Ғибратты ғұмыр

Біле білген адамға өмірдің әрбір сәті өнеге, әрбір кезеңі үлкен тәжірибе мектебі. Қазақ халқында әулетінің өркендеу жолында өзіндік ұстанымдарымен ерекшеленетін, тәлім мен тәрбиені ұштастыра отырып, ұрпақтарына ақыл-кеңесін аямай төгетін жанашыр адамдар – аталар мен әжелер екені хақ.

Осындай ғибратты ғұмырында ұрпақтарына өлшеусіз мұрасын қалдырып жүрген абыз ақсақалдарымыз бен даналық ойларымен сөз саптайтын ақ жаулықты әжелеріміз аман болсын!

Ата өнері балаға мұра демекші, қалам алып өз ойыммен бөлісуіме ғұмырында бір кісіге жетерлік өмірлік із қалдырған, заман ауыр кезінде аянбай тер төгіп еңбек еткен, ұрпақтарына саналы тәрбие беріп, жұртына абыройлы, қадірлі болған кәсіби қарт журналшы, Қазақстанның Журналистер одағының мүшесі, республиканың еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Жамбыл облысының Құрметті азаматы, облыстық «Аq jol» газетін 20 жыл бойы басқарған бұрынғы бас редактор Баттал Жаңабайұлы һәм өзімнің атам жайында болмақ.

Бүгінде міне, асыл қасиеттерді бойына сіңірген, биязы мінезді, жайдарлы, туған жерінің ғана емес, барша елі мен жұртының абыройын асқақтатқан өр тұлғалы ақсақал, аяулы да қастерлі, парасатты жан – Баттал Жаңабайұлы 95 жасқа толып отыр.

Баттал атам алғашқы еңбек жолын Семей қаласында – облыстық «Екпінді» газетінің редакциясында әдеби қызметкер болып бастап, одан кейін жауапты хатшының орынбасары, жауапты хатшы, партия тұрмысы және үгіт- насихат бөлімдерінің меңгерушісі қызметін атқарды.

1957 жылдың тамызынан бастап «Сталиндік жол», кейіннен «Еңбек туы», қазіргі «Аq jol» деп аталатын редакцияда үгіт-насихат бөлімін басқарды.

1962 жылдың сәуірінен Жамбыл облыстық партия комитетінде нұсқаушы, бөлім меңгерушісінің орынбасары қызметін атқарса, 1963 жылдың сәуірінен үгіт-насихат бөлімі меңгерушісінің әрі обком хатшысының орынбасары болып қызмет істеді.

1965 жылдың 6 ақпанынан 1985 жылғы наурызға дейін облыстық «Еңбек туы» газетінің бас редакторы қызметін абыроймен атқарды.

Жемісті еңбекпен талмай жұмыс атқарған Баттал Жаңабайұлы республикалық мәндегі дербес зейнеткерлікке шыққан соң, 1985 жылдың наурызынан кино жөніндегі облыстық кеңестің төрағасы, 1989 жылдың наурыз айынан «Бейбітшілік қоры» облыстық бөлімшесінің төрағасы міндеттерін атқарды.

1972 жылы республиканың еңбек сіңірген мәдениет қызметкері құрметті атағы берілді. 18 жыл бойы облыстық партия комитетінің мүшесі, облыстық кеңесінің депутаты болып сайланып, 40 жыл СОКП мүшесі болған.

Атамның еңбек жолында жеткен жетістіктері орасан. Осы кезеңге дейін қол жеткізген жемісті көрсеткіштері 1958 жылдан бері Совет Одағының және Қазақстанның Журналистер одақтарының мүшесі. Бір «Еңбек Қызыл ту», екі «Құрмет белгісі» ордендерінің, 38 медальдың және Қазақ елі Жоғарғы Кеңесінің, үш «Құрмет грамотасымен» және қастерлі де бағамды 6 төсбелгінің иегері.

Бүгінде Баттал атамыз әжеміз Фарида апаммен бірге ұл-қыздарының ортасында, немере-шөберелерінің қасында асқар таудай болып, немере ұлы Азиз бен келіні Ақтотының қамқорлығында күллі әулетімізге тәрбие, өнеге беріп отыр. Аллаға шүкір шөберелері Еркеназ бен Інжудің қолынан су ішіп, солардың арасында бақытты ғұмыр кешіп келеді.

Атадан – өсиет, анадан – қасиет демекші, атамның ғибратты әңгімелері мен өмірлік тәжірибесі бойынша ой бөлісетін сәттерін сағынып, қызметтен босай қалған кезімде сәлем беріп арнайы атам мен әжемізге барып тұрамын. Осындай әулетіміздің ұйытқысы, білікті маман, танымал жазушы, көрнекті тұлғаның ұрпағы болғанымды әрдайым мақтаныш тұтамын! Атамның жазған «Адам өмірі – бір күндей ғана», «Сөз құдірет», «Мәуелі бәйтерек» және «Жақсылардың шуағы» атты кітаптары қалың оқырмандарға ой саларлық құнды еңбектер.

Саят МАМЕШОВА,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті технологиялық факультеті «Химия және химиялық технология» кафедрасының аға оқытушысы.