек заңнамасының бұзушылықтары жойылып,
3430 жұмыскердің құқықтары қорғалды.
— Еңбек инспекторларымен басқармаға келіп түскен 763 жеке және заңды тұлғалардың арыз-шағымдарының 590-ы өндіріске алынып, 308-і қанағаттандырылса, 151-і бойынша түсіндірмелер берілді. 173-і тиістілігіне қарай басқа мемлекеттік органдарға жолданды. Ал, 130 арыз жұмыс беруші мен жұмыскерді татуластыру арқылы шешімдерін тапты,-деген басқарма басшысы еңбек шарттарын заңдастыру, ұжымдық шарттарды бекіту бойынша және өзге де атқарылып жатқан жұмыстарды да атап өтті.
Нұржан Календеров көрсеткіші төмен аудан әкімінің орынбасарлары мен кәсіпорындардан жеке-жеке жауаптар алып, нақты міндеттер жүктеді. Атап айтсақ, жауаптыларға қала мен аудан әкімдіктеріне жұмыскер еңбек міндеттерін атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру, «Халықтық бақылау» жобасы мен «Нөлдік жарақаттану — Vision Zero» тұжырымдамасын енгізу бойынша жұмысты тиісті деңгейде жүргізу, еңбек дауларына жол бермеу, жалақы қарызы орын алған кәсіпорындардағы жалақыны заң шеңберінде толығымен өтеу тапсырылды.
Жамбыл облысы әкімдігі