СЕРТИФИКАТ ТАБЫСТАЛДЫ

2023 жылдың 15-19 наурызы аралығында Катар мемлекетінің Доха қаласында «Агротех-2023» ауыл шаруашылығы өнімдерінің халықаралық көрмесі өтеді. Агроөнеркәсіп кешеніне шетелдік инвестиция тарту, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің экспорттық әлеуеті мен ғылыми мүмкіндіктерін арттыру, 60-тан астам мемлекетпен ынтымақтастық орнату, жаңа инновациялар мен технологияларды енгізу бағытында өтетін көрмеге жамбылдық шаруалар қызығушылық танытып отыр.
Осыған байланысты бүгін «Халықаралық эксперттер мен экспортёрлар одағы» заңды тұлғалар бірлестігінің өкілдері облыстағы бірқатар қайта өңдеуші кәсіпорындардың басшыларымен кездесу өткізді.
Кездесу барысында басқарма басшысы Нұрби Жігітеков тауар өндірушілерге бірлестік өкілдерін таныстырып, Катар мемлекетінде өтетін «Агротех-2023» халықаралық көрмесінің маңыздылығын атап өтті.
Одан кейін кәсіпорын басшылары мен бірлестік өкілдері экспорттаушы кәсіпкерлердің ғылыми жобаларына арналған гранттық қаржыландыру презентацияларымен танысып, өзара пікірлесті.
Кездесу соңында қайта өңдеуші кәсіпорын басшыларына арнайы сертификаттар тапсырылды.

Жамбыл облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы