Мейірімділік мекені

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында церебральды сал ауруына шалдыққан балаларға медициналық және әлеуметтік қолдау көрсету сапасын жақсарту міндетін қойды. Жолдауда көрсетілген тапсырмаларды жүзеге асыру мақсатында ел Үкіметі бұл бағыттағы іс-шаралар жоспарын әзірлеп, жұмыстар жүргізуде. Оның ішінде балаларға арналған шағын және орташа оңалту орталықтар желісін арттыру секілді істер қолға алынды.

Сондай мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалту және бейімдеу орталығы Тұрар Рысқұлов ауданының Қарақыстақ ауылынан ашылған болатын. Мұнда мүмкіндігі шектеулі балаларға сегіз бағытта қызмет көрсетіледі.

Мұндай орталықтарда туғанынан тағдырдың тауқыметін тартып, түрлі дерттің тырнағына іліккен бейкүнә балаларды қолдауға бар жағдай жасалады. Қарақыстақ мүгедек балаларды оңалту және бейімдеу орталығы дамуында түрлі бұзылыстары бар балаларға және олардың отбасына қажетті көмек беру мақсатында құрылды.

Қазіргі уақытта бұл жерде әр деңгейдегі ақыл-ой кемістігімен, ауыр тіл кемістігімен, церебральды салдануы және басқа да қимыл-тірек аппараттарының бұзылуымен және есту қабілетінің, ерік- жігерінің бұзылуымен, психикалық дамуының тежелуімен сырқаттанған балалар ем алып, өмір сүруге бейімделуде.

Орталық туылғаннан 18 жасқа дейінгі ерекше білім беруге қажеттілігі бар балалар мен жасөспірімдерге арнайы жеке түзету-дамыту бағдарламаларды іске асыратын арнайы білім беру, кешенді психологиялық-медициналық- педагогикалық көмек көрсететін ұйымдардың бірі.

Мұнда ең алдымен сан түрлі себептермен түзету көмегін басқа арнайы білім беру мекемелерінен ала алмайтын, ақыл-ойында және психикалық дамуында ауыр және терең бұзылуы бар балаларға көмек көрсетеді. Сол міндеттерді сапалы орындауға қажетті заманауи медициналық құрал-жабдықтармен де талапқа сай қамтылған.

Мүмкіндігі шектеулі балаларды жан-жақты дамыту мақсатында дефектолог, логопед, педагог-психолог, әлеуметтік маман, массаж жасаушы, дене шынықтыру нұсқаушысы, медбике, дәрігер-невропатолог, дәрігер-педиат жұмыс істейді.

Әр қабылданған баланың психофизикалық жағдайына қарай топтық бағалау құру үшін мамандар кешенді тексерулер жүргізеді. Баланы бақылау кезіндегі ақпараттарды жинап, түзету көмегін көрсету бағыты мен әдісін ұжыммен бірге талқылайды.

Яғни баланың денсаулығын тексеру, жетекші іс-әрекет түрлерінің даму деңгейін табу, танымдық және жеке эмоционалдық танымдық және жеке эмоционалдық сферасын, баланың әлеуметтік даму жағдайын, тілдік дамуын, ойын және білім қорын мамандар бірлесе отырып анықтайды.

Мамандар сондай-ақ бала жағдайын бірлесіп талқылау нәтижесі бойынша түзету-дамыту жұмысының бағытын анықтайды және түзету іс- шарасының жоғары нәтижесіне жету үшін жеке дамыту бағдарламасын құрады.

Дамыту бағдарламалары балалардың жас ерекшелігіне, қажеттілігіне қарай құрылып, топтық, жеке жұмыстар түрінде жүзеге асырылады.

Адам өміріндегі ең игі істердің бірі – мұқтаж жандарға қамқорлық жасау. Адамгершілікті биік ұстап, кісілікті ту етіп, жылы лебізімізді білдіріп, қолдан келген көмегімізді көрсете білсек – өмір де ғажап. Мейірімділік мекеніндей болған орталығымыздың ұстанымы да – осы.

Насиба ТОШТИМИРОВА,
«Қарақыстақ» мүгедек балалардыоңалту және бейімдеу орталығыныңәлеуметтік жұмыс жөніндегі маманы.
Т.Рысқұлов ауданы