Имандылық – тәрбиенің қайнар бұлағы

Қарағанды облысының Теміртау қаласы тектілеріміздің түлеп ұшқан ұясы екендігі баршаға аян. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев, Тұңғыш ғарышкеріміз Тоқтар Әубәкіровтар сынды есімдері әлемге әйгілі тұлғалардың осы қаладан еңбек жолын бастағаны белгілі. Бүгінде 300 мыңдай халық тұратын бұл қалада, мұсылмандардың екі зәулім мешіті халыққа қызмет көрсетуде. Қала халқының дініне деген құрметі, құлшынысы жаман емес. Әсіресе, жастарымыздың дініне деген ықыластары қуантарлық. Осы орайда қаламыздың Орталық мешітінің Бас имамы Ақылбек Алтынсариев мырзаменсұхбаттасудың сәті түсті. Бұл орталық мешітке Бас имам болып тағайындалған Ақылбек мырзаның келуіне көп уақыт бола қоймаса да, келгелі бері атқарып жатқан жұмыстарына байланысты бірер сұрақтар қойдық.

— Жаңа қызметіңіз құтты болсын, әрі қонысыңыз қайырлы болсын. Қаламыздағы мұсылман қауымның дінімізге деген көзқарастарынқаншалықты бағалайсыз? Жалпы осы Орталық мешіттің жұма намазына қанша жамағат қатысады?

— Тәуелсіз Қазақстанды жарқын болашаққа бастаған Елбасының берекелі бастамаларымен Ислам діні өркендеп, соның нәтижесінде елімізде сәулетті мешіттер күн санап бой көтеруде. Ел халқының 70-тей пайызын мұсылман қауым құрайтын елімізде, бүгінде 2500-ге жуық мешіт халыққа қызмет көрсетуде. Біздің мешітіміз де солардың бірі. Тыныштық пен тұрақтылық орнаған еліміздің халқы осынау бейбіт заманның, «Қой үстіне боз торғай жұмыртқалаған»-дай тыныштық әлемінде еш алаңсыз, уайым қайғысыз Аллаға құлшылық етіп, діни рәсми жоралғыларды күнделікті тұрмыс тірлігінің мызғымас бір бөлшегіне айналдыруда. Бұл, кең пейілді дархан мінезді халқымыздың пейіліне берген Алланың нығметі деп түсінген жөн. Сондықтан да, халқымыз бүгінгідей бейбіт заманның қадірін түсініп, Тәуелсіздігімізді еліміздің әрбір азаматы аялай білуі керек. Сонау кеңестік дәуір кезіндебіздің халқымыздың діни ахуалының әлсірегені рас, Алайда, сол кезеңдерде де халқымыз асыл дінінен ажырап қалған жоқ. Ал, тәуелсіздік алғалы бергі ширек ғасырда Аллаға шүкір дініміз қайта түлеп жаңғырды. Бұл халқымыздың асыл дінімізге деген құрметі, әрі сенімі деуге болады. Әсіресе жастарымыздың дініне деген ынта-ықыласы қуантарлық. Біздің мешіттегіжамағаттарға арналған намаз залымыз 400-дей адамға арналған. Бүгінде жұма намазына жиылған жамағат ол орынға сыйыспайды. Кейбір жұмаларда200-ден астам адам мешіт сыртында намаз өтеуге тура келетін жәйттер жиі кездеседі. Бұл дінімізге деген қала халқының ынта-ықыласы, әрі сүйіспеншілігі мен сенімінің айғағы деуге болады.

— Мешіттеріңізде жамағатқа арнап қандай уағыз насихат жұмыстарын жүргізесіздер?

— Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Бас муфти Ержан қажы Малғажыұлы Бас мүфти лауазымына сайланған сәттен бастап ҚМДБ-ның бағыт-бағдарын айқындайтын даму тұжырымдамасын жасауды қолға алғанды. ҚМДБ-ның білікті, діни салада тәжірибесі мол Ғұламалар Кеңесі мен Жоғарғы Төралқа мүшелері мемлекет мүддесін, заң нормаларын ескере отырып, мұсылман қауымының арасында орын алған мәселелерді кешенді түрде шешуге арналған Діни басқарманың 2020 жылға дейінгі қызметін дамыту Тұжырымдамасын қабылдады. Осы тарихи құжаттың басты міндеті — мемлекетіміздің рухани тірегі болған асыл дініміздің жалпыға ортақ адамгершілік қағидаларын насихаттау, дін өкілдерін, ұлттар мен ұлыстарды ынтымаққа ұйыстыру болып табылады. Бізде сол тұжырымдамамен бекітілген, уағыз жүргізуге арналған арнайы тақырыптар кестесі бар. Біз сол арқылы уағыздар жүргіземіз. Онда, халқымыздың басым көпшілігі ұстанатын ханафилік ілімге сүйенген мұсылмандық сенімнің нығаюын қазіргі қоғам дамуымен үйлестіре отырып, ислам дінін насихаттау көзделген. Сондай-ақ,ол құжатта мамандар дайындау, білім беру жүйесін жақсарту, кадрлық діни ахуалды тұрақтандыру және дәстүрлі дінімізді кеңінен насихаттау жұмыстары айқындалған. Біз негізінен сол нұсқау шеңберінде жұмыс жасаймыз.

— Нақты қандай жұмыстар жасап жатқандарыңызға тоқтала кетсеңіз..

— Қазіргі таңда кейбір адамдардың діни сауатсыздықтарының кесірінен , діни жат ағымдардың ықпалында кетіп жатқандығы ашщы болса да шындық. Соған байланысты біз ҚМДБ -ның тапсырмасымен, мешітімізде оқу ағарту жұмыстары бойынша, бір жылдық діни сауат ашу курсын ашып отырмыз. Әсіресе жастардың діни сауаттарын арттыру мақсатында, 200 -дей ер бала мен 50 -ге жуық қыз балаларға облыстан әдейі мамандар шақырып дәріс берудеміз. Сондай-ақ, жамағаттың сауатын арттыру 10 күндік семинар жұмыстарын ұйымдастырумен қатар, имам молдалардыңсауатын жетілдіру мақсатында, апталық және он күндік семинар жұмыстарын ұйымдастырып жүргізіп келеміз. Бүгінге дейін мешітімізден 120 — ға жуық шәкірт толықтай дәріс алған болса, қазір де 30 — ға жуық шәкірттеріміз дәріс алуда.

— Мешіттеріңіздің тарапынан атқарылып жатқан қайырымдылық шаралары қандай?

— ҚМДБ -ның біздерге жүктеген іс — шараларының бірі, осы қайырымдылық жұмыстары. Жергілікті жердегі қарттар үйіндегі қаттарға, жетім балалар үйіндегі жетім бөбектерге, сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі мүгедек жандарға мейірімділік танытып, қайырымдылық жасау біздің басты мақсаттарымыздың бірі. Әрине, шама-шарқымызша көмектер жасаудамыз. Сонымен қатар әр апта сайын қаламыздың бір мұқтаж отбасына бір айлық азық-түлікпен қатар, ай бойы керектенетін күнделікті тұтыну товарларымен қамтамасыз етіп отырмыз. Алдағы уақытқа жоспарлап отырған қайырымдық шараларымыз да баршылық. Оны атқарған соң айтпасақ, атқарылмаған істі қазір айту әбестік болар.

— Соңғы сұрақ. Алдағы уақыттарға жоспарлаған жұмыс жоспарларыңыз жайлы толығырақ айта кетсеңіз…

— Мен қызметіме кіріскелі бірер ай ғана болды. Әрине, мұнда Бас имам болып тағайындалып келген соң, мұндағы мешіттердің ахуалы, ондағы атқарылатын жұмыстардың барлық жауапгершілігі маған жүктелері сөзсіз. Маған дейін де мұндағы мешіттердің жұмысы айтарлықтай жақсы жүргізіліп келгендігін мешіт жамағаттары, мешітке келіп қызмет жасатушылар ризашылықпен айтысып жүр. Дегенмен, әлі де болса қолға алатын жұмыстардың баршылық екендігі байқалады. Әуелгі мұндағы имамдарды басқару мен олардың жұмыстарын бақылап қадағалауды басты міндетіме санаймын. Имандылықты, тәртіпті, үлгі-өнегелікті  өзімізден бастамасақ, өз жұмысымызды дұрыс атқара алмай отырып, өзгелерге имандылық тұрғыдан өнеге көрсетіп жөн сілтейміз деуіміз, әрине ағаттық болар еді. Алдағы уақыттарда уағыз насихат жұмыстарының ауқымын кеңейтіп, орта және жоғары оқу орындарының жастары арасында, діни тәрбиелік жұмыстарын уйымдастырмақпыз. Сондай-ақ, БАҚ-мен тығыз байланыста болып, олармен кездесулер өткізіп, айында бір-екі рет болса да мешітте атқарылып жатқан жұмыстар жайлы халыққа хабардар етіп отырсақ дейміз. Сондай-ақ, көктем шыға мешіттің айналасын абаттандыру, мешіт құрылысының әрлеу-сырлау жұмыстарымен қатар, жаз айларында мешітке келген жамағаттар далада дамылдап отыратын орындықтар  жасату дегендей , бірқатар жұмыстарды жоспарлап отырмыз. Әр апта сайын тазалық сембілігін ұйымдастырып, мешіттің маңын, сондай-ақ бейіт қорымға да тазалық жұмыстарын жасап тұруды қалыптастырмақпыз.

— Әңгімеңізге рахмет, еңбектеріңіз халыққа жұғысты болсын!

БАҒДАЛ АҚЫНҰЛЫ,

ҚР Журналистер одағының мүшесі.