ҰЛАҒАТЫ МОЛ ҰРПАҚТАР САБАҚТАСТЫҒЫ
Адамның бойында жақсы қасиеттердің болуы, өнер-білімді игеруі – өскен ортаға, сонымен бірге білім беретін ұстазға байланысты. Хәкім Абай «Ұстаздық еткен жалықпас үйретуден балаға» десе, ұлт арысы Мағжан «Алты Алаштың баласы бас қосса төрдегі орын ұстаздікі» деп қадірлі мамандықтың мәртебесін биіктетіп берді. Себебі, ұстаз – елдің болашағын тәрбиелеуші, білім нәрімен сусындатушы. Келешектің қандай болатынын да осы ұстаз қауымының еңбегімен өлшеуге болады. Еңбек демекші, облысымызда ұстаздықты ұлық тұтып, ұлағатты мамандықты еншілеген әулеттер аз емес. Солардың бірі – Сарысу ауданындағы Әбеновтер әулеті.
Әулетбасы Әбен Есмаханов 1915 жылы қазіргі Қарағанды облысы Жаңаарқа өңірі Сарысу өзені бойында, Шу болысында дүниеге келген. 1931-32 жылғы ашаршылықта Жаңаарқадағы Алшын-Жағалбайлы рулары үдере көшіп, осы күнгі Жамбыл облысы Сарысу ауданы Жайылма ауылының жеріне келіп қоныстанған. Ескіше сауаты бар, өте білімдар болғандықтан Әбен ата 1934 жылы комсомол мүшелігіне қабылданып, ауылда ересектерді сауаттандыруға ат салысты. Сарысу ауданына қарасты Қызыл ту, Ленин колхоздарындағы бастауыш мектептің мұғалімі болып жұмыс істеді. 1936 жылы Жайылма өңіріндегі колхоздарға ортақ В.И.Ленин атындағы орта мектеп ашылып, сол мектепке қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып қабылданды. Сонымен бірге мектептің аға тәлімгер қызметін қоғамдық негізде атқарған. 1938 жылдан осы Ленин мектебінің бастауыш комсомол ұйымының хатшысы болып сайланды. 1941 жылы Шымкент қаласындағы педагогикалық техникумды сырттай бітірген.
Көз көрген қариялар ол кісінің соншалықты қабілетті болғанын және ұстаздықты жанындай жақсы көргенін, сондықтан да балаларды тәрбиелеуде ерекше ілтипатқа бөленгенін әлі күнге айтады екен. Сондай сері жігіт қыздар арасында да зор құрметке ие болған дейді. Соның әсері болу керек өте сұлу, нәзік, бойынан тек ізгіліктің иісі аңқып тұратын Рақышты баурап алса керек, екеуі 1936 жылы жанұя құрады.
Рахыш апай да мектепте ұстаз, Жамбыл қаласындағы педагогикалық училищені бітірген, ізденімпаз, мінезі жібектей ару болған. Ол бір кездері Халық әртісі актер Асанәлі Әшімовті,
жазушы Пернебай Дүйсенбинді, генерал Болат Сенбинді бастауыш сыныпта оқытқан екен.
1942 жылы 22 шілдеде өз жерлестерімен бірге майданға аттанып кеткен Әбеннің артында аңырап анасы, қимай қоштасып жары және ешнәрседен хабары жоқ кішкене сәбиі Амангелдісі қалады. Сол кеткеннен жазған хаттары, алған посылкаларының анықтамалары, жіберген телеграммалары – барлығын Рақыш апа сақтап қойған.
Сол кездегі жас сарбаз Әбен Калинин майданына түсіп, Ярославль облысы Тутаев ауданы Човка станциясында болған. Тоцский деген жерде соғысқа кіріп, онда жараланып Ермаков госпиталына түседі. Сөйтіп 1942 жылы 23 қазанда үшбұрышты соңғы хаты келген, содан бері хабарсыз.
Ал артында қалған жары Рақыш болса өз білімін көтеру мақсатында Алматыдағы Абай атындағы педагогикалық институтының филология факультетіне түседі. Бірақ отбасы жағдайына байланысты мемлекеттік емтиханға бара алмаған.
Әбен атаның артында қалған Амангелдісі де әке жолын қуып, алғашқы еңбек жолын В.И.Ленин (қазіргі Әйтеке би) атындағы мектепте 1960 жылы аға тәлімгер болып бастаған. Аталған білім ордасында бастауыш сынып, еңбек, тарих пәндерінің мұғалімдері болып жүріп жоғарғы оқу орнын тәмамдайды. 2005 жылға дейін осы жоғарыда аталған мектепте жұмыс істеп зейнеткерлік демалысқа шықты. Амангелдінің жары Балкүл де осы оқу ордасын күміс медальмен бітіріп, еңбек жолын осында бастаған. 1967 жылдан 2007 жылға дейін 40 жыл бойы үздіксіз бала тәрбиесімен айналысты. 20 жыл осы орта мектепте оқу ісінің меңгерушісі болып, зейнет-
керлік демалысқа шықты. Екеуі де еңбекте абыройлы болып «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері» белгісімен, республикалық, облыстық деңгейдегі наградалармен марапатталды. Бірнеше рет республикалық конференцияларға делегат болып сайланды.
Әбен ата мен Рақыш ападан қалған Амангелді қосағымен 3 ұл, 2 қыз өсіріп тәрбиеледі. Балаларының барлығы мектепті үздік аяқтап, олар да ұстаздық мамандықты таңдады. Үш немересінің әйелдері де ұстаз. Әбен ақсақалдан тараған 17 шөберенің 4-і ата жолын жалғап, ұстаздыққа бет бұрды.
Әрине, бүгінде жасы 85-ті алқымдап, бірнеше немереге ата болып отырған Амангелді Әбенұлы «Бала күнімде әкесіне еріп бара жатқан ұл-қыздарды көргенде жүрегім қан жылап, соғысқа талай лағнет айтушы едім. Қазір немерелерім қандай бақытты. Оларды жанындай жақсы көретін ата-әжелері, арқа сүйер әке-шешелері бар. Алла сендерге осы күндеріңді көп көрмесін, жайнап өсе беріңдер, заманымыз тыныш болсын деп», — ізгі лебізін үнемі білдіріп отырады.
Оның немерелері де бүгінде білім саласының өркендеуіне зор үлестерін қосуда. Айталық, Мейрамкүл Әбенова Шымкент қаласындағы Қазақтың химия-технологиялық институтын бітірген, қазіргі уақытта Тараз қаласындағы №16 мектепте химия кабинетінің лаборанты болса, Өмірәлі Есмаханов Тараз қаласындағы спорттағы дарынды балаларға арналған арнайы мектеп-интернатында тарих пәнінен сабақ береді. Ал Әмірәлі Әбенов Жайылма ауылдық округ әкімі болып жұмыс істеді, қазіргі уақытта Жайылма ауылдық балалар өнер мектебінің директоры. Бұған қоса Айнагүл мен Асқарәлі Әбеновтер де білім саласынан алыс кетпеген. Алғашқысы қазір жеке кәсіппен айналысып жүр демесеңіз, Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің қолданбалы математика факультетін және магистратурасын үздік аяқтаған. Ал Асқарәлі болса бүгінде ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының Жамбыл облысы бойынша филиалы, білім беру бағдарламаларын әзірлеу және ілгерілету кабинетінің меңгерушісі қызметін атқаруда.
Ата жолын жалғаған ұлағаты мол ұрпақтар сабақтастығы көпке үлгі. Олардың әрқайсысы тек өзгенің ғана емес, өздерінің ұл-қыздарына да саналы тәрбие беруде. Осы арқылы олар еліміздің демографиялық өркендеуіне де зор үлестерін қосуда.
Қ. Аманкелдіұлы,
журналист.
Сарысу ауданы.