РЕАНИМОБИЛЬ АВТОКӨЛІГІ ТАБЫС ЕТІЛДІ

Адам – қоғам байлығы. Адам денсаулығы ең қасиетті де құнды, қайталанбас қазына. Сондықтан да адам денсаулығы бүгінгі таңда басты мәселе ретінде мемлекет назарында тұрғаны белгілі.
Соның айғағы ретінде Байзақ ауданына жуырда ғана Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев іссапармен келген мезетте ажарлы емхананың жалпы жағдайымен таныса келе, алдағы уақытта денсаулық сақтау мекемесіне қажетті қолдаушылық болатынын айтқан болатын. Содан бері емхана озық медициналық құрал-жабдықтармен толығуда.
250 келушіге арналған аудандық емханаға «Таразстрой-2004» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тарапынан демеушілік көрсетіліп, серіктестік басшылығы емхана дәрігерлеріне жаңа озық неміс және итальяндық медициналық жабдықтармен жабдықталған реанимобиль автокөлігін сыйға тартты. Бұл көліктің ерекшелігі шақырылған кезде жылдам жетеді, сырқат жанға толық мамандандырылған көмек көрсетуге болады. Сондай-ақ автокөліктің іші тыныс алу параметрлерін бақылайтын портативті респиратор, дефибриллятор, қандағы оттегінің деңгейін тез өлшеуге арналған портативті құрал, электрокардиограф, глюкоза анализаторы, импульстік оксиметр сынды құрал-жарақпен жабдықталған.
Жағымды жаңалықпен бөлісе келген Жамбыл облысы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жанар Оспанова аудан жұртшылығы үшін бұл автокөліктің маңыздылығын айтып, дәрігерлердің халық игілігі үшін атқарып жатқан жұмыстарына тоқталып өтті. Сонымен қатар сөз алған «Таразстрой-2004» ЖШС-і директорының орынбасары Мәди Үзенбаев пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Ермековтер де өздерінің ақ тілектерін жолдады.
Жиын соңында серіктестік директоры Мейірбек Жүнісов су жаңа реанимобиль автокөлігінің кілтін емхананың бас дәрігері Жандос Рысқұловқа салтанатты түрде табыс етті.

Арайлым НАРБАТЫРОВА, Сарыкемер ауылы.