Жамбыл облысында меритократия қағидатымен 160 мемлекеттік қызметшінің лауазымы жоғарылаған
Жамбыл облысында кадрлық саясатты жүзеге асыруда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, меритократия және кәсібилік қағидаттарына айрықша назар аударылуда.
Айталық, өткен жылдың кейінгі тоғыз айында (сәуір-желтоқсан) өңірдің жергілікті атқарушы органдардына барлығы 470 тағайындаулар жүргізілген. Есепті кезеңде жоғары тұрған лауазымдарға төменгі лауазымдардағы мемлекеттік қызметкерлер қатарынан конкурстық негізде жылжыту және заңнамаға сәйкес басқа да тағайындаулар бойынша меритократия қағидатын нығайту қамтамасыз етілді. Жоғары тұрған лауазымдарға ауысқан қызметкерлердің орташа жасы – 36,9.
Бұл ретте, жергілікті атқарушы органдар бойынша лауазымдық өсу – іскерлік қасиеттерге негізделе отырып, меритократия қағидаты арқылы 160 мемлекеттік қызметші (33,8%) жоғары тұрған лауазымдарға орналасты. Олардың қатарында аудандық деңгейде салалық бөлім басшылықтан аудан әкімінің орынбасарлығына көтерілген Рақымғазы Куньязов (Жуалы), Нұрсұлтан Нәрікбаев (Меркі), Бақыт Бетбаев (Шу) бар. Сондай-ақ, облыстық деңгейдегі облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары, облыс әкімі аппаратының бес бөлімінің басшысы, бес басқарма басшысы және сегіз басқарма басшысының орынбасары да осы тізімде.
Атап өту керек, өткен жылдың сәуір айынан бүгінге дейін 5 басқарма басшысы және облыс әкімі аппараты басшысының бір орынбасары аудан әкімі лауазымына тағайындалды. Олар: Меркі ауданының әкімі болған Жорабек Баубеков, Жуалы ауданының әкімі болған Жалғас Мұртаза, Т.Рысқұлов ауданының әкімі болған Ернар Есіркепов, Талас ауданының әкімі болған Нұрбол Жүнісбеков, Қордай ауданының әкімі болған Бекзат Болатбеков, Шу ауданының әкімі болған Бақытжан Жәнібеков.
Осы орайда облыстық деңгейде тәжірибе жинаған кадрлардың әлеуетін аудандардағы мәселелерді шешу, тұрғындардың тұрмыс-тіршілігін арттыру бағытындағы жұмыстарға жұмсауға мүмкіндік беріліп отыр.
Жамбыл облысы