Жыр алыбының есімі ұлықталды
Жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 177 жылдығына орай Аса ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде аудандық бұқаралық спорттық іс-шараларды өткізу орталығының ұйымдастыруымен аудандық білім бөліміне қарасты орта мектептерде білім алатын оқушы қыздар арасында волейболдан аудандық ашық турнир өтті. Ғасыр ақынының өмірі мен шығармашылығын, өскелең ұрпаққа мирас еткен сарқылмас мол мұрасын насихаттау, бұрымдылардың тау тұлға туралы танымын кеңейту, спортқа баулу мақсат етілген жарысқа жалпы саны 20 команда қатысып, айналма жүйе бойынша өзара бақ сынасты. Тартысты да қызықты кездесулер өткізді.
Айтулы турнирдің жеңімпаздары мен жүлдегерлері ұпай саны арқылы анықталды. Ең көп ұпай жинаған №32 БЖСМ командасы бірінші орынды, Б.Кейкиев атындағы орта мектеп командасы екінші орынды, №1 орта мектеп командасы үшінші орынды иеленді. Өзіндік ойын өрнегімен көрермен көзайымы болған Б.Кейкиев атындағы орта мектеп командасының ойыншылары Айнар Жұманәлі «Үздік ойыншы», Айғаным Ақберді «Үздік үйлестіруші», Әдемі Жарылқасын «Үздік қорғаушы», №32 БЖСМ командасының ойыншысы Майра Батырханова «Үздік шабуылшы» атанды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер және үздік ойыншылар дипломмен, медальдармен, арнайы кубоктармен марапатталды.
Руслан Өтеп,
аудандық бұқаралық спорттық іс-шараларды өткізу орталығының әдіскері.
Жамбыл ауданы әкімдігі