Сарбаздар анасына сый жасады
Күннен жарық, гүлден нәзік, мейірім мен ізгіліктің мекені – ананың аяулы жүрегі. Шұғыласын шашып, нұрын төгіп, ақ сүтін берген аяулы жанның қасында қорқыныш сейіліп, сенім күшейіп, әлем аяғыңның астына құлағандай мамыражай күй кешесің. Расында, ақ жаулығы желбіреп, ақ жүрегі елжіреген ақеділ пейіл иесі ана атаулының құшағы оттан ыстық. Ол құшақтың жылуы ешқашан тарқамайды, сөнбейді. Олар үшін ең асыл тілек – ұл-қызының амандығы мен мерейінің үстемдігі.
Халықаралық әйелдер мерекесіне орай, аяулы аналарымыздың біріне қуаныш сыйлау мақсатында ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Жамбыл облысы бойынша Шекара қызметі департаменті мереке қарсаңында ұлы әскерде жүрген ананың жүрегін нұрға бөлеп, сағынышын басу үшін тосынсый ұйымдастырды.
Төрт перзенттің анасы Олтынгүл Исмаилова көктемнің шуақты күнінде шаттыққа толы шұғылалы сезімге бөленді. Осыдан алты ай бұрын ол тұла бойы тұңғышы, егіз ұлдарын Кемран мен Эмран Исмаиловтарды Отан алдындағы борышын өтеуге шығарып салған болатын. Әке-шешесі қос ұлын қанша сағынғанымен, әскери заң қатал, ал тәртіпке бағыну қажет. Мерзімі бітпей кездесу сәті түспейтіні айдан анық. Енді олар ұлдарының борышын өтеп, аман-сау үйге оралғанын күтіп жүрген.
Наурыз айының мамыражай түнінде ана жүрегі түс көреді. Түсінде үйінің ішіне әппақ қар жауып тұр екен. Таңертең отағасына: «Түсімде үйдің ішіне ақ қар себелеп жауып тұрды. Бір жақсылық болады» деп қуана жеткізеді. Біршама уақыттан соң әлдекім қоңырау соғып
«Сізді мерекеңізбен құттықтайын деп едік. Азын-аулақ сый-сияпатымыз бар, соны табыс етейік. Мекенжайыңыз қандай?» деп сұрайды. Бойын әлдебір сезім билеген Олтынгүл іштей «достарымыздың әзілі болар» деп ойлап, мекенжайды айтып береді.
Біршама уақыт өткенде есік қағылып, департаменттің инженерлік қамтамасыз ету бөлімі басшысының орынбасары Арман Инкербаев бастаған топ кіріп келеді. Қонақтар ақжарма тілек айтып, отанасын құттықтап, алғыс білдіреді де, тосынсыйдан тосылып тұрғанда:
– Неше балаңыз бар? – деп сұрақтың астына алады.
– Төрт баламыз бар.
– Біз мұнда екі ғана балаңызды көріп тұрмыз. Басқа екеуі қайда? – деп тәптіштейді. Онсыз да толқып тұрған ана, екі ұлының әскерге кеткенін айтып, ауыз жиып болғанша, сырттан құшақ гүлдерімен егіз ұл сән- салтанаты жарасып кіріп келеді. Сол сәт қуаныштың көз жасы көл-көсір төгіліп, ыстық құшақтар айқаса кетеді.
– Журналистер мен әскери бөлім қызметкерлері біздің шаңырақты шаттыққа бөлеп кетті. Әулетіміз келін түсіріп, тойға дайындалып, туған-туыстың бәрі үйде жиналған едік. Әскери киімдегі кісілердің құттықтағанына разы болып, мәз-мейрам күй кештік. Ал соңыра ұлдарымды көргенде жүректегі сағынышым тұла бойымды шарпып өтті. Ана үшін өз балаларын құшағына алғаннан артық бақыт жоқ. Қызым Зарина егіз ағаларын «бірі – оң, екіншісі – сол көзім» деуші еді, оның тіпті қуанышы қойнына сыймады. Бүкіл отбасымыз үшін ең керемет мереке, ең ғажап тосынсый болды бұл, – дейді Олтынгүл.
Бала – әйелдің ең ғажап туындысы. Бұл жаны бөлек болғанымен, жүрегі ортақ, о бастан бір-бірін толықтырып тұратын, екі бөліп қарауға болмайтын, бірінсіз бірінің күні ғаріп – бүтін жаратылыс. Осы екі адам мәңгілік бірге болса, әлем бақыттың құшағында тербеле бермек.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ