АНА ТІЛІМ-МЕРЕЙІМ!

Халықаралық ана тілі күні мерекесіне орай, Құмжота ауылындағы Ы.Алтынсарин атындағы орта мектебінде аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі және Балалар шығармашылығы және тәрбие орталығының ұйымдастыруымен өзге ұлт өкілдерінің арасында «Ана тілім — мерейім!» атты байқау өтті.
Байқаудың мақсаты-өзге ұлттар өкілдерінің мемлекеттік тілді оқып жүрген жоғары сынып оқушылары мен олардың ата-аналарының арасынан талантты, шығармашылықпен жұмыс жасайтын оқушыларды анықтау, оларға қолдау көрсету, туған жерге деген патриоттық сезімдерін ояту, мемлекеттік тілді құрметтеу, қазақтың салт-дәстүрлерін дәріптеп, басқа ұлттардың тілі мен дәстүріне құрмет көрсету.
Сайысқа Түймекент орта мектебінен орыс ұлты Е.Крючкова, Ғ.Мұратбаев атындағы гимназиясынан татар ұлты Р.Баязитов, Ы.Алтынсарин атындағы орта мектебінен түрік ұлты Г.Сарымамедова және №2 орта мектебінен Л.Левчук қатысып, өз өнерлерін көрсетті. Байқау үміткерлері өз ұлтының құндылықтарын ана тілінде және қазақ тілінде таныстырып, қазақтың салт-дәстүрлері мен өз ұлтының дәстүрлерімен салыстырып, қазақтың мақал-мәтелдерін жатқа айтып, жарысты. Әділ қазылар үздік өнер көрсеткендер арасынан жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табыстап, қатысушыларды Алғыс хатпен марапаттады.
Сонымен қатар, Қызыл жұлдыз ауылында өзге ұлт өкілдерінің қатысуымен «Бірлігі жарасқан тәуелсіз елім бар» атты фестиваль өтті. Онда әр округтен келген этнос өкілдері өз тілдерінде өнерлерін көрсетіп, салт-дәстүрлерді дәріптеген көріністер ұсынды.

Қуан Байжұмаев,
аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің бас маманы.