Жеңісті күндерің көп болсын, Жоламан!
Жас та болса өзінің спорттық мансабында жоғары нәтиже көрсетіп, аймақ намысын абыройлы қорғап жүрген жамбылдық спортшылар жетерлік. Мәселен, 18 жасар жерлесіміз Жоламан Биғабыл каратэден үш дүркін ел чемпионы атанып үлгерді. Бала күнінен- ақ спортпен шұғылданатын оның ендігі арманы ересектер арасында үздік нәтижеге қол жеткізу. «Әрине, ол үшін тынбай еңбектену керек», – дейді спортшының өзі. 55 келі салмақта өнер көрсететін саңлақ бүгінде облыс орталығындағы «Парасат» колледжінде білім алуда. Сабағын оқи жүріп сергектікті серік еткен оның әрбір қадамына әкесі Қуаныш пен анасы Шынар үнемі қолдау білдіріп отырады. Ал абырой биігінен көрініп жүрген шәкіртіне жеке бапкері Азамат Қойшыбаев білгенін үйретуден жалыққан емес. Нәтижесінде біздің жігіт небір дүбірлі додаларда қарсыластарын қоғадай жапырып, ө з мықтылығын дәлелдеуде.
– Каратэ – адам баласы үшін қарусыз қорғанудың бір түрі. Соңғы уақытта қазақтың қарадомалақ балалары осы спорт түрі бойынша сенім үде сінен шығып жүргені шын қуантады. Бәсі басым бәсекелерде өңір абыройын аспандатып, облысымызда спорт саласының дамуына перзенттік үлесімді қосу мен үшін де зор мәртебе. Спортты, оның ішінде каратэні таңдағаныма еш өкінбеймін. Жалпы, бұл спортпен айналысқаныма 11 жылдың жүзі болды. Алғашында әкемнің себепкер болуымен спорт үйірмесіне жазылдым. Уақыт өте каратэ менің жан қалауыма айналды. Бүгінде жеткен жетістіктерім де аз емес. Өз салмағымда үш дүркін ел чемпионы атандым. Әрине, бұған тоқмейілсуге әсте болмас. Сондықтан ата- ана, бапкерімнің ақыл-кеңесін тыңдап, еліме жеңіс сыйлау үшін алға ұмтылатын боламын, – дейді Жоламан.
Еске салсақ, жуырда ғана елордамыз Астана қаласында каратэден (WKF) юниорлар мен жастар (U21) арасында ел чемпионаты өз мәресіне жеткен еді. Сенім артқан саңлақтарымыздың арқасында біздің құрама бұл жарыста командалық есепте ІІ орынға табан тіреді. 46 спортшымыздың 5-еуі алтын, 6-ауы күміс, 6-ауы қолаға қол жеткізді. 16 өңірден келген «сен тұр, мен атайын» дейтін 441 спортшы бақ сынаған сайыста кейіпкеріміз үкілеген үмітті ақтады. Ол өзінің шын мықты екенін тағы да дәлелдеп, жеңіс тұғырына көтерілді. Жеңісті күндерің көп болсын, Жоламан!
Есен ӨТЕУЛІ, aqjolgazet.kz/