Самғай бер, Сарысу!

О шеті мен бұ шетіне ұшқан құстың қанаты талатын, жүгірген аңның тұяғы тозатын ұлан-ғайыр Қазақ елінің қай өңірі болсын қасиетті. Ал туған жер дегенде тебіренбейтін жан жоқ шығар, сірә. Осы орайда Қасым Аманжоловтың:
Уа, дариға, алтын бесік –туған жер,
Қадіріңді келсем білмей кеше гөр.
Жата алмас ем топырағыңда тебіренбей,
Ақын болмай тасың болсам мен егер, – деп өрілетін өлең жолдары кім-кімнің де тұла бойын шымырлатып, ұшқан ұяға деген сағыныш сезімін маздата түсетіндігі сөзсіз. Міне, осындай ойлардың жетегінде біз «Өрлеу-өріс» айдарын жаңғыртып, аймақтардың өткені мен бүгіні туралы ой қозғауды жөн көріп отырмыз. Алғашқылардың қатарында Сарысу ауданына ат басын бұрып, атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы ауқымды істерге зер салдық.

Бірлігі бекем елдің тірлігі көркем

Тағылымды тарихы мен таңғажайып табиғаты үйлесім тапқан Сарысу ауданында толайым тірліктер тізбегі толастаған емес. Жергілікті жұртшылық берекелі бірліктің арқасында мерекелі тірліктің салтанат құратынын бір кісідей біледі. Сондықтан да ағайын аянып жатқан жоқ. Жүзеге асқан жұмыстар мен жұмыс жоспарлары туралы бізге аудан әкімі Марат Сұлтанғалиев әңгімелеп берді. Ортақ игілік жолында оңды істердің қолға алынғанын көріп қуандық.
– Сарысу ауданының экономикасы негізінен өнеркәсіп саласына бағытталған. Аудан өнеркәсібінің негізін «Қаратау» тау-кен өңдеу кешені мен «ЕвроХим» компаниясы құрайды. Бұл тау-кен өңдеуші кәсіпорындар фосфор шикізатын өндірумен және оны ұсақтаумен айналысып, ауданда ғана емес, облыста тау-кен өңдеу саласының дамуын қамтамасыз етіп отыр.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша, ауданда өнеркәсіп саласында 76 миллиард 416,8 миллион теңгенің өнімі өндіріліп, бұрнағы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 102,9 пайызға артты, – деді Марат Қырғызәліұлы. Аудан басшысы өзге салаларда да ілгерілеу бар екенін тілге тиек етті.
Өндірісі өркендеген өңірде ауылшаруашылық та алға басып келеді. Мұнда төрт түліктің төлін көбейтіп, төскейді малға толтырып отырған шаруалар аз емес. Сонымен қатар егін салып, жер емген диқандардың еңбегі адал. Білгеніміздей, ауданда 1 234 шаруа қожалығы тіркелсе, оның 1 138-і белсенді жұмыс атқаруда екен. Оларға тиесілі егістік алқабының көлемі 24 473 гектар болса, оның 99 пайызы игерілген.
– Аграрлық сала дамыса ауылдардың да ажары ашыла түсетіндігі сөзсіз. Бұл тұрғыда ауданда да айтарлықтай істер атқарылуда. Былтыр ауылшаруашылық өнімдерін өндіру көлемі 29 миллиард 433,6 миллион теңгені құрап, 2021 жылдың қаңтар-желтоқсан айларымен салыстырғанда 1,6 есеге немесе 11,6 миллиард теңгеге артты.
Жалпы ауданда 3,136 миллион гектар жер бар болса, оның 600 мың гектарға жуығы ауылшаруашылық алқабы. Бүгінде өңірдегі шаруалар осы ресурстарды тиімді пайдаланып, ел ырысын еселеуде.
Мемлекеттік қолдау жұмыстарының нәтижесінде төрт түлік малда өсім бар. Атап айтқанда, мүйізді ірі қара 23 967, қой-ешкі 232 751, жылқы 8 524, түйе 2 729-ға жеткізіліп, өндірілген ет пен сүт көлемі де артты. «Қамданған қапы қалмайды» демекші, биылғы мал қыстату кезеңіне қажетті мал азығы жоспарға сай орындалды, – дейді аудан әкімдігі ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрлан Молдабеков.
Бүгінде өз ісін дөңгелетіп, өрісін кеңейткен шаруалар өркениет өріне құлаш сермеуде. Осы орайда ауылшаруашылықты техникамен қамтамасыз етуге баса мән беріліп жатқаны – құптарлық қадам. Былтырдың өзінде 468,0 миллион теңгеге 73 ауылшаруашылық техникасы сатып алыныпты. Оның алтауы трактор болса, 67-сі қосалқы техникалар. Сонымен қатар көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге 15 шаруа қожалық «Кең дала» бағдарламасы арқылы 50 миллион теңге несие алған. Бұдан бөлек «Агробизнес» бағдарламасы аясында мал сатып алу бойынша жалпы құны 105,5 миллион теңгеге 6 жоба қолдау тапқан. Ал «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы аясында 27 жобаға несие берілген екен.

Инвестициялық потенциал өте жоғары

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында жаңа экономикалық саясатқа баса назар аударып, кәсіпкерлікті жүйелі түрде қолдауға қатысты нақты міндеттер жүктеген болатын. Бұл тұрғыда шағын және орта бизнесті дамытуға лайықты жағдай жасалуда. Оның жарқын мысалы Сарысу ауданында да көрініс тауып отыр. Осы орайда біз жергілікті тұрғындардың пікірін біліп көрдік.
– Шыны керек, моноқалаларды дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарлама Жаңатастың екінші тынысын ашты. Шағын шаһар адам танымастай өзгерді. Кезінде қаңырап бос қалған үйлердің жарамдылары қайта қалпына келтіріліп, пайдалануға берілді. Апатты жағдайда тұрған көпқабатты үйлер бұзылып, орындары тегістелді. Сонымен қатар кәсіпкерлік саласына да жақсы қолдау көрсетіліп жатыр. Кезінде үйлердің бұрышында кеңестік кезеңнен қалған будкалар мен ларектер тұратын. Қазір байқасаңыздар, әрбір нысан заман талабына сай жарқырап, қызмет көрсету сапасы да әлдеқайда жақсарған. Сыртқы сәулеттік стильдері де ерекше. Сонымен қатар халық саны артқан сайын ірі қалалардан ғана көретін брендтік сауда желілері өз нысандарын ашып жатыр. Сәйкесінше жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылуда. Осындай жұмыстарға қарап Жаңатастың ертеңінің бұдан да жарқын болатынына нық сенімдіміз, –дейді Жаңатас қаласының тұрғыны Медет Бегалиев.
Саудакент ауылының тұрғыны Самат Болатұлы да жастардың кәсіпкерлік бастамалары үшін гранттар бөлініп, түрлі бизнес-жобалардың жүзеге асырылып жатқанына қуанышты екенін жеткізді.
Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі берген мәліметке сүйенсек, бүгінде аймақта 4 539 шағын және орта бизнес субъектісі тіркелген. Өткен бір жылдың ішінде шағын және орта бизнес субъектілер саны 997 бірлікке артқан. Осыған қарап-ақ тұрғындардың кәсіп бастауға деген құлшынысын бағамдауға болатындай.
Енді кәсіпкерлікті қолдау шараларына тоқталсақ. «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы шеңберінде былтыр жеңілдетілген 6 пайыздық несиенің кепілдік беру тетігі және пайыздық ставканы субсидиялау арқылы 1 миллиард 42 миллион теңгеге 145 жоба іске асырылыпты.
Аудандық кәсіпкерлер палатасы арқылы кәсіпкерлік саласына арналған жеңілдетілген 6 пайыздық несиелендіру бойынша жалпы сомасы 133 миллион теңге болатын 22 жоба мақұлданып, қаржыландырылған. Бұдан бөлек «KMF» МикроҚаржыҰйымы» ЖШС аудандық филиалы арқылы «Бизнес» бағдарламасы бойынша 924 жоба 958,6 миллион теңгеге несиелендірілді. Ал жеке және шағын кәсіпорындардағы бөлшек сауда тауар айналымы 2743,6 миллион теңгені құрап, 2021 жылмен салыстырғанда 18,9 пайызға немесе 437,8 миллион теңгеге артық орындалған.
Жалпы ауданның инвестициялық потенциалы өте жоғары. Өткен жылы негізгі капиталға салынған инвестициялар 30 миллиард 684,6 миллион теңгені құрағанын білдік. Бұл әлі бастамасы. Ауданға тартылатын инвестиция көлемі ұзақ мерзімді ауқымды жобалар арқылы өсетін болады. Алдағы бес жылда инвестиция көлемі 1 триллион теңгені құрайтын маңызды жобалар іске асырылғалы отыр.
Жаңа жобалар жүзеге асатын болса, әрине, жұмыссыздар санының азаятындығы белгілі. Былтыр ауданда атаулы әлеуметтік көмек 495 отбасыға тағайындалған. Тиісті уәкілетті органда 642 азамат жұмыссыз ретінде есепте тұр. Дегенмен бұрнағы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда жұмыссыздар саны кеміген. Өткен жылы 4 686 азамат белсенді шаралармен, 2 005 адам тұрақты жұмыспен қамтылса, әлеуметтік жұмыс орындарына 81 адам жолданды. Жастар практикасы бойынша 243 маман мекеме-кәсіпорындарға жұмысқа жіберілсе, 1 080 адам қоғамдық жұмысқа тартылды. Ал 911 азамат «Бастау бизнес» оқу курсына жолдама алды. Алдағы уақытта ауқымды инвестицияның құйылуымен әлеуметтің әлеуеті әлдеқайда арта түсетіндігіне сенім мол.

«Көгілдір отын» қашан келеді?

Бұл көптің көкейіндегі сауал. Шыны керек, Сарысу ауданына газ тарту мәселесінің көтерілгеніне біраз болды. Бастапқыда «көгілдір отынды» Қаратау арқылы тарту нұсқасы да қарастырылған болатын. Кейіннен құбырды Түркістан облысының аумағымен алып келу тиімдірек деп саналды. Осы екі аралықта ауданның төрт елді мекені Амангелді газ кенішінің игілігін көріп үлгерді. Ал Жаңатас қаласы мен оның төңірегіндегі елді мекендерге табиғи газ тарту мәселесі кезең-кезеңімен шешімін табуда. Ең бастысы бұл бағытта тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Қазіргі таңда ауданда газдандыру жұмысын жалғастыру мақсатында 2 нысанның құрылысы жүргізілуде. Оның біріншісі – «Жаңатас қаласындағы «ЕвроХим-Қаратау» ЖШС-ның химиялық кешеніне дейін жоғары қысымды газ құбырының құрылысы. Жобаның жалпы құны 7,7 миллиард теңге. 2019-2021 жылдары құрылыс жұмыстарына 5,4 миллиард теңге қаралып, игерілді. 2022 жылға 1,7 миллиард теңгесі қолдау тапқан. Ал биыл Жаңатас қаласындағы 4, 5 ықшамауданда газ желісін тарту жұмысы жүргізіледі.
Ал екінші нысан – 14 елді мекенге (Қызылдихан, Маятас, Жайылма, Өндіріс, Саудакент, Игілік, Жаңаталап, Ұйым, Сыздықбаев, Ақтоғай, Жаңатас, Үшбас, Бүркітбаев, Арыстанды) газ құбырларын салу мен газдандыру жобасы. 2021 жылы жоба бойынша 2,1 миллиард теңгеге елді мекендерді газдандыру жұмыстары басталып, қазіргі таңда 8 елді мекенде газ жүйесін тарту жұмыстары толығымен аяқталды. Бұл жұмыстарға 2022 жылы 1,6 миллиард теңге бөлініп, игерілуде. Аталған жобалар іске асқан кезде Сарысу ауданының 14 елді мекеніндегі 40 мыңға жуық адам табиғи газбен қамтылады. Бір сөзбен айтқанда, шаруаның көбі бітіп, азы қалған. Енді сәл шыдасақ, «көгілдір отынның» қызығын көретін күн де туады.
Жоғарыда біз пікірлескен тұрғын Жаңатас қаласына сырттан көшіп келушілер санының артып отырғанын тілге тиек етті. Бұл негізсіз емес. Ішкі көші-қонның жақсаруы баспанаға деген сұранысты арттырып отыр. Әкімдіктегілердің айтуынша, Жаңатас қаласындағы коммуналдық меншіктегі тұрғын үйлерден пәтер алу кезегінде 1 643 адам тұр. Қажеттілікке қарай тұрғын үй салу жұмыстары да қарқын алған.
Былтыр аймақта пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы көлемі 19 607 шаршы метрді құраған. «Асарлатып үй салу» жобасы аясында Жаңатас қаласында және Саудакент, Игілік, Жайылма, Ұйым, Ә.Бүркітбаев, Тоғызкент, Ұ.Сыздықбайұлы ауылдарында әлеуметтік осал топқа жататын отбасыларға тұрғындар мен демеушілер есебінен 3 жаңа құрылыс, 4 күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Сонымен қатар Жаңатас қаласынан 4 пәтер сатып алынып, пайдалануға берілген.
Жалпы Жаңатас қаласында 97 көпқабатты тұрғын үй (6 425 пәтер) бар. Оның біреуі «Еврохим» ЖШС-ның теңгерімінде болса, 19-ы коммуналдық меншікте. Кондоминиум обьектілері ретінде 76 тұрғын үй тіркелген. Бұқараны баспанамен қамту бағытында 2-ықшамаудандағы бос тұрған №32 көпқабатты тұрғын үй қайта жаңғыртылып, биыл ел игілігіне беріледі. Сол сияқты аталған ықшамаудандағы 60 пәтерлі бос тұрған №33 көпқабатты үйді коммуналдық меншікке алу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Сондай-ақ 1 ықшамаудандағы №60 тұрғын үй комуналдық меншікке сатып алынып, кезекте тұрған бюджеттік сала қызметкеріне тапсырылады.
Сонымен қатар Жаңатас қаласының 6 ықшамауданында 80 пәтерлі 2 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы бойынша құжаттар дайындалып, бюджеттік өтінім облыстық құрылыс басқармасына өткізілді.
Тағы бір жағымды жаңалық, 2021 жылы Үшбас және Шағалалы ауылдарын сумен қамтамасыз етудің жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, мемлекеттік сараптама қорытындысы алынған. Ендігі кезекте бюджеттен қаржы бөлініп, жыл ішінде тиісті жұмыстар атқарылады. Сонымен бірге, 2023 жылы Саудакент, Тоғызкент, Ақтоғай, Саяжай маңына су жүйесін тарту жұмыстары облыстық бюджеттен қолдау тапты. Соның нәтижесінде, аудан 99 пайыз ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Қалған 3 елді мекеннің, атап айтқанда, Ақтам, Майлыкөл, Кіші Көкдала ауылдарының халық саны 200 адамға дейін болуына байланысты кешенді блок модульді қондырғы орнату көзделген екен. Былтыр Үлкен Көкдала ауылына 23,5 миллион теңгеге кешенді блок модульді қондырғысы орнатылды.
«Жол – экономиканың күретамыры» десек, бұл бағыттағы жұмыстар да ел тынысын кеңейтіп, қуанышын еселей түсуде. Аудан бойынша автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 525,5 шақырымды құрайды. Мамандар оның 78 пайызының қанағаттанарлық жағдайда екенін айтып отыр. Өткен жылы Жаңатас – Түркістан және Жайылма ауылдарына кіреберіс жолдар 287,7 миллион теңгеге орта жөндеуден өткізілді. Аудандық бюджеттен бөлінген 54 миллион теңгеге 4 елді мекеннің 4 көшесіне және «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 4 елді мекеннің 15 көшесіне 218,3 миллион теңгеге орта жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Таланттар мекені

Топырағынан талай текті тұлғалар түлеп ұшқан Сарысу ауданын таланттар мекені десек, әсте қателеспейміз. Бүгінде санғасырлық тарихы бар Саудакент ауылының кіреберісінде орналасқан Шоқай датқа Қарабекұлының мазары алыстан көз тартады. Дәулескер күйші Ықылас Дүкенұлының кесенесі де сәулетімен ерекшеленеді. Тоғыз жолдың торабындағы қасиетті орындарды жергілікті жұртшылық пен ары-бері өткен жолаушылар қауымы айрықша қастерлейді. Осынау өңірден шыққан азаматтар қазіргі таңда әр салада жемісті еңбек етіп, еліміздің өсіп-өркендеуіне өзіндік үлестерін қосып жүр. Солардың қатарында даңқты актер Асанәлі Әшімов пен белгілі сазгер Илья Жақановтың Қазақстанның Еңбек Ері атануы жерлестері үшін де үлкен қуаныш болды. Қазақтың өнері мен мәдениетіне қызмет етіп жүрген қос тұлға да былтыр 85 жасқа толды. Міне, осы айтулы датаны сарысулықтар сән-салтанатымен атап өтіп, лайықты құрмет көрсетті.
Осындай өзіндік дәстүрі қалыптасқан өңірдің өрендері де осал болмауы тиіс. Бүгінде жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Аймақта 27 мектеп бар болса, бүгінде онда 9 145 оқушы білім алуда. 27 мектептің 17-сі типтік, 10-ы ыңғайластырылған ғимаратта орналасқан. Есесіне апатты және үш аусымды мектептер жоқ. Бұл мәселе түбегейлі шешілген. Сонымен қатар 9 қосымша білім беру мекемесінде 3 823 оқушы қамтылған. Мектепке дейінгі тәрбие беретін 24 мекемеде 2 163 бала тәрбиеленуде.
Сондай-ақ ауданда 250 спорт нысанының есігі айқара ашық. Аудандағы 5 спорт мектебінде спорттың 20 түрінен 3 мыңға тарта спортшы спорт түрлерімен тұрақты айналысады, олармен 83 жаттықтырушы жұмыс жасайды. Жаңатас қаласы мен ауылдық елді мекендерде жоспарланған 127 миллион теңгеге спорттық алаңшалар мен спорттық тренажерлік құрылғылар орнатылды. Жыл ішінде 10 210 адам қатысқан 117 спорттық іс-шара өткізілді. Осындай жұмыстардың нәтижесінде былтыр аудан спортшылары республикалық, облыстық және аудандық жарыстарда 119 алтын, 82 күміс, 125 қола, барлығы 326 медальға ие болды.
Тұрғындардың рухани-мәдени сұранысын қанағаттандыру бағытында аудандағы 19 мәдениет және клуб үйлері мен 26 кітапхана ұжымы аянып жатқан жоқ. Барлық ұлттық және мемлекеттік, сонымен қатар кәсіби мерекелер аудандық мәдениет үйінің атсалысуымен өткізіліп келеді. Өткен жылы мәдениет саласында барлығы 72,8 мың адам қатысқан 2 723 мәдени іс-шара өткізілді. Оның ішінде Мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың 110 жылдығына арналған іс-шаралардың да тәрбиелік мәні зор болды. Бұдан өзге де қаншама кештер мен кездесулер ұйымдастырылып, ән мен жырдың тиегі ағытылды. «Ел іші – өнер кеніші» деп осындайда айтылған болса керек.

Жұмыла көтерген жүк жеңіл

Жыл басындағы жойқын жел жаңатастықтар мен төңіректегі ауылдардың тұрғындарын әбден әбігерге салған болатын. Қалыптасқан жағдайға байланысты ауданда төтенше жағдай жарияланды. Бірақ бір нәрсені айту керек, талай сынақпен бетпе-бет келген сарысулықтар табиғаттың бұл жолғы тосын мінезіне де төтеп берді. Қыстың көзі қырауда сабырлық сақтап, ортақ іске жұдырықтай жұмылды. Секундына 44 метр жылдамдықпен соққан дүлей дауылдың салдарынан аудан бойынша үлкенді-кішілі 1 067 нысан зақымдалған. Жедел құрылған штабтың ұтымды ұйымдастырушылығы мен көпшіліктің қолдауы нәтижесінде бүгінгі күні барлық нысан қалпына келтіріліпті. Жаңатас қаласының жылыту, ауызсу, кәріз жүйелері қалыпты жағдайда жұмыс жасауда. 25 елді мекеннің барлығына жарық берілді. Қалпына келтіру жұмыстарымен 21 бригада, 35 техника айналысты. Тазалық жұмыстарына 156 адам, 20 техника тартылып, 68 шақырым жол қардан тазаланды. 692 сынған тал-дарақ толығымен тазаланып, мұқтаждарға үлестірілді. Бұдан бөлек 205 тонна қоқыс шығарылғанын айта кету керек.
Сол күндерде полиция тарапынан 80 қызметкер мен 23 техника жұмылдырылып, 17 автокөлік, 61 адам құтқарылды. Барлық бағыттағы жолдар ашылып, көлік қатынастары реттелді. Төтенше жағдайлар департаменті тарапынан 52 адам, 9 техника тартылып, 51 адам мен 16 техника қар құрсауынан шығарылды. Жаңатас қаласында ҚР ТЖМ тиесілі жылжымалы дизельді генератор және дизельді генераторлары бар 2 вагон кезекші режимінде тұр. Сонымен қатар аудан орталығында 4 жылыту пункті белгіленіп (аудандық мәдениет үйі, Ш.Уәлиханов, Абылайхан, Д.Қонаев мектептері), онда электр-генераторлар, жылу үргіш пушкалары қойылып, 100-ден астам адамға ыстық тамақ пен жатын орын берілді. Ауданда 14 жедел жәрдем көлігі, 3 жылжымалы медициналық кешен қызмет көрсетті. Облыстан 12 фельдшер, 8 дәрігер арнайы келді. Абырой болғанда, дауылдан жарақат алғандар жоқ. Тараз қаласынан Жаңатас қаласына 17 мың дана нан жеткізілді. Сын сағатта аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімі мен баспасөз қызметі жедел әрі шынайы ақпарат таратып, төтенше жағдайдың барысынан хабардар етіп отырды. Бүгінде қиындықтың бәрі де еңсерілді.
Ынтымақ пен бірлікті ту етіп, еселі еңбектің үлгісін көрсетіп келе жатқан Сарысу жұртшылығы ауданның абыройын ақсақтату жолында табыстың тайқазанын тасыта бермек.

Бақыт Жалғас