АҚ ХАЛАТТЫ НӘЗІК ЖАНДАРҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

Қай қоғамда болсын әйелдер қауымының алар орны айрықша. Өйткені жер бетіндегі жақсылық, ізгілік пен ұлылық атаулының бәрі де әйел-ананың ақ сүті мен ақ ниетінен тарайды.
Көктемнің көрікті мерекесі 8 Наурыз – Халықаралық әйелдер күні аудандық емханада ақ халатты нәзік жандарға Жамбыл АОА кәсіподақ төрағасы Тәуіржан Мұсаев, бас дәрігердің ана мен бала жөніндегі орынбасары Айгүл Әбілдаева және АМАНАТ партиясы Жамбыл аудандық филиалының аурухана бастауыш партия ұйымының төрағасы Елемес Тәжікеев құрмет көрсетіп, төл мерекелерімен құттықтады.
Жиында сөз алған Т.Мұсаев:
– Ана – бейбіт тірлік пен бірліктің, жарқын болашаққа деген сенімнің, ізгілік пен мейірімділіктің ұйытқысы. Жарқын істердің бастаушысы, ырыс пен ынтымақтың алтын діңгегі. Сіздердің бойларыңызда нәзіктік пен сұлулық, ақыл мен парасат, төзімділік сияқты қасиеттер үндесе үйлесіп жатады. Еліміздің өркендеуі мен облысымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуында нәзік жандардың еселі еңбегі мен қажырлы қайратының қарымды үлесі жатыр. Қымбатты аналар, қыз-келіншектер!
Баршаңызды көктем мерекесімен тағы да құттықтай келе, Сіздерге зор денсаулық, мол бақыт тілеймін. Ана қуанышы, әйел қуанышы – үйдің, отбасының, Отанның мерейі. Әрдайым шат-шадыман күйде кешіп, бақ-берекелеріңіз арта берсін, — деді ол өз сөзінде.
Шарада 52 азаматшаға сыйлықтар табыс етілді.

Жамбыл ауданы әкімдігі