ТІСІ АЛТЫННЫҢ ІШІ АЛТЫН БОЛА БЕРМЕЙДІ

• Өтіп жатқан жылдар өтпейтін пышаққа ұқсайды. Өтпейтін пышақпен бір нәрсені егей-егей екіге бөлесің. Сол сияқты жылдарда егеліп адам өмірін екіге – жастық пен кәрілікке бөледі. Екіге бөлінген өмір шытынаған шыны сияқты, қайта бірікпейді, ақыры сынып тынады.
• Ғаріп кісі көңілшек келеді.
• Ауруханадағы адамға ауызша сәлем айту, айдалаға айқайлағанмен бірдей.
• Әйелдің әр қозғалысы, әр қимылы жұмбақ. Ол жұмбақты жаңылмай шешіп отыру кез келген еркектің қолынан келмейді.
• Көп адам қылкөпір үстінде кездескендей боп, ауруханада танысады.
• Тісі алтынның іші алтын бола бермейді.
• Жолдас денің сауда жаныңнан табылады, ал ауырсаң алыстап, өлсең ұмытып кетеді.
• Жақсы кітапты оқып шыққанда «Бәләй, қалай тез бітіп қалды?» деп өкінесің. Ал, жаман кітапты тауыса алмай діңкең құриды.
• Басы бұйра жігіт бас киімсіз жүреді.
• Бір тойда екі жар, бір заманда екі пайғамбар болмайды
• Қыз күйеуге кеткенше асығады; барған соң: «Бәләй үйден бекер кеткен екенмін» деп өкінеді.
• Шекесіне мүйіз шыға бастаған кезде бұзау сүзеген келеді.
• Сыйықсыз қыз сәнқой келеді.
• Өлмейтін кітап оқырман көңілңнде қалады, солардың жүрегінде өмір сүріп, солармен қоса қартаяды.
• Бұзақы бойжеткен жолдасының жігітін тартып алады.
• Бұзық еркек біреудің әйелін бұзып алады.
• Қараудың бәрі Қарабай емес.
• Әркім жеткен жеріне барады, жығылған жерінде қалады.
• Кінәмшіл қыз күйеусіз қалады.
• Сараң – алғанына, жомарт бергеніне қуанады.
• Адал әке ақыл айтпай тұра алмайды.
• Әкеге «Бұл менің ұлым!» деп мақтану оңай. Бірақ балаңды: «Бұл менің әкем!» деп мақтандыру қиын.
• Ауру жанға әкімдік қажет емес.
• Шындық үшін адам шоқ та басады, шоқпарға да жығылады.
• Данышпанға ділда байлық емес.
• Жас бала жөргекте тәрбиеленеді.
• Білімсіздігіңді байқату оңай, білгіштігіңді білдірмеу қиын.
• Балаңның тентектігін тыймасаң бұзықтыққа бастағаның.
• Жасында шапалақ жегеннің, өскенде өкініші аз болады.
• Өсек – өткір пышақ.
• Өткір пышақтан өсектің жарасы ауыр.
• Өсектен өрт тұтанады.
• Өсекші үйдің сыртында тұрғанымен, құлағы үйдің ішіндегіні естиді.
• Жаман әдет жұқпалы келеді.
• Нәпсісін тыя білгеннің несібесі толық.
• Өзін –өзі даттаған өзгеден мақтау дәметеді.
• Өзін –өзі мақтаған өзгенің мазағына ұшырайды
• Жақыныңа сүйкімдімін деп ойлау оңай, бірақ сүйіктісі болу қиын
• Адал досын арсыз жамандайды
• Аяқталған іске ақыл сұрамайды
• Арақ арықты да, алыпты да жығады
• Тәтті су шөл қандырмайды
• Керек зат тез жоғалады
• Өзің қырт болсаң – өзгенің соры, қатының қырт болса – өзіңнің сорың
• Ағармайтын шаш, ауырмайтын бас болмайды.
• Еріншектен көңілшек жаман.
• Еріншек жарымайды, көңілшек байымайды
• Жақсыға бөгеу, талантқа тұсау көп
• Тіл ақты қара, көпті дара ете алады.
• Өтірік айтпаса, өсекшінің іші кебеді.
• Өнегені өнеріңмен, үлгіні ісіңмен көрсет.
• Мылжың мақтанына семіреді.
• Ауру әйел айнаға қараса – жазыла бастағанының белгісі.

Әзілхан Нұршайықов