Тектіліктен тамыр тартқан тұлға

Көркем ойдың тұнығынан қанаттанып, рухани дүниемізге ілімнің сәулесін түсірген дара тұлға Баттал Жаңабайұлының есімі ерекше аталады. Қадірменді абыз ақсақал биыл өзінің тоқсан бесінші белесіне көтеріліп отыр. Ел алдында ержетіп, жұртының көз алдында жүрер жолын жалғаған Баттал ағаның бақытты балалық шағы болған жоқ. Талас ауданының Көшек деген ауылында сопы Жаңабайдың отбасында дүниеге келген сегізінші ұлдың алғашқы таңы арайланып атқаны ақиқат.

Табиғаттың тамаша шағын қарсы алған ұлдың балалық шағы бес-алты жасында Қызыләуітте жалғасты. Қыркүйек айында мектепке қамтылғанда бірінші сыныпта туған ағасы Мәмеш дәріс берді. Бесінші сыныптан бастап, Ақкөл орталау мектебінде оқуын жалғады. Алғашында жайлы басталғанымен, бірте-бірте заман сұрғылттана бастады. Көп кешікпей соғыс басталып, ер азаматтар әскер қатарына шақырылды. Солармен бірге бес бірдей ағасы Әйтбек, Атамқұл, Мәмеш, Бәйімбет, Сүлеймен де майданға аттанды. Төрт ағасы елге аман оралып, тек Сүлеймен ұрыс даласында мерт болып, Латвия елінің Урбас елді мекенінде жерленді.

Сұм соғыстың зардабы бала Батталға оңай тиген жоқ. Өзі жатып оқитын үйі де жайсыз болды. Сонау айдау жерден су тасыта ма, отын әкелдіре ме, әйтеуір тыным бермейді. Әке-шешесіне оқуды тастағысы келетінін айтқанда, әкесі бетін қайтарып тастаған. «Жігіт адамсың ғой, төзе біл» деген. Әке сөзін қайтару әулетінде жоқ болғандықтан, бәріне көніп, бәріне шыдады.

Ақкөлдегі сұрықсыз өмір ақыры аяқталып, өмірдің жаңа парағы ашылғандай болды. Жетінші сыныпты тәмамдаған соң, 1943 жылы Жамбыл қаласына ауысты. Әскерден қатты ауырып оралған Атамқұл ағасы бауыры Әйтбектің үлкен ұлы Әбдәлі екеуін «Оқуларыңды үзбеңдер» деп, қалаға алып келіп, үйіне жатқызып, Жамбыл атындағы орта мектепке беріп, өзі емделіп жүрді.

Ұлы жеңіспен соғыс та аяқталды. Баттал да мектепті тәмамдады. Сол жылы он екі бала мектепті бітіріп, өмір жолына, келешегіне батыл қадам жасады. Бірден Алматыға тартты. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін таңдады. Таңдаудан қателеспеген адам бақытты. Жолы болды, сынақтан ойдағыдай өтіп, студент атанды.

Студенттік өмірдің қызығы мен шыжығын қалай тауыса аларсың. Әбілмәжін Жұмабаев, Балғабек Қыдырбекұлы, Тұрсынбек Кәкішев, Серік Қалиев, Төлеубай Ыдырысов, Пернебек Бейсенов, Орақ Смағұлов сияқты азаматтармен білім сапарында қатарласып, бірге жүрген сол бір шуақты күндердің ұлағатын бүгінгі де еш ұмытпасы анық.

Болашақ журналистердің өндірістік практикадан өту үрдісі ол кезде де бар болатын. Баттал Жаңабайұлының Семей облыстық «Екпінді» газетіне бүйрегі бұрып тұруының да өзіндік себебі бар еді. Ол кезде Атамқұл ағасы Семей облыстық сотының төрағасы болып істейтін. Жататын үйі бар, қатар жүрген достары бар, бәрі де осы өңірде болатын. Бұл практика университетті бітіріп, қызметке келумен жалғасты. Курстас достары Қалиғаппас, Ғазиз және Баттал үшеуі бірден жұмысқа алынды. Осында жүріп Фарида есімді қызбен танысып, үйленді. Ол Мұхтар Әуезов оқыған Абай атындағы педагогикалық училищеге оқытушы болып орналасты.

Редакцияда алғашқы күннен алғыр журналист атанды, алдыңғы толқынмен тең дәрежеде еңбек етті. Әдеби қызметкер болып істеген бес айдан кейін жауапты хатшының орынбасары, бір жарым жылдан кейін жауапты хатшы қызметтерін атқарды. Одан кейін партия тұрмысы, үгіт және насихат бөлімдерін басқарды.

Дегенмен кіндік қаны тамған туған жерге деген бір күш тартатын да тұратын. Осы ойын мың толғанып барып, редакторға айтып көргенімен, болмаған. Жамбыл облыстық «Сталиндік жол» газетінің сол кездегі редакторы Ғайса Сармурзин Семейдегі «Ауыл» шипажайына емделуге келіп жүргенде «Екпінді» газетінің редакторына кіріп, сөйлескенімен де көне қоймапты. Кәрі шешесін, жас іні- қарындастарын бетке ұстап, соларға қарасуға, бағуға тиіс екендігін айтып, арыз жазғанымен де түк шықпаған. Енді қайтпек керек, не істемек? Ойлана келе, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің идеология жөніндегі хатшысы Оспановқа хат жазудан басқа амалы қалмады. Құдай жарылқап, Орталық Комитеттің бөлімінен жауап хат келеді. Хатшының рұқсаты болыпты.

1957 жылы табаны күректей жеті жыл еңбек етіп, редактор Беген Байсақаловтың қолы қойылған бұйрықпен Семейдегі қызметінен босап, Жамбылға оралады. Семейге жалғыз барып, отау құрып, Света мен Жүсіп есімді перзенттері өмірге келеді. Жамбыл облыстық газетіндегі жұмысы үгіт-насихат бөлімін басқарудан басталды. Облыстағы беделді басылымның бір қанатында қаламының қайратын танытып, лезде мұндағылардың көзіне ілікті. Редакцияның жұмысы күйдіретін ыстығы да, тоңдыратын суығы да жеткілікті, қаламы шабанға қиын, төселген қаламы ұшқыр журналистке қызық тірлік екендігі айдан анық. Міне, осы тірліктің тізгінін мықтап ұстаған қаламгер ағамыз қамшы салдырмай тер төкті. Бел ортада елеусіз қалып қойған жоқ, еңбектің және өмірдің бәйгесінде тұлпардай топ жарды. Сопы Жаңабайдың тектілігінен тамыр тартқан қабілет-қарымын танытты.

1962 жылы Жамбыл облыстық партия комитетінің нұсқаушысы, кейінірек идеология бөлімінің меңгерушісі секілді қызметтің тұтқасын ұстады. Үш жылдан кейін облыстық «Еңбек туы» газетінің редакторлық қызметін қабылдап алды.

Бұл қызметке келмес бұрын Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің лауазымды тұлғаларының алдынан өтуі тиіс болатын. Осы тәртіппен болашақ редактор Орталық Комитеттің бірінші хатшысы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың қабылдауына барады. Сол бір айтулы күнді Баттал Жаңабайұлы былай еске алады. «Қарағым, редакторлық деген өте жауапты жұмыс. Жауапты қызметті үлкен жауапкершілікпен атқар. Тілектеспін», – деп тілегін білдірді. Димекеңнің оң батасын алып, қуана ауылға қайттым да, редакторлық қызметке кірістім.

Баттал Жаңабайұлы бұл қызметті тура жиырма жыл үш ай бойы дербес зейнеткерлікке шыққанша атқарды. Бір ұрпақтың өмір жасына татитын осы мерзімде ол кісі қандай қиындық көрмеді десеңізші! Басылымға бас болып, ауыртпалығы мен азабын қара нардай көтере білген ерді айтсаңызшы! Ұзақ атқарған, аса жауапты бұл қызметтің ауыр- жеңілдігін, оңай-қиындығын өз балаларына қарата айтқан: «Журналист болсаң, мейлің бол, бөлімді басқар, орынбасар да бол, бірақ редактор болуды басыңа Алла жазбасын!» деген аманатын қайда қоярсың?! Мұны айтқызатын жайлар, сол уақыттарда көп болатын.

Басылымды басқарған жылдары не бітіріп, неге жетті? Жеткені көп, тындырғаны мол. 1972 жылы облыстық газеттің 50 жылдығы тойланды. Екі жылдан кейін оның 10 мыңдық нөмірі шықты. 1982 жылы газет «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды. Оны Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының төрағасы С.Ниязбеков арнайы келіп, тапсырды. Ол уақытта бұл басылымның абырой-беделі биік болатын. Баттал аға екі рет Құрмет белгісі орденінің иегері атанды. 1970 жылы Абай Құнанбаевтың 125 жылдығына, келесі жылы Жамбыл Жабаевтың 125 жылдығына арналған облыстық жиында баяндама жасады.

Басшының беделі әркезде сыналады, талай сынақтан өтеді. Олардан мүдірмей өту екінің бірінің маңдайына жазыла бермеген. Оған бір мысал. Қазіргі «Aq jol» газетінің ғимаратында бұрын облыстық атқару комитеті орналасқан еді. Облыстық партия комитеті қазіргі облыстық әкімдік орналасқан үйге қоныс аударғанда атқару комитеті обкомның босаған үйіне көшті. Облыстық атқару комитетінің босаған үйіне түрлі мекемелер таласты. Редактор Баттал Жаңабаевтың уәжі бәрінен басым түсіп, шетқақпай жүрген екі редакция мен облыстық телерадиокомитет орталық алаңдағы ғимаратқа келіп жайғасты. Бұл да ол кісінің Бәкең беделінің жемісі болатын. Редакция қызметкерлерінің тұрмыстық жағдайын жақсартуға, пәтермен қамтамасыз етуге жәрдемін тигізіп, талай мәрте қол ұшын берді.

Насыр Қоссейітов ағамыз СОКП Орталық Комитетінің Бас хатшысы Н.Хрущев деген фамилиядағы «р» деген әріп қалып қойғаны үшін обкомның талап етуімен жұмыстан қуылды. Бұған Бәкең қатты қиналып, араша түсті. Кейін Н.Хрущев қызметінен алынғанда басылым басшысы Насыр ағаны жұмысқа қайта қабылдағаны жұрттың есінде.

Редактор ағамыздың редакцияға журналистер таңдаудағы көрегендігін де айта кеткен ләзім. Қара шаңыраққа келіп, бағын сынағысы келген жастарға қамқорлық жасап, солардың таңдаулысын тап басатын. Мұса Рахманбердиев, Болат Мәуленов, Доқтырхан Тұрлыбек және Мұрат Сыздық секілді университет бітірген жас журналистерді бірден жұмысқа қабылдап, сенім артты. Бұл жігіттер редакция қабырғасында жүріп, талантты қаламгерлер болып қалыптасты. Мықты шығармаларымен елге танылды.

«Әркімнің де Құдай-әруағы, адам- әруағы бар шығар. Менің сүйенер-сыйынар, әруағым – Атекең ағам. Ойда-қырда жүріп біреулермен әңгіме бола қалған жерде «Осы кісі ағаны біліп қалуы ғажап емес-ау» деген оймен мен танысуды бастағаннан Атекеңнің інісі екенімді сөз арасына қыстырамын. Өйткені ағаны білетіндер болса «О, тектінің тұқымы екенсіз ғой, тамаша кісі еді» деп біраз әңгіме етіп тастайды. Маған керегі осы, мерейім көтеріліп қалады», дейді қаламгер ағамыз өзінің «Адам өмірі – бір күндей ғана» атты кітабында.

Шын мәнінде туралықтан таймаған, адалдықты таңдаған Атамқұл ағасы қандай еді?! Сот билігін саудаға салмаған төрелік пен әділдікті ту еткен өрелік қандай еді?! Тектілікті жалғаған, жақсылық жасаумен жүрегі нұрланған Жаңабайдың ұлы Батталдың толғана жазған дүниелері қандай десеңізші?! Редакторлық қызметте жүрсе де, шығармашылығын тастаған жоқ. Ақ қағазды жайнамаз етіп, қаламын қару етіп, өз оқырмандарына айтарын айтты, айтып та келеді. Қазыналы қария өзінің қазынасымен бөлісіп, «Сөз – құдірет», «Жақсылардың шуағы», «Адам өмірі – бір күндей ғана», «Мәуесі мол бәйтерек» атты төрт кітабын жарыққа шығарды. 95 жасқа келсе де, жұбайы Фарида апаймен бірге өзінің «Аq jol» газетімен күнделікті қауышады. Бәйбішесі оқып береді. Қарт қаламгер тыңдап, ой-пікірін білдіріп отырады.

Мен дүниеде үш нәрсеге қарыздармын. Бірінші – Аллаға, екіншісі – ата-анама, үшіншісі – ұстаздарыма. Ұстаздардың ішінде әсіресе, Баттал Жаңабайұлын бөле- жара айтқан болар едім. Тәлім бергендердің көрнектісі де, көркем ойлысы да, жүрегі нұрлысы да, байыпты да байсалдысы да осы кісі екендігін айта аламын. Қазақ университетін бітіріп келген жас маманды жатсынбай жылы жүрекпен қабылдаған, сенім артқан, адам танитын қасиеті қандай! Жүректен шыққан сөз қандай, жан дүниеңді еріксіз баурап алар үн қандай!

Неткен салмақты мінез, неткен сабырлы әдеп, ешкімде табылмас тамаша қасиет, қайталанбас ізгілікке толы кісілік өрнек, адамзатқа тән керемет келбет, көркем оймен сөз кестелеген білім-қабілет. Мұндай тұлғаға сүйсіне қарап, жаның рахат табады. Мұндай ұстаздың алдында жаман шығарма жазуға ұяласың.

Баттал ағам шын мәнінде қасиет қонған текті адам, облысқа қадірі бар адам. Менің шығармашылық кешіме де қарттығына қарамай келіп қатысты. Жаңа кітабымның тұсауын кесіп, ақжарма тілегін жеткізді. Ұстазым шәкіртінің кешінде сөз сөйлеп, журналист інісінің жеткен жетістігіне ризалығын білдірді.

– Қазір жиын-тойларға бармаймын. Талай шәкірттерім шақырды, барған емеспін. Денсаулығым да бұрынғыдай емес, кәрілігім тағы бар. Саған келгенім, сен тәуірсің, таңдаулы шәкіртімсің, жақсы інілерімнің бірісің, – деп ардагер ағам кітабыма байғазы берді. Қазыналы қарияға, бізді жаман жазбауға үйреткен, жақсы адам болуға тәрбиелеген ұстазыма алғысымды айтып, шығарып салдым.

Құдай беретінін мықты адамына береді. Сыйлығын жақсы адамға ғана бұйыртады, нығметтерін де аямайды. Сүйікті құлдарын ештеңеден кенде қылмайды. Алла қолдап, жарылқап келе жатқан бір адам болса, ол сөз жоқ Баттал қария деп айтар едім.

Мақұлбек МАЛДАРБЕКОВ,

Қазақстанның Құрметті журналисі.