Ханталапай деген қандай ойын және оны қалай ойнайды?
Қазақта асық ойынның түрлері көп. Сондай ойындардың бірі қазақтың ежелден келе жатқан Ханталапай ойыны. Бұл ойынның басты ерекшеліктерінің бірі – ойынды тек ер балалар ғана емес, қыз балалар да ойнайтын болған. Ойынның ережесі бойынша төрт-бес үміткерден қатысады. Ойын үшін он асық таңдап алынады. Он бірінші асық өзгелерден ерекшеленіп тұруы қажет. Оның түсі не қызыл, не көк түске боялуы шарт.
Ойынның ережесі:
Ойын еденге жайылған киіз немесе тақыр кілем бетінде ойналады. Ойыншылар саны екеу болса қарама-қарсы, онан көп болса айнала отырады. Ойынды кім бастайтынын анықтау үшін, ойыншылар кезекпен хан асығын ортаға иіреді. Ханы алшы немесе үш рет тәйке түскен ойыншы ойынды бастайды.
Бастаған ойыншы барлық 21 асықты уысыны жинап, ортаға жайып салады. Асықтарды бір төбеге үйіп тастамай, не болмаса бір-бірінен тым алшақ шашып тастамай соғу, ойында жеңіске жетудің үлкен кепілі. Сондай-ақ, ойнап отырған ойыншы үндемей отыруы керек. Егер байқамай сөйлеп қойса, онда кезек келесі ойыншыға көшеді.
Асықтар ортаға соғылған сәттен бастап, бар ойыншылардың назары ханда болуы керек. Егер хан алшысынан түсіп жатса, ойыншылар «ТАЛАПАЙ» деп айқайлап, ортаға бас салып мейлінше көп асық жинауға тырысады.
Хан алшы түспеген жағдайда, ойындағы ойыншы соққан асықтардың арасынан, басқа асықтарды қимылдатпай, алшысынан түсіп жатқан асықтарды жинап алады. Сонан кейін ханмен позициясы бірдей жай асықтарды атып ала бастайды. Ату барысында хан алшы түссе, ойыншы атып алған асықпен қоса ханды да алады. Хансыз қалған көп асықты, ойыншы өз қалауы бойынша, кез келген біреуімен позициясы бірдей екіншісін атып ала береді. Асық ату барысында жоғарыда аталған шарттардың біреуі бұзылса (нысанаға тимеу, нысанаға да басқа асыққа тию, атар сәтте ататын асықты қимылдату т.с.с), кезек келесі ойыншыға өтеді.
Межелі ұпай санын (100-50 немесе 80-40) ойын жүргізуші алдын ала белгілейді. Межеге бұрын жеткен ойыншы жеңімпаз болып саналады.
Ойының соңына дейін ханға бірде-бір асық тимеуі керек. Себебі ол – хан.
Ойын барысындағы терминдер:
Алшы – асықтың ойық қыры үстіне қарап, тік тұрғанда аталатын позицияның атауы. Асық алшысынан түсуі сәттілік, шаттық, жеңісті білдіреді.
Тәйке – асықтың тегіс қыры үстіне қарап тік тұрғанда (алшыға қарама-қарсы) аталатын позицияның атауы. Тәйке түйе малының белгісі ретінде қолданылады, дәрежесі жағынан екінші орында.
Бүк – асықтың дөңес жоны үстіне қарап, етпетінен түсіп жатқанда аталатын позицияның атауы. Бүк қой малының белгісі ретінде қолданылады, дәрежесі жағынан үшінші орында.
Шік – асықтың шұңқыр құрсақ жағы үстіне қарап, шалқасынан жатық жатқанда аталатын позицияның атауы. Шік ешкі малының белгісі ретінде қолданылады, дәрежесі жағынан төртінші орында.
Омпы – асықтың тұмсығымен жер тіреп, тік шаншылып тұрғанда аталатын позицияның атауы. Асық омпысынан түсуі ойға да кірмеген, адам нанғысыз, аз ықтималды оқиғаның орын алуын білдіреді.
Асық иіру – бас бармақ және сұқ саусақпен асықты екі бұрышынан ұстап ортаға иіріп (айналдырып) тастау.