Талас ауданында көп балалы аналардың қатары толықты
Мемлекет басшысы Қасым—Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2022 жылғы 23 желтоқсандағы №64 Жарлығына сәйкес, ауданымыздың 5 анасы «Алтын алқамен», 19 ана» Күміс Алқамен» наградталды.
Ұрпағының санын арттырып, ел демографиясына үлес қосқан ақ жаулықты аналарды Талас ауданы әкімінің орынбасары Айтолқын Абдибекова қабылдап, Мемлекет басшысының 2022 жылғы 23 желтоқсандағы №64 Жарлығына сәйкес аналарға Алтын және Күміс алқалар табыстады.
– Еліміздің демографиялық ахуалын жақсартуға қосқан сүбелі үлестеріңіз үшін алғыс білдіреміз! Әр адамның арманы-баласын биіктен көру. Өсіріп отырған ұл-қыздарыңыз еліміздің нағыз патриоты боларына сеніміміз мол. Баршаңызға мықты денсаулық, мызғымас береке-бірлік тілеймін. Отбасыларыңыздың ұйытқысы болып, ақ жаулықты әже атаныңыздар,-деді Айтолқын Серікқызы құттықтау сөзінде.
Еске салар болсақ, «Алтын алқа», «Күміс алқа» көп балалы аналарды марапаттайтын награда алты, жеті немесе одан да көп баласы бар аналарға беріледі. 1995 жылы 12 желтоқсандағы № 2676 санды «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік наградалары туралы» Заңымен бекітілді.
Жібек бауға тағылған алқада алақанда аяланған сәбидің бейнесі және күн шапағы бейнеленіп, айшықты өрнекпен көмкерілген.