Әке-шешені қуантудың жолы көп
Ата-анаңды өзіне емес, өзгеге жасаған жақсылық көбірек қуантуы мүмкін.
⠀Ұл-қызы бір-біріне қамқор боп жүрсе, әке-шеше соған риза болады. Оларды шын қуантатын не бар? «Балаңыз жақсы» деген сөз екен.
⠀ «Пәленше сіздің балаңыз ба? Өткенде көшеде көрдім, жүгіріп кеп сәлем берді». «Бір ісім түсіп барып едім, шаруамды шешіп берді».
⠀ Мұндай сөз әкені жасартып жібереді. Ананың уайымын кетіреді.
⠀ Қоғамға пайдалы, ел сүйсінетін, жұрт тілекші болатын адам болсақ. Соны естіген әке-шеше сырттай қуанып, бақыттан басы айналып отырады.
⠀ Әке-шешені бақытты қылу әдемі көлік, жайлы санаторий, қымбат тонмен өлшене бермейді.
⠀ «Балаңыз не деген жақсы адам? Қалай керемет тәрбиелегенсіз?» Осындай риза қылатын сөзді айтқыза білуіміз керек. Міне, әке-шешенің үлкен бақыты — сол.