Такси жүргізуші келіншек

Қазіргі таңда алыс ауылдарға автобустар сирек жүреді, жолаушылардың негізгі тасымалдаушысы – такси. Сондай, ерекше кәсіпті меңгергендердің бірі – Гүлфайруз Ысқақова. Нәзік жан кейінгі 3 жылдан астам уақыттан бері Тараз қаласы мен Үшарал ауылының (Талас ауданы) арасына жолаушылар тасымалдап жүр. Көлік жүргізудің де өз қиындығы бар. Қыстың аязы мен боранында, жаздың ыстық шілдесінде шамамен 300 километр қашықтыққа жол жүру оңай болмаса керек.

Көлік жүргізу Гүлфайруздың қанында бар. Атасы – Көрпеш, әкесі – Ғазиз, нағашысы – Мешітбек, бәрі де кеңшарда көлік айдап, темір тұлпарды тізгіндегендер. «Көлік айдауға жастайымнан құмарттым. Оқушы кезімде әкеме «ГАЗель» сатып әперіңіз, елді тасып жүремін» дейтінмін. Сол арманыма жеттім» деп жымиды ол.

Гүлфайруз Ғазизқызы 2010 жылдары Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтын биология пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша бітірген. Дегенмен, дипломы бола тұра, көлік жүргізуді таңдапты. Тараздан өз ауылы Үшаралға қатынайды. Кей күндері жолаушылар көп болса, тәулігіне екі рет барып- келіп жүр. Гүлфайруздың үлкен ұлы Мұхаммед те көлік жүргізуді армандайды. Мұхаммеді, Айсұлуы мен Арафаты да жақсы маман болу үшін білім алуда.

Бір қызығы, такси жүргізуші Гүлфайруздың анасы Ақжарқын Бексұлтанова алты қызды өмірге әкелген «Күміс алқалы» ана. Жолдасы Ғазиз екеуі қыздарды жеткізді. Біздің кейіпкеріміз тұңғыштары болса, Ферузасы – кәсіпкер, Жансая – дәрігер, Ұлмерей – мейірбике, Ақжан – мұғалім. Кенже қыздары Ақнұр 11-сыныпта оқып жүр.

– Такси жүргізушісі болу – айтуға ғана оңай. Жолда көлігің бұзылады. Автоинспекторлар тоқтатады. Қосымша құралдар сай, құжаттарың дұрыс болуы шарт. Жолаушылардың ішінде мазасызы, ішімдік ішіп алып мінетіні бар. Барлығына да шыдаймыз. Себебі, өзім қалаған мамандық. Көп адамға көмегің тиетін кездер де болады. Індеттің кезінде Үшарал ауылында тұратын әкем ауырып қалды. Асқар тау әкешімді көлігімнің артқы орындығына жайлы жатқызып, Таразға жеткіздім. Бауырларымның бәрі қыз бала болған соң, менің көлік тізгіндегенім отбасымызға да қолайлы болды. 80 жастағы Мамық апамды да барам деген жеріне жеткізе қоямын. Әулеттің той-жиыны кезінде де, ауылда өтетін мерекелік шараларда да көлігіммен қызмет етіп жүрмін. Қысқасы, менің «қызыл қасқа» көлігім талайдың пайдасына жарап тұр, – дейді Тараз бен Үшаралдың арасын жалғап жүрген Гүлфайруз Ғазизқызы.

Есет ДОСАЛЫ