Өлең боп өрілген өмір
Бауыржан Момышұлы атындағы №45 қазақ классикалық гимназиясы – өңіріміздегі үздік білім ошағының бірі. Республикалық «Дарын» орталығының кубогын иеленіп, еліміздің «100 үздік олимпиадалық мектеп» қатарына енген гимназияда 2100 оқушы білім алуда.
Осынау білім ошағында Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Үміт Битенова, халықаралық «Шабыт» фестивалінің дипломанты Жұлдыз Бейсек, жас ақын Марал Хантөреқызымен кездесу өтті. Жиында мектеп оқушылары Үміт Қыранқызының «Кел, Наурызым!», «Ана», «Жаным апам» өлеңдерін жатқа оқып, «Ана», «Қыздар» әндерін орындады. Ақын Жұлдыз Бейсектің өлеңдерін де оқушылар нақышына келтіре оқыды.
Іс-шарада ақындарға түрлі сұрақтар қойылып, оған қалам иелері жан-жақты жауап берді. Аталған гимназияның белсенді оқушылары да танымал ақын әпкелерінің алдында өздерінің балауса жырларын оқып берді.
Іс-шараны аталған гимназияның директоры Фарида Шортанбекова қорытындылап, ақын қыздарға алғысын білдірді.
Есет ЖАҢАБАЙҰЛЫ