Төрт көзі түгел амандықта дастарқан басында отырудың өзі —бір бақыт
Таң азанда «қайырлы таң», кешке «қайырлы түн»-ді айтудың қаншалықты зор мәні бар екенін пендешілікпен ескере бермейміз. Түннен түгел шығып, күннің қызылын көру, тағы бір жарық күнді, жаңа күнді үй ішіңмен қарсы алу деген – бақыттылық түсінген адамға.
Түн – қашанда тылсым, түннің біз терең түсінбейтін құпиялары, біз білмейтін ауырлығы бар өзінше бір сырлы құбылыс. Адам бейқам балбырап ұйқы құшағында жатып, тілге келмей, соңғы сөзін айта алмай, қайтпас сапарға аттанып кетуі әбден мүмкін. Таңның қаралы болмай, қайырлы болғанына бір үйдегі үлкен-кіші «шүкір» деп, төрт көзі түгел амандықта дастарқан басында отырудың өзі —бір бақыт.
Зейнеп Ахметова «Бабалар аманаты»