СУ ҮНЕМДЕУ ТЕХНОЛОГИЯСЫН ПАЙДАЛАНУ ЗАМАН ТАЛАБЫ
Су тапшылығы әлемдік проблемаға айналғалы едәуір уақыт болды. Ал, осы су тапшылығын еңсеру жолында облыста өткен жылы су үнемдеу технологиялары 50,9 мың гектар (тамшылатып суару – 34,8 мың гектар, жаңбырлатып суару – 16,1 мың гектар) енгізілді. Ал биылғы жылы су үнемдеу технологияларын 57,0 мың гектарға дейін жеткізу жоспарлануда.Кейінгі кезде ағын сумен қатар, жерасты сулары да азайып бара жатқанын ескерсек, егістікті арықты суға толтырып, жаппай жайып суаратын ескі тәсілдің уақыты өтті. Арқаны кеңге салып жүре берсек, жаңа технологияны енгізбесек, егістіктен күтілгендей өнім ала алмайтынымыз тағы бар.Осыған орай, бүгін суару жүйелерін алудың жолдары мен қаржыландыру мәселелеріне байланысты арнайы жиын өтті. Жиын барысында ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрби Жігітеков облыста егістікті суландыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталса, «ҚазАгроҚаржы» АҚ Жамбыл облыстық филиалы директорының орынбасары Бекен Баймұратов суару жүйелерін қаржыландырудың тетіктері жайлы баяндады.Сондай-ақ, суару жүйелерін шығаратын компания өкілдері заманауи технологиялардың тиімділігі мен пайдасын түсіндіріп, өз тәжірибелерімен бөлісті.Аймақта су үнемдеу технологияларын толық көлемде енгізу су шығынын азайтып, суармалы жерлерді ұтымды пайдалануға мүмкіндік береді. Мәселен шаруаларды су үнемдеу технологияларын қолдануға ынталандыру үшін заманауи суару жүйесін сатып алуға және қажетті бүкіл инфрақұрылымды жүргізуге жұмсалған шығындардың 50% өтеуді көздейтін инвестициялық субсидиялау түріндегі мемлекеттік қолдау бар.Айта кету керек өткен жылы ауыл шаруашылығы алқаптарындағы су жүйелері мен каналдарды тазарту және қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу мақсатында 11,3 шақырымды құрайтын 10 су жүйелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 2,1 мың гектар суармалы алқап қалпына келтірілді.Одан бөлек, аймақта егіс көлемін арттыру мақсатында ұңғыма қазу арқылы жетіспейтін суды жер асты сулары есебінен қамтамасыз ету үшін 84 ұңғыма қазылып, 3,7 мың гектар алқап сумен қамтылды.Жалпы су тақырыбы алдағы кезеңде мүлде өзектілігін жоймайды. Сондықтан суармалы алқаптардың аумағын арттыру мен су үнемдеу технологиясын тиімді пайдалану — қазіргі заман талабы. Бұл бүгінгі өткен жиында айтылған ойлардың бастысы болса, мақсаты да осыған саяды.
Жамбыл облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы