ШЫҢҒЫС ХАН
Шыңғыс хан-Бүкіл әлемге танылған тұлға. Ұлы тұлға, ұлы қолбасы. Ұлы мемлекет, ұлы империя құрған адам. Ол бәрінен жоғары, Шыңғысхан қазақтың ұғымында әулие, ұлы хан.
Орыс совет идеологиясы келіп жеткенге дейін бүкіл қазақ Шыңғыс ханды құрметтеген, қадір тұтқан.
Ал,одан кейін ұлттық санамыздан айырылғанымыз соншалық, орыстың идеологиясымен, орыс болған да үлкен ғылымның идеологиясымен ғана емес, мектеп оқулығы дәрежесіндегі шовинистік идеологиямен әбден миымыз уланған.
Шыңғыс ханды әлі күнге жауыз, деп жүргендер сол санадан әлі арыла алмай отыр.
Қазақтың жағдайы түсінікті 70 жылдың ішінде ұлттық санасынан дәстүр-салтынан айырылды. Қымыз ішуді, құрт қайнатуды ұмытып, барынан айырылды. Ол түсінікті жағдай, идеология солай болды. Қазаққа кінә қоймай-ақ қояйық.
Шыңғыс ханды қанша жамандағанмен, жаман боп қалмайды. Бүкіл дүниежүзі мойындап отыр. Шыңғыс ханды Жапон өзіне, Қытай өзіне тартады. Орыстар Славян болды деп өзіне тартып жатыр.
Ал шын мұрагері, шын ұрпағы бола тұра, біз одан қашып құтыла алмай жатырмыз.
Шын мәнінде, Шыңғыс ханның бейнесі, шын тарихи тұлғасы әлі ашылған жоқ. Көптеген деректер бұрмаланды, нақты жеріне жетпей айтылады. Моңғол ағайындар Совет заманында да, идеология заманында да Шыңғыс ханнан ешқашан айырылған жоқ.
Шыңғысханның бейнесін жаңадан жасау керек. Шыңғыс ханның бүкіл ғұмырбаянын толық қамтитын сол Шыңғыс хан ғана емес, XIII ғасырдағы бүкіл Түрк қауымының, Орталық Азияның тарихын айқындайтын кітап жаздым. Анық ақиқаты сол. Үш кітап бітті. Алда төртінші кітап қалды. Бір жарым екі жылдың ішінде оны да бітіріп қаламыз.
Шыңғыс хан “Отырарды қиратты” деген орынсыз сөз. Отырар Қарахан әулетінің құрамындағы шағын ғана мемлекет қала болған.
Илек хандардың басы, сұлтандардың сұлтаны деген Осман Самарқанда отырған, Османның інісі Қадыр Ферғананы билеген, сосын кіші қалаларда кіші туыстары болған. Османның немере інісі Тәж-әд-Дин Білге хан Отырарды билеп отырған. 1210 жылы парсы патшасы Хорезмшах Алладдин Мұхаммед Самарқанды басып алды.
Тәж әд-Дин Білге ханды тұтқынға алады. Османды бір жылдан кейін өлтіреді. Отырарды тонайды, қаншама халқы қырылады, қаншамасы шетке қашады. Отырар бай қала, көпестердің барлығы татар даласы Шыңғыс ханға қарай қашады. Отырарды мұсылман дінбасыларына дейін тастап кетеді. Артынан Тәж-әд-Дин Білге ханның басын алған.
Ол туралы екінші кітабымда толық жазылған. Содан кейін өзінің орнына Отырарды билеуге өзінің шешесінің әлде ағасынан, әлде інісінен туған Қайырханды отырғызады.
Ал Шыңғысхан келіп Отырарды азат еткен. Керуеннің тоналуы басқа да толып жатқан жағдайлар бар.
Бізде советтік тарих ғылымының азып тозғаны соншалық, қарақшыларды жақтай біледі. Адам қайран қалатын жағдайлар болған. Мысалы өзіміздің Сарайшық қаласы. 1480 жылы Ермак, Сарайшық қаласын басып алады. Қаладағы бүкіл халықты қырады. Ең соңында Алтын Орда хандарының күмбездері бар қабірді, сүйектерді қазып алып, үйіп өртейді.
Соны кезінде Иван Грозныйдың
өзі айыптаған.
Совет тарихшылары дұрыс жасады, қаланы тазарту керек деп есептеген . Сол сияқты жағдайлар өте көп.
Шыңғыс ханның зерттелмегені соншалық. Отырар ондағы қырғын мәселесі және одан кейінгі жағдайлар да теріс пайымда баяндалады. Шыңғыс ханның нақты тарихы, Шыңғыс ханның нақты мұрагері-ҚАЗАҚ халқы. Өйткені Шыңғыс хан ту көтерген кезде кейін моңғол деп аталған татар даласындағы
25 ру-тікелей біздің бабаларымыз соның астында болған. Сосын барлық дәстүр-салты да моңғол емес, түріктік.
Шыңғыс ханның мөрінің беті түрікше жазылған. Оны ешкім теріске шығара алмайды.
Мұхтар МАҒАУИН