«Қыз алыспайтын жер»
Кеше мынадай бір жағдай болды.
Бір тойға — жаңа түскен келіннің бетін ашуға барғанмын. (Кейде тойда жүрген жігіттер өтініш жасап, аяқ астынан бір-бірімізге осылай баратынымыз бар) Той болатын мейрамханаға сәл ертерек жеттім. Барып, той қонақтары жазылған тізіммен таныстым. Отау құрып жатқан жігіт Он екі ата Байұлының ішінде «Шеркеш» руынан екен. Нағашылары Он екі ата Байұлы «Ысықтар». Тізімді әрі қарай оқи бастадым. Бір кезде «Жаңа құдалар» — «Табындар» — деп жазылып тұр екен. Табынның қайсысы екен? — деген ой келді. (Табындар бір-бірінен қыз алысады) Сонда да сұрастыра бастадым. Бір уақытта Қаражон Табын екені белгілі болды. (Бірден бір-екі жігіттерге хабарласып қойдым. Жаңа құдалары тікелей менің үлкен аталарымнан тараған болса, маған бет ашуға болмайды) Қаражоннан Ысық, Нәдір, Болат үш бала тарайды. Үш атаның балалары кешегі күнге дейін (нақты уақытын білмей тұрмын) бір-бірінен қыз алмаған. Кейіннен жеті атадан тағы бірнеше ата асып кеткеннен кейін үш атаның балаларына бір-бірінен қыз алуға рұқсат етілген. Енді жоғарыдағы әңгімемді жалғастырайын. Қаражонның қайсысы деп әрі қарай сұрастырдым. Бірақ, анығын білетін адам табылмады. Жаным тыныштық тапппай, мейрамханның төменгі қабатына түссем, өзім жақсы араласып жүрген Абай деген (Қаражон Ысық) ағам тұр екен. Амандасып, құшақтасып, хал жағдай сұрасып алдық.
— Қонаққа келдіңізба аға?
— Иә, осында бір қарындасымыз келін болып түсіп жатыр. Қарындасымыз болғанда… маған нағашылығы бар. Сенің жақын қарындасың. Қаражон Болат Құрман — деді Абай ағам. Мен болған жайды қысқаша түсіндірдім да жанталасып бет ашатын адам іздей бастадым. (Мана тел шалған достарым бос емес еді) Той болса басталуға жақын. Асаба, не болып кетті — деп түсінбей жүр. Мен оны ұятқа қалдырмауым керек. Сасқанда «Бет ашып» жүрген жігіттер де бірден еске түспей жатыр. Бір жерлерден…. туған қарындасы болмаса болды емеспа? — аша бермейма? Ақшасын алса болды емеспа? — деген сөздер де естіліп қалды. Жооооқ, мен біліп тұрып олай жасай алмаймын. Келін болып түсіп жатқан қарындасымның ата-анасын жақсы танымасам да, жақсы араласпасам да, түптеп келгенде «қыз алыспайтын жер» болғасын болды. Содан Ақыл деген досыма тел шалдым.
— Ақыл, қазір боссыңба? Сондай жағдай болып тұр. Өтініш! Келе аласыңба?
— Ол. Иә, босын. Болды, түсіндім. Қазір барамын — деді.
— Қуанып кеттім. Бар жоғы бес-алты минутта Ақыл да келді. Қасында Төртқара Жақсылық досымыз бар екен. (Жақсылық бір тойдан шығып, екеуі мен жүрген мейрамхананың қасынан өтіп бара жатыр екен. Маған қандай жақсы болды) Той асабасы Салауат, бас қосқан жұптарды қошеметпен жиналған халықтың ортасына шақырды. Жақсылық бет ашты. Көңілім орнына түсті. Бір сөзімді жерге тастамаған жігіттерге Алла разы болсын! «Алла абырой бергейсің» деп жиі айтатын дұғамыздың арқасы шығар. Шаруа тез шешімін тапты.
PS. Тағы да айтам(ын) мұндайға мән бермесе де боладығо? — дейтіндер болуы мүмкін. Жоооқ олай емес. Мән беру керек. Біздің қазақ халқының мәдениеті осындай салт-дәстүрімізбен, қазақи қағидамызбен ғана ерекше. Біздің басқа елден артықшылығымыз осындай салт-дәстүрімізде. Сыйластығымызда. Ар-ұятымызда.
Мұратбек Тәжіғұлов парақшасынан.