ШУЛЫҚ ШАРУАЛАР ҚОРДАЙЛЫҚ КӘСІПКЕРЛЕРМЕН ТӘЖІРИБЕ АЛМАСТЫ

Жалпы қай өңірде болмасын кәсіпкерлік саласын дамытпай, жаңа жұмыс орындарын ашу мүмкін емес. Сол себепті де, ең алдымен жеке кәсіпке бет бұруға ниетті тұрғындарға жол көрсетіп, бағыт беруіміз қажет.

Осы мақсатта бүгін көршілес Қордай ауданындағы «ECO Chicken» модульді құс фермасында болдық. Кез келген нәрсені көзбен көріп, қолмен ұстағанда ғана сенім пайда болып, нақты нәтиже берері анық. Сондықтан да бұл кездесуге ауданымыздағы ауыл әкімдері мен әр ауылдағы шаруа қожалық жетекшілерін арнайы алып келдік. Бұл бір шетінен тәжірибе алмасу болса, екіншіден шаруалардың кәсіп бастауына үлкен мүмкіндік тудырып отыр.

Өйткені Қордайдағы іргелі құс фермасының басшылығы дәл осы кәсіппен айналысамын деген шаруаларға қолдау білдіріп, түрлі жеңілдіктер қарастырмақ. Мәселен, жеке кәсіпкер 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие алып, құс фермасына қажетті инфрақұрылымды жасап, келісімшартқа отырса, «ECO Chicken» құс фермасының өкілдері 1600 бас етті балапанды өздері жеткізіп береді. Сондай-ақ, балапандарды емдеуге, дәрі-дәрмек алуға, тамақтандыруға қажетті шығынды да өздері өтеп береді. Оған қоса, балапандар ет жинап, дайын болған кезінде өздері сатып алады. Тұтастай алғанда, шаруалардың міндеті — балапанды баптап, бағып беру ғана.

Бұдан бөлек, жыл сайын Қордай ауданындағы дүнген ағайындар ауданымызға келіп, пияз егумен айналысады. Осыған орай, облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек пен Қордай ауданының әкімі Бегзат Болатбектің қатысуымен Масаншы ауылындағы жергілікті дүнген ұлтының өкілдерімен кездесіп, пиязға қосымша қант қызылшасын егу туралы ұсынысымызды жеткіздік. Бұл ретте, қызылша егуге ниетті шаруаларға көрсетілетін бірқатар жеңілдіктерді де атап өттік. Ауданымыздан арнайы барған ауыл әкімдері мен шаруа қожалық жетекшілері Қордай ауданындағы іргелі жылыжай кешендерімен және мал бордақылау алаңдарымен де танысып, тәжірибе алмасты.

Бақытжан Жәнібеков , Шу ауданының әкімі