Жақсылық жасап жарысқан жастар
Мойынқұмдық жастардың бастамасымен бірер жыл бұрын қайырымдылық қор құрылған. Жұмысын бастағанына көп бола қоймаса да, бүгінге дейін мұқтаж жандарға көрсеткен көмектері аз емес. Өткен жылы жалпы 5 миллион теңгеге қайырымдылық жасаған. Оның көбі қараша айынан бастап, суық түскенде табысы төмен отбасыларға көмір түсіруге жұмсалған.
Қор мүшелері әуелі өздері бас болып қаржы сала отырып, елден де жинайды. Әрине, әркім өз шама-шарқын шасада қасын береді. Жиналған қаржы қайда жұмсалғаны фото, видеоесеп пен қордың әлеуметтік желідегі парақшаларына жарияланады.
– Өздеріңіз білетіндей, ауданымыз облыстағы жалғыз газ тартылмаған аймақ. Сондықтан мұнда тұрғындар қыста от жағады. Қыстың алғашқы аязды күндерінде көмір түсіріп үлгермегендер сабылып қалатыны бар. Ондайда көпбалалы немесе тұрмыстық табысы аз отбасылар әбден қиналады. Біз осындай әлеуметтік жағдайы әлсіз отбасыларына арнайы барып, жай-күйімен танысып, қорға елден жиналған қаржыға көмір түсірдік. Кейбір кісілер көпқабатты үйде тұратындықтан отын-суын қоятын қоймасы жоқ. Оларға күнделікті жағатын отынын қаппен жеткізіп отырамыз.
Бір отбасына барғанбыз. Балалары үйде жиһаздың жоқтығынан сабақтарын жалаң еденде оқып отырғандарына куә болдық. Бірден инстаграмдағы парақшамызға салып, елден көмек сұрадық. Тұрақты демеуші болып жүрген кісілер үйде сабақ оқуға ыңғайлы партасын әперді. Сол үйдің мектепте оқитын қызы дүкенде сатушы болып жұмыс істейді екен. Күздің соңғы айындағы қара суықта жұқалтаң киіммен жүргенін көрдік. Оған да қыстық жылы күртесін қордың қаржысынан әпердік. Ақылы жоғары оқу орнында оқитын ауданымыздың бірнеше студент балаларына отбасылық жағдайына байланысты төлемақысын төлей алмай отырғандарын анықтап, оқу ақыларын төлеуге көмектестік. Тек биылғы қаңтар айының өзінде 400 мыңнан аса теңге осындай көмекке жұмсалды. Мұндай көмек көрсетуде тек Мойынқұм ауылымен шектелмей, ауданның басқа ауылдарын да қамтып жүрміз, – дейді қор мүшесі Ерқанат Сағадин.
Аудан жастарының басын қосып, қайырымдылық қорын құрып, бүгінде басшылық етіп отырған Жомарт Мырзабай мұндай іспен студент кезінен айналысқан екен. Нақтырақ айтсақ, 2017 жылы Алматы қаласы бойынша «Жақсылық жасап жарысайық» атты қайырымдылық қорын достарымен бірге құрған.
– Оқуымды тәмамдап, ауылыма келгеннен соң осындағы достарыма ойымды айтып ем, бірден қолдай кетті. Аудандық Жастар ресурстық орталығының аға инспекторы Ғабит Қанатұлы қор президентінің орынбасары болып, ұйымдастыру ісіне белсене көмектесті. Негізі қорда 8 адам бірлесіп жұмыс атқарамыз. Одан бөлек, аудан жастары қайырымды іс болғандықтан шын ниетпен өздері-ақ атсалысып жатыр. Біз қорға қаражатты демеушілерден банктің мобильді қосымшалары арқылы жинаймыз. Сондықтан қанша қаражат жиналғанын көрсетіп, демеушілерімізге есеп беріп отыру керек әрі сенімділік үшін әрбір жиналған қаражаттың қалай жұмсалғанын, кімге, нендей мақсатпен берілгенін суретке, бейнетаспаға түсіріп, әлеуметтік желідегі парақшамызда жариялаймыз. Әрине, көмек алған азаматтардың аты- жөнін, суреттерін өз рұқсаттарымен ғана көрсетеміз. Айта кетейін, демеушілеріміз де өз аттарын атағанымызды қаламайтындықтан, мобильді қосымшаға қаржы салғандардың аттарын көрсетпей жариялаймыз. Қорымыздағы 8 адамның ішінде ауданға қарасты ауылдарды аралап, шынымен көмекке мұқтаж адамдарды табуға міндеттілері бар. Тағы біреуі табылған кісілердің тұрмыстық жағдайын зерттеп, анықтайды, кім қандай қолдауды қажет ететінін де зерделейді. Соған қарай қорға жиналған қаражатпен көмектесеміз. Біздің басты мақсатымыз – ауданымызда тұрмыстық жағдайы төмен кісілердің қатарын азайту, яғни кедейшілікпен күресу. Мейлінше үйі жоқтарға да баспана әперуге тырысамыз, – дейді Жомарт Сәкенұлы.
Жақсылық жасап жарысып, туған елінің жағдайына бейжай қарамай қайырымды іске жұмыла білген жастардың ісі кім-кімді де тәнті етпей қоймайды. «Мойынқұм мүбәрак» қорының жас мүшелері «Адамның ең жақсысы – өзгеге пайдалы болғаны» деген ұстанымды ұран етіп жүрген ұйым.
Қамар ҚАРАСАЕВА, Мойынқұм ауданы