Көктөбенің көркі

Нұргүл апаны жақсы көремін. Әсілі, мерзімді басылымдарды бір нөмірін жібермей қызығып оқығаны үшін болар. Біздің бала күнімізде сондай еді. Газеттен бас алмайтын қасиетін әлі де тастамапты. Ауылға барған сайын жетпістен асқан апамның сөзінен, көңіл-күйінен соны байқаймын. Байқаймын да қуанамын. Нұргүл апаның үлкен қалалардан тауысқан оқуы болмаса да, әр жағдайға өзіндік көзқарасы бар, шыншыл, әділетті, білімді. Ауылда бір отбасының түтінін түзу ұшырып, шаңырағын шаттыққа бөлеп отырған ана. Қазір ауылдың анасына айналып келеді. Ешкімге жаманшылық ойламайды. Қолынан келсе кім-кімге де қол ұшын беруге әзір. Көктөбенің көркі!

Нұргүл апаны жақсы көретінімнің тағы бір себебі, анамның досы болғандығынан. Марқұм Күлбала анам жұртқа жаны ашып жүретін, қайырымы көп адам еді. Нұргүл апаның құлағы ауырлау. Көршілер бас қосқан жиын-той, соғымбасы, құдайы тамақта әйелдердің жайлап айтқан сөзін толық тыңдай алмай, әр кемпірдің аузын бағып, құмардан шыға алмай қалатын. Соны менің анам байқайды. Сол жиыннан қайтар жолда әйелдер айтқан әңгімені анам Нұргүл апаның құлағына құйып, жанын жадыратады. Екі достың әңгімесі жол бойы таусылмай, біздің үйге келіп жалғасатын. Есесіне Нұргүл апа да жадырап, көңілдегісін ақтара түседі. Қарапайым үй шаруасында жүрсе де Нұргүл апаның әңгімесі терең, әсерлі. Ауылға жасалмай жатқан кейбір жағдайды, кей депутаттардың жұртқа жаны ашымайтынын айтады, жемқорлыққа жол берген құлқынның құлы болғандарға наразылық білдіреді. Ол ғана емес, кітаптан, газеттен оқығанын әсерлі әңгімелерімен анамды баурап алады. Әкесі мектеп директоры болып, перзенттерінің жан-жақты болуын көбірек қадағалаған екен. Газет-журнал, кітап оқу – сол кезден қалған жақсы дағды болыпты.

Өмірлік серігі ауыр науқастан 55 жасында бақилық болғанда Нұргүл апа есеңгіреп қалды. Бұл 1992 жыл болатын. Ол кезде ол қырықтан жаңа асқан. Шиеттей бала-шағасын қалай жетілдіруді ойлап, көп қиналды. Сондай қиын күндерде оған менің анам демеу болды. Көмегін аямады. Тым құрығанда үйіне барып көңілін аулады. Араға он жыл салып, теміржол апатына ұшырап, Нұргүл апаның баласы Ерболат өмірден қайтты. Апаға бұл да өте ауыр соққы болды. Бауыр еті баласы ғой. Тұңғышы. Сол ауыр күндерде де анам Нұргүл апаның мұңын бөлісіп, қайғысына ортақтасты.

Дүние – кезек. Араға үш жыл салып Есен ағам қан ауруына ұшырап, аурухана төсегінде жылға жуық жатып, өмірден өтті. Сол қиын күндерде қасірет жамылған анама Нұргүл апа демеу болды. Екі көршінің достығы керемет еді. Осыдан он төрт жыл бұрын анам өмірден озды. Сол кезде Нұргүл апаның жоқтағанын, жылағанын көрсеңіз! Сай-сүйегіміз сырқырады. Шын достар еді ғой, олар.

Нұргүл апа қазір ауылда. Әділдіктің, шындықтың жоқшысы секілді. Ауылға барған сайын әуелі Нұргүл апаға амандасамын. «Ой, балам, жаз, жаза бер, сенің жазғандарыңды жібермей оқимын», – деп анам секілді аңқылдайды маған. Тебіреніп кетем. «Нұрлан ағаң ақын екен ғой. Өлеңдері терең. Ал Ақтоты «Ғұмыр- Дариядан» «Аr-Аi»-ға ауысыпты. Жақсы жазады. Негізінен шындықты жазыңдар» дейтіні бар. Өзіңнің бүкіл өміріңді, барлық жаңалығыңды біліп тұрған кісіден неге айналып кетпейсің. Қуанып, риза болып қаламын. Асыл анаммен қауышқандай күй кешемін. Анамның досы болған, сырын, ойын түсінген сіз аман жүріңізші, Нұргүл апа!

Мерзімді басылымдардың тұрақты оқырманы, газеттердің жанашыры Нұргүл апа ауылға сән беріп жүр. Ауылға ондай оқымысты апалар керек-ақ!

Есет ДОСАЛЫ

Талас ауданы